Президент тапсырмасы: Инвестициялық климатты жақсарту және бизнеске қолайлы жағдай жасауды жалғастыру

114

0

Сонымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен, өндіріс, инфрақұрылым, мәдениет және спорт нысандарымен танысты.

Сапар «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалын аралаудан басталды.

«Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар, облыс орталығы мен елді мекендерді абаттандыру жөнінде есеп берді.

Инвестициялық жобалар таныс­тырылып, Orient Ceramic KZO компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты, Fabe Agro жылыжай кешені, With You қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорны, Seven Rivers Technologies компаниясының шыны ыдыстар, Roсa Group компаниясымен бірлескен санитарлық-техникалық бұйымдар өн­дірісі және басқа да жобалар жөнінде баяндалды. Шыны кластерін дамыту, бу-газ қондырғысы, тау-кен байыту фабри­касы, кальцийлендірілген сода өндіру зауыты, тауарлы сүт фермасы жобаларын іске асыру жоспары жайында айтылды.

Өткен жылдың наурыз айында ашыл­ған 1000 орындық көпфункционалды «Өнер орталығы» бүгінде қала сәулетіне ерекше сән берген ғимаратқа айналды. Мұнда симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, шығармашылық кештер, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізілуде. Осы орталықта өңір жұрт­шылығымен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың жоғары даму қарқынына тоқталып, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылатынын айтты.

Мемлекет басшысы «Сыр жұлдыз­дары» шығармашылық-инновациялық академия­сын, «Қызылорда-нан» цехын, жылу-электр орталығын, 11 мың орындық жаңа стадионды, үстел теннисі орталығын, тарихи-өлкетану музейін көріп шықты.

Алдағы жоспарларды уақытылы және сапалы іске асыру, инвестициялық кли­матты жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Сапардан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, аймақ басшысы Президент сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға атса­лысқан азаматтарға және облыстық бас­қармалар мен мекеме қызмет­керлеріне алғыс білдірді.

– Мемлекет басшысының жоғары бағасы бірлесіп атқарған жұмысымызға, елдің бекем бірлігіне берілді. Жүктелген міндеттер ауқымды, сондықтан жұмыс қарқынын бұрынғыдан да күшейтуіміз керек, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

«СБ» ақпарат