Құрметті жерлестер!
Жапон халқы – әлемге өзіндік мәдениетімен, тәртіптілігімен және жоғары жауапкершілігімен танылған ерекше ұлт. Олар ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүрлерін көздің қарашығындай сақтап, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән береді. Жапон қоғамында бала тәрбиесі тек білім берумен ғана шектелмейді, ең алдымен еңбекке баулу, табиғатты сүю, тәртіп пен ұқыптылықты қалыптастыру басты орын алады. Сондықтан да олардың әрбір іс-әрекетінен жауапкершілік пен мәдениеттілік айқын көрініп тұрады.
Жапонияда балаларды кішкентайынан бастап еңбекке баулиды. Мектеп қабырғасында олар тек сабақ оқып қана қоймай, өз сыныптарын өздері тазалап, айналасын күтіп-ұстауды үйренеді. Бұл – олардың бойында ортақ мүлікке деген құрмет пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Сонымен қатар, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу – жапон тәрбиесінің негізі. Осындай құндылықтар арқылы олар тәртіпті, мәдениетті, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеп отыр.
Бүгінде «жапондық сапа», «озық технология» деген ұғымдар бүкіл әлемде жоғары бағаланады. Бұл – тек ғылым мен техникадағы жетістіктердің ғана емес, жалпы халықтың күнделікті өмірдегі ұқыптылығы мен жауапкершілігінің нәтижесі. Жапондардың кез келген іске үлкен жауапкершілікпен қарауы – олардың табысының басты кілті.
Олардың бұл қасиеті спорт мәдениетінде де ерекше байқалады. Әлемдік футбол додаларында жапон жанкүйерлері матч аяқталғаннан кейін стадионда отырған орындарын тап-таза етіп жинап кетеді. Бұл әрекет – жай ғана тазалық емес, бұл – олардың ішкі мәдениеті мен тәрбиесінің көрінісі. Олар стадионды өз үйіндей көріп, құрметпен қарайды. Қазір Қызылорда қаласында кейінгі жылдары салынған заманауи үлгідегі әсем ғимараттар, әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандар, халықаралық стандарттарға сай «Қайсар Арена» стадионы, қаланың кіршіксіз тазалығы жөнінде бүкіл еліміз жақсы біледі. Аймақ басшысының бастамалары арқасында өңір барлық сала бойынша қарыштап дамуда.
Осыған орай, Қызылорданың «Қайсар» футбол клубының жанкүйерлеріне Үндеу жариялаудамыз. Біз де жапон жанкүйерлерінен үлгі алып, стадион мәдениетін жаңа деңгейге көтеруіміз қажет. Әрбір матчтан кейін өзіміз отырған орынды таза қалдыру – бұл біздің қаламызға, клубымызға және өзімізге деген құрметіміздің белгісі.
Стадионда мәдениетті сөйлеу, артық айқай-шусыз, балағат сөзсіз қолдау көрсету – нағыз жанкүйердің айнасы. Қарсылас командаға да құрметпен қарап, спорттық рухты сақтау – біздің деңгейімізді көрсетеді. Біз тек жанкүйер емес, өз қаламыздың, өз клубымыздың абыройын арқалап жүрген жандармыз.
«Қайсар» командасының жанкүйерлері әрқашан белсенділігімен, жанкешті қолдауымен танылып келеді. Енді осы қасиеттерді мәдениетпен, тазалықпен ұштастыра білсек, біз көпке үлгі бола аламыз. Бұл – үлкен өзгерістің бастамасы болмақ. Кішкентай әрекеттерден үлкен мәдениет қалыптасады.
Сондықтан барша жанкүйерлерді тазалыққа, тәртіпке және мәдениеттілікке шақырамыз. Әр матчтан кейін стадионды таза қалдырып, өзімізді жоғары деңгейде көрсете білейік. «Қайсардың» жанкүйерлері тек қолдауымен ғана емес, өнегелі іс-әрекетімен де елге үлгі болсын! Қайсарлық жанкүйерлердің асқан мәдениетін де Қызылорданың брендіне айналдырайық, құрметті жерлестер!
Ізгі ниетпен, спорт жанкүйерлері
мемлекет және қоғам қайраткері
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
ғалымдар Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
Бахытхан АБДИКАРИМОВ,
Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ.





