Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында елдегі тыңайтқыш өндірісінің көлемін жылына 7 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар екенін айтты.
«Бізде минералды тыңайтқыштар аз қолданылады. Бұл – отандық агросектордағы өзекті мәселе. Биыл егіс алқаптарына бұрынғыдан екі есе көп тыңайтқыш себілді. Бұл – ғылыми тұрғыдан қажет тыңайтқыштың 41 пайызы деген сөз. Жалпы жұмыс қарқыны жаман емес. Бірақ біз агротехнологиясы дамыған озық елдердің деңгейіне ұмтылуымыз қажет. Сондықтан импортқа тәуелді болуды азайту керек. Өзімізде шығарылатын тыңайтқыштар ауыл шаруашылығын толық қамтамасыз етпейді, сұраныстың жартысын ғана өтейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елімізде құны 4 миллиард доллар болатын ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатқанын еске салды.
«Соның арқасында 7 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндірілмек. Осылайша біз ішкі нарықты толық қамтамасыз етеміз, ал артығын экспортқа шығаруға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек органикалық тыңайтқыш өндірісін дамыту маңызды. Халықаралық тәжірибеге қарасақ, қойдың жүнін суармалы жерге тыңайтқыш ретінде тиімді пайдалануға болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<