Қайраткермен кездесу

259

0

Фото: Автордан

Адам өмірінің де түзуі бар, бұралаңы бар. 1986 жылдың наурыз айында менің өмірімде де бұралаңның басталған кезі еді.

1985 жылдың тамыз айында аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметінен мамандығым бойынша №15 кәсіптік-техникалық училищеге барып, математикадан сабақ беріп, коллективтің алдында тұрған мәселелерін шешісуге бірден араласып кеттім. Мұнда жүзге жуық адам жұмыс істейді екен. Бұрын қызметтес болған Темірхан Бекжанов, Сансызбай Досполов сияқты ауданға белгілі азаматтар бар. Көп ұзамай қатарымызға «Жаңадария» газетінің редакторлық қызметінен босап Зордан Салықбаев келіп қосылды.

Бұл коллективте де үйренері бар азаматтармен кездестім. Олардың ішінде Болтай Тасыбаев ағамыздың орны бөлек еді. Бұрын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, кейін осы училищеге директор болып, мен барған кезде зейнеткерлікке шығып, «Қоғамтану» пәнінен сабақ беріп жүрген кезі екен. Ағамыз әлі қуатты, өткен өмірінен әңгіме бастаса бәріміз қоршап алып, ұйып тыңдайтынбыз. Бір күні әңгіме барысында:

– Байқаймын, саған осы оқытушылық жұмыс ауқымы аздық жасайтын сияқты, – демесі бар ма.

Ойланып қалдым. Ештеңе айта алмадым. Аздық жасап жүргені рас, дегенмен кім жұмыс бере қояды.
Содан бір сәтті күні Қызылордаға барып, Қонекене, Қазантаевқа сәлем бердім. Әңгіме арасында жауапты жұмыс істегім келетінін тілге тиек еттім. Ол кезде ауданда бірінші хатшы Биғали Қаюпов еді.

Ойымды толық түсінген Қонекең:

– Айтып отырғаныңның бәрі жөн. Басшылар қандай жұмыс берсе де, істеу қолыңнан келеді. Облыстық партия комитеті бірінші хатшысының қабылдауына жазыл, бар жағдайыңды жеткізіп айт. Сол кісінің бір ауыз сөзі ғой, – деп ақыл берді.

Ол кезде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков болатын. Жақында Жалағаш ауданына барып сайлаушылармен кездеседі екен.

Сол кездесу жиынында сөйлесем деген ой келді. Сөзімді алдын ала жазып, дайындыққа кірісіп кеттім. Ол кезде жауапты қызметке көтерілетін кадрдың бірінші кезекте орыс тілін білетініне ерекше мән берілетін. Осы талапты басшылыққа алып сөйлейтін сөзімді орыс тілінде дайындадым.

1989 жылдың қаңтар айының басында аудандық Мәдениет үйінде СССР Жоғарғы Советінің депутаттығына кандидат Еркін Әуелбеков пен сайлаушылардың кездесуі болды. Мәдениет үйінің іші лық толы халық, бірінші қатарға отырғанмын.

Сонымен жиналыс басталды. Президиумда сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Биғали Қаюпов және басқалар отырды. Жиналысты аудандық советі атқару комитетінің председателі Балғабай Имашев жүргізе бастады. Қолында қағазы, алдын ала дайындаған адамдарына біртіндеп сөз беріп жатыр. Сөйлейтін нышан білдіріп, қолымды көтерсем, иегінің астында отырған мені көрсе де көрмегенсіп сөз берер түрі жоқ. Сірә, сөз берсем бірдеңені айтып бүлдірер, деп қауіптенетін болуы керек. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, жиналыс басқарушысының сөз бермейтіндігіне анық көзім жеткен соң, кезекші сөйлеушінің бірі трибунадан түсуге бет алғанда, дереу орнымнан тұрып, рұқсатсыз трибунаға көтеріліп сөйлей бастадым.

Е.Әуелбековтің Арал теңізінің тартылуы адамзат баласына зиян екенін айтып, бұл мәселені көтеруде бастаушы болғанын айттым.

Облысты үшінші категориядан екінші категорияға көтергенін, Арал өңірін апат аймағы етіп жариялауды заңдастырып, облыс еңбекшілерінің еңбекақысына 30-50 процент аралығында өтемақы алуына қол жеткізгенін, мұның септігі көршілес Ақтөбе облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының кейбір аудандарына да тиіп отырғанын тілге тиек еттім.

Бұрын облыста қолданылмай жүрген шөлейттік коэффициент енгізілуі, Шиелі ауданынан уран, Жаңақорған ауданынан полиметалл кеніштерінің ашылуы, «Байқоңыр» ғарыш айлағы әскери басшыларының Сырдария өзеніне өнеркәсіптің лас суын ағызуын тоқтатуы да ерен еңбек еді.

«Құмкөл» мұнай кеніші, Жезқазған облысынан 25 жылға жалға жер алу, 1987-1990 жылдар аралығында 42 мың шаршы метр тұрғын үй, 280 орындық балабақша салу бастамасы баршаға аян.

Облыстық медицина орталығы ғимараты мен диагностикалық орталық құрылысының басталуы да – сол кезеңнің жетістігі.

Алғаш рет облыста қиыршық тас өндіру қолға алынғанына, «Рисмаш» зауыты, Қызылорда вагон жөндеу зауыты, «Ісмер» тігін фабрикасы іске қосылғанына, егін жинау науқанын қысқа мерзімде аяқтауға қол жеткізілгеніне тоқталдым.

«Қызылорда-Мәскеу» және «Қызылорда-Шевченко» әуе рейсін ашу облыс халқы үшін жақсы жаңалық болды.

Ойымды түйіндей келе аудан сайлаушыларын депутаттыққа кандидат Еркін Нұржанұлы Әуелбековке біркісідей дауыс беруге шақырдым.

Халық сөйлеген сөзімді қалай қабылдады, ол туралы ештеңе айта алмаймын. Әйтеуір ду қол шапалақтағаны есімде.

Ақпан айының ішінде аудандық партия комитетінен хабарласып, Е.Әуелбеков қабылдайды деген хабар келді. Айтқан уақытында бардым.

Хатшыға ойымды ашық айттым.

– Айбосыновқа қандай жұмыс берсең де мен оны қолдаймын, – деді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына. Шамасы менің қызметтен ығыстырылғаныма көзі жеткен болуы керек.

Қазақтың белгілі азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековпен бірінші және соңғы рет кездесуім осылай басталып, осылай аяқталған еді.

Басшының бір ауыз сөзі іске асып, 1989 жылы наурыз айында Жалағаш поселкелік советі атқару комитетінің председателі болып сайландым. Бұл қызметте 1 қаңтар 1998 жылға дейін болдым.

Жақсы адамнан көрген жақсылығымды бүгінгі ұрпаққа жеткізуді парызым деп санадым. Еркін Нұржанұлы өз ұлтының арыстандай айбатты, қайталанбас қайсар тұлғасы еді. Оның өмір жолы – ұрпаққа өнеге, қазақ халқының мақтанышы.

Заманына қарай адамы, әр адам өз дәуіріне ұқсас. Біреу оның жақсы жағын, біреу жаман жағын бейнелеуі мүмкін. Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарын абыроймен басқарған, Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбеков қазақ халқының кеңпейілдік, сабыр, салмақтылық, еңбексүйгіштік, арлы азаматтық, көсемдік сықылды жақсы қасиеттерін түгел қамтыған, елі үшін барлық күш-жігерін жұмсауға іштей серт етіп, іске белін бекем буған ұлы адамның бейнесін көзге елестетеді.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Жалағаш ауданының
құрметті азаматы