1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Қалалық мәдени-демалыс паркі. Таңертеден осында жиналған тұрғындардың көңілі сергек. Әсіресе балалардың қуанышы ерекше. Талай жылдан кейін түбегейлі жаңғырып, заманға сай жасанған парктің келбеті қазір мүлде өзгерген.
Ашылу рәсімінде алдымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев сөз сөйледі. Балаларға тілектестігін білдіріп, Қызылорда облысының өңірлер арасында үлкен жетістікке ие екенін атап айтты. Мұнан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналған қауымды Балалар күнімен және мәдени-демалыс паркінің қайта жаңғыртудан кейінгі ашылуымен құттықтады.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау – мемлекетіміздің басты міндеті» деген болатын. Бүгін – аймағымыз үшін айтулы күн. Мерекеге орай қайта жаңғыртудан өткен қалалық мәдени-демалыс паркі, физика-математика мектеп-интернаты, музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылуда. Бұл – ұлтымыздың «Қазақ» атауының қайтарылғанының, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдық мерейтойына үлкен тарту.
Жаңа, әсем, заманауи парктің құрылысын сапалы жүргізіп, мерзімінде пайдалануға берген елімізге белгілі «BI GLOBAL» компаниясының ұжымына Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан шынайы алғысымды білдіремін. Егемен елімізді дамыту жолындағы абыройлы істеріміз, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өрелі жұмыстарымыз табысты болсын!
Балаларымыз аман, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Мереке құтты болсын! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жобаны сапалы әрі уақытылы салған мердігер «BI GLOBAL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев арнайы қатысқан салтанатты сәтте Мархабат Жайымбетұлы құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетейік, Президент бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облысымызда кең ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қала, аудан және ауылдардағы парктер, скверлер, аллеялар мен көпқабатты үйлердің аулалары жаңартылып, көркейтілуде.
Өңірдің сәулеттік келбеті жаңарып келеді. Кәсіпкер, меценат Асқар Әубәкіровтың демеушілігімен Қызылорда қаласының Орталық алаңы толық қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар демеушілердің қолдауымен Жаңақорған ауданында 790 млн теңгеге заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында 450 млн теңгеге «Еңбекшілер паркі» пайдалануға берілді. Мұндай демалыс орны жақында Қазалы ауданында да ашылып, тұрғындар игілігіне ұсынылды.
Қазіргі таңда Президент саябағын, Батырхан Шөкенов атындағы парк пен Қорқыт ата мемориалды аллеясын жаңғырту жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр.
«СБ» ақпарат






