«Қайсар» түлектеріне сенім артады

289

0

Фото: Сыр спорты

Қай кезде де қызылордалық «Қайсар» өз түлегімен мақтанады. Жергілікті таланттар команда намысын абыроймен қорғап, оның жетістігіне үлкен үлес қосып келеді. Десе де кейінгі жылдары түрлі себеппен олар негізгі құрамнан шет қалды. Салдарынан қызылордалық жастар өз мүмкіндігін көрсете алмай жүрді.

Биыл облыс басшылығының ше­ші­мі­мен команда қазақстандық футбол­шыларға сенім артты. Оған жанкүйерлер де қолдау білдірді. Қаншама жылдан бері команда құрамында легионерлер де ойнады. Алайда олардың шеберлік деңгейі жергілікті жастардан жоғары болған жоқ. Айналып келгенде, «Қайсар» турнир кестесінде ортанқол клубтың бірінен аса алмады. Ендігі кезекте қызылордалық түлектер алғашқы минуттан жасыл алаңға шығып, қазірдің өзінде жеңіске жетуге зор үлесін қосып жүр.

Қазір мамандар қақпашы Нұрым­жан Салайдиннің шеберлігін жоғары бағалай бастады. Белгілі спорт жур­налисі Есей Жеңісұлы «Кейбір футбол­шылар өзінің уақытын күтеді. Нұрым­жан көп уақыт бойы командада екінші қақпашы міндетін атқарды. Енді мүм­кіндігі туған сәтте өзін жақсы қы­рынан таныта білді. Биыл көп ойында «Қайсардың» жеңісіне немесе тең түсуіне үлесін қосты. Қарсыластың көп соққысына тосқауыл болды. Дәл осындай сенімді ойын көрсете білсе, алдағы уақытта ұлттық құрамаға шақыру алуы мүмкін» деген пікірін білдірді.

Сондай-ақ жартылай қорғаушы Өр­кен Махан да былтыр негізінен қосалқы құрамда болды. Бас бапкер Виктор Кумыков биыл оны алғашқы минуттан алаңға шығарып, үлкен сенім артып жүр. Ол командадағы әріптестерінің гол со­ғуына мүмкіндік жасап, нәтижелі пас шығарып берді.

«Қайсарда» бірнеше жылдан бері капитан міндетін атқарып жүрген Думан Нәрзілдаевтан қазір жастар көп нәрсе үйрене алады. Қызылорда фут­болының түлегі ұзақ жылдан бері ел біріншілігінде тәп-тәуір нәтижесімен көзге түсіп үлгерді. Ұлттық құрама жей­десін киіп, бірнеше халықаралық ойын­дарға қатысты. Еліміздің «Ордабасы», «Каспий» секілді бірнеше клубында тәжірибесін жетілдірді. Ендігі кезекте өз клубының жетістігіне үлкен үлес қосып жүр.

Биыл жастар сапынан жартылай қор­ғаушы Саят Бақтыбай, Бекзат Құр­ман­бекұлы, Дінмұхамед Рүстемұлы секілді жастар жасыл алаң төрінде көбірек көріне бастады. Жас екеніне қарамастан олардың тәжірибелі қарсыласпен тере­зесі тең деңгейде ойын көрсетіп жүргені қуантады. Олардың болашағы алда деген ойдамыз.

Оған қоса командада Елжас Алтын­беков, Абылайхан Төлегенов, Нұр­дәу­лет Әмірбек, Бауыржан Мағжан секілді қы­зылордалық футболшылар бар.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»