Бүгін, 30 қыркүйекте «Қайрат» командасын тарихи ойын күтіп тұр. Алматылық клуб Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіндегі екінші турда Испанияның «Реал Мадридін» қабылдайды. Қазақстандық жанкүйерлер асыға күткен бұл матч ел футболындағы ерекше оқиғаның бірі ретінде бағаланып отыр.
Әлемде корольдік клуб дегенде елең ететін жанкүйерлер саны аз емес. Олардың әлеуметтік желідегі парақшасына 400 млн адам жазылған екен. Демек сол азаматтар «Реал Мадридтегі» әрбір жаңалықты тұрақты түрде бақылап отырады деген сөз. Әрине, мадридтік команданың қаржылық әлеуеті жоғары. Құрамында қаншама жұлдыздар бар. Алған жүлдесін санап тауыса алмайсың. Атақ-абыройы аспандап тұр. Ендеше, мұндай беделді ұжыммен жасыл алаңда шеберлік байқасу әрбір команда үшін маңызды деуге толық негіз бар. Өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасына жолдама алған «Қайрат» үшін бұл үлкен сынақ әрі тәжірибе арттыруға сеп.
2015 жылы дәл осындай жетістікке елордалық «Астана» да қол жеткізген еді. Ол уақытта елімізге Испанияның «Атлетико Мадрид», Португалияның «Бенфика» және Түркияның «Галатасарай» клубтары келді. Өз тобында төртінші орынға табан тіреген астаналық футболшылар қазақстандық жанкүйерлер үшін ерекше қуаныш сыйлағанын ұмыта қойған жоқпыз. Ендігі кезекте «Қайрат» та көпшілік алдында өрнекті ойын көрсететіні анық.
Бұл кездесуді стадионнан тамашалауға 1 млн адам қызығушылық білдірген екен. Тіпті олардың қатарында елімізге жақын орналасқан Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан секілді елдердің де азаматтары бар. Билет бағасы 30 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін жетті.
Корольдік клуб Алматыға негізгі құрамын алып келді. Қақпада Тибо Куртуа, Андрей Лунин, Хави Наварро сынды тәжірибелі футболшыларға сенім артса, қорғаныс шебінде Давид Алаба, Рауль Асенсио, Альваро Каррерас, Фран Гарсия, Дин Хейсен, Давид Хименес секілді тасқамал ойыншылар бар. Ал жартылай қорғаныста Джуд Беллингем, Эдуарду Камавинга, Федерико Вальверде, Орельен Чуамени, Арда Гюлер, Дани Себальос, шабуылда Винисиус Жуниор, Килиан Мбаппе, Эндрик, Родриго, Гонсало Гарсия, Браим Диас, Франко Мастантуоно сынды майталмандар бар. Олардың қайсысы негізгі құрамда жасыл алаңға шығатынын бас бапкер Хави Алонсо бастаған бапкерлер құрамы шешеді. Қай-қайсысы да теңбіл допты ұршықша иіре білетін таланттар екенін білеміз. Бұдан бұрын Испания премьерасында «Атлетико Мадрид» клубына 2:5 есебімен ойсырай жеңілген корольдік клуб Чемпиондар лигасында ұпайдан шашау шығармауға тырысады.
«Реал Мадрид» Чемпиондар лигасының алғашқы турында өз алаңында Францияның «Марсель» командасын 2:1 есебімен жеңді. Алда әлі көптеген беделді клубпен шеберлік байқасады. Олардың қатарында «Ювентус» (Италия), «Ливерпуль» (Англия), «Манчестер Сити» (Англия), «Монако» (Франция), «Бенфика» (Португалия) және «Олимпиакос» (Грекия) клубтары бар. Мамандар сол себепті олар бүгінгі кездесуде жеңіске жетуге бар күшін салатынын айтады.
Алғашқы турда сырт алаңда «Спортинг» (Португалия) командасына 1:4 есебімен жол берген алматылық клуб енді «Интер» (Италия), «Арсенал» (Англия), «Брюгге» (Бельгия), «Олимпиакос» (Грекия), «Пафос» (Кипр), «Копенгаген» (Дания) клубтарымен ойнайды.
«Қайрат» сапында ойыншылардың жарақат алуына байланысты аздаған қиындық бар. Негізгі қақпашылар Александр Заруцкий мен Темірлан Анарбеков осындай себептерге байланысты жасыл алаңға шыға алмай жүр. Сондықтан «Реал Мадридпен» кездесуде қақпа тағы да 18 жастағы Шерхан Қалмырзаға сеніп тапсырылуы мүмкін. Оған қоса жартылай қорғаныстағы Георги Зариа да толық қалпына келген жоқ. Қазақстандық жанкүйерлер 17 жастағы Дастан Сәтпаевтың қандай деңгейде ойын көрсете алады деген сауалға жауап іздейді.
Бұл кездесуде бас төреші міндеті италиялық Марко Гуидаға жүктеліп отыр. Оған Джорджио Перетти мен Джузеппе Перротти көмектеседі. Төртінші төреші де сол елдің өкілі Симоне Соцца. Ойын 30 қыркүйек күні сағат 21:45-те Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Негізгі кезеңде барлығы 36 команда сынға түседі. Бірінші тур биыл 16 қыркүйекте басталса, сегізінші тур 2026 жылдың 28 қаңтарында болады. Ал плей-офф 16-18 ақпан, 1/8 финал 10-11 наурыз, ширек финал 7-8 сәуір, жартылай финал 28-29 сәуір, финал 30 мамырға белгіленген.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





