«Қайсар» жеңісті жолын жалғастырды

213

0

Фото: Автордан

Қызылордалық «Қайсар» сырт алаңда «Атырауды» 2:1 есебімен жеңіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті. Қазақстандық футболшылардан жасақталған команда осылайша легионерсіз нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі барын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Олар өткен турда өз алаңында Түркістанның «Тұранын» (1:0) сүріндірген еді.

Рас, жерлестеріміз тоғыз тур бойы жеңіске жете алған жоқ. Төртеуінде тең түссе, бе­сеуінде қарсыласына есе жі­берді. Десе де өз алаңында «Қай­рат» және «Астанамен» тең түсуін жанкүйерлер жо­ғары бағалады. Енді команда өз ойын өрнегін тауып, үш ұпай­ға қол жеткізе бастады.

«Атырау» командасының биыл жолы болар емес. Қа­зірге дейін 12 кездесудің не­бәрі 1-інде жеңіске жетсе, 1-інде тең түсіп, қалғанында қар­сыласының ығына жығылды. Сондықтан атыраулық футболшылар «Қай­сармен» кез­де­суінде жан­күйерді қуантатын нәтижеге қол жеткізуге тырысатыны бел­гілі болатын.

Бірінші кезеңде командалар бір-бірінің қақпа маңында жиі шабуыл ұйымдастырды. Соған қарамастан таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Екінші кезеңнің 75-минутын­да «Қайсар» шабуылшысы Айбар Жақсылықовты аты­рау­лық қорғаушылар айып ала­­ңында шалып жықты. Тө­реші белгілеген пенальтиді Ай­бардың өзі мүлтіксіз орындады.

Ал 95-минутта «Атырау» ойыншысы Ринат Жұматов таразы басын теңестірсе, 96-минутта қызылордалық клубтан Айбол Әбікен жеңіс голын соқты.

Бұл жеңістен кейін «Қай­сар» турнир кестесінде 10 ұпай­мен оныншы орынға кө­терілді. Енді жерлестеріміз ал­дағы ойынын 31 мамырда өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» командасына қарсы өткізеді.

Димаш ТАЛҒАТҰЛЫ,

студент