Психикалық саулықтың маңызды мәселелері

169

0

Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні жыл сайын 10 қазанда атап өтіледі. 1992 жылы алғаш рет атаулы күн ретінде белгіленген, сол уақыттан бері медицинаның бір бөлігі саналатын бұл салаға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл күні қоғамның психикалық саулықтың маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыруға, стигманы азайтуға және мамандар, ұйымдар мен азаматтардың күш-жігерін біріктіруге бағытталған  іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бүкіләлемдік денсаулық қорғау ұйымының пайымдауынша, пси­хика саулығы дегеніміз – адам ақыл-ойының, физикалық және эмо­цио­налдық дамуының толыққанды же­тілуіне ықпал етуші күй. Қазір белең алып бара жатқан аурудың бірі – депрессия. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде 300 миллионнан астам адам осы ауруға шалдыққан. Жүйке жүйесі, психикалық денсаулық – бұл көптеген жан назар аударуды ұмытып кететін нәрсе. Стресс, көп мүмкіндікке үл­гіремін деп аптығу, психикалық ауыт­қулардың негізгі себебі екенін айтады мамандар.  Жыл сайын суицидтің 140 мың оқиғасы Еуропада тіркеледі. Мамандар оған Қазақстанды да жатқызады…

Атаулы күнге орай  облыстық психикалық денсаулық орталығында психиатр және нарколог дәрігерлер ара­сында «Облыстағы психикалық ден­­саулық қызметін дамытудың жаңа жолдары» тақырыбында конфе­ренция  өтті. Конференцияны орта­лық директорының орынбасары Ақтоты Әлназарова ашып, атаулы күн­нің маңызына тоқталып, сала маман­дарына жылы лебізін білдірді, кон­ференция жұмысына сәттілік тіледі.

Жиында психикалық денсаулықты сақтау принциптері, аутизм тақырыбы, психиатриядағы емдеу тәсілдерінің жаңа бағыттары және нашақорлықпен күресу жолдары бойынша баяндамалар оқылып, мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, «Амбулаторлық тәжірибеде шизофренияны емдеудегі инновация­лық тәсілдер» тақырыбында психиатр Н.Нұрпейісовтің баяндамасы тыңдалса, «Ұзақ әсер ететін анти­психотиктердің басқа дәрі-дәрмек­термен үйлесімі» туралы психиатр Н.Өтегенов хабарлама жасады. Сонымен бірге «Қоғам дертіне айналған синтетикалық есірткінің зар­дабы және онымен күресу жолдары», «Ойынқұмарлық және оның алдын алу», «Аутизм. Аутизмнің түрлері және ерте анықтау», «Нашақорлықты оңалтудың мақсаттары мен міндеттері» тақырыбында баяндамалар оқылды.

Жалпы психикалық денсаулық – бұл біздің өз әлеуетіміз бен қабілеттерімізді жүзеге асыру, күй­зелістерге төтеп беру, тиімді жұмыс істеу және қоғамға айтарлықтай пайда әкелетін әрқайсысымыздың жақсы өмір сүруіміздің негізі. Ол адамның өмір сүру процесінде әртүрлі күйзелістік жағдайлардан зардап шегеді, демек, бұзылулар мен ауруларға әкеледі. Қа­зіргі замандағы ақпараттың ша­мадан тыс көптігі, өмір ырғағының жыл­дамдығы мен әлеуметтік қысым психи­калық саулыққа тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл бағытта халықтың санасын өзгерту, психологиялық көмек­тің қолжетімділігін арттыру және стиг­маны азайту – мемлекеттің де, қоғамның да ортақ міндеті.

Мамандар психикалық саулықты сақтау үшін ұйқы мен демалыс тәртібін реттеуге, дене белсенділігін арттыруға, эмоцияны іште сақтамауға және қажет кезде маманға жүгінуден қорықпауға кеңес береді.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»