Қайыр қылсаң, бүтін қыл

208

0

Ертеде итке сүйек қимайтын, қайырымсыз қатал бай болыпты. Өмір-бақи жиып-терген дүние-малы өз кеңірдегінен де жүрмей, лақ мұрны қанаса қатты қайғырады екен. Қайырымсыз бай қатыгез сараңдығымен есігінде жүрген жалшылардың зығырын шығарып, аздырып-тоздырып жібереді. Ең аяғында елден безген сараңның қара басы ығылым малға ие болуға шамасы келмей, жұмсаған құлы тіл алмай, өлуге келеді. Өрім-өрімі шығып, жалаң аяқ, жалаң бас қой соңында өзі жүріп, бір әдемі қобдишаға кез болыпты. Дүние көкейін тескен бай әп-сәтте есінен айырылып, әлгі қобдишаны ашып қалады.

Сол кезде қобдиша ішінен бұрқ етіп бу көтеріледі, әлгі бу құйынша бұратылып барып, үлкен жыланға айналады. Жылан бас көтерген сәтте не боларын күтіп, емініп тұрған сараң байды көреді де, сумаң етіп мойынына орала кетеді. Зәресі ұшып кеткен бай жыланнан шыбын жанын қиюын сұрап, зарлана бастайды.

– Жоқ, мен сені жеймін. «Жатқан жыланның құйрығын баспа» деген атаңның айтқанын тыңдаған жоқсың. Иманыңды үйіре бер, – дейді, жылан байды буындыра түсіп.

Бай малдың қызығына түсіп жүріп, кәлимәсін қайыруды да үйренбеген екен. Екі көзі алақтап жан-жағына қарайды. Сөйтсе ауылдың маңымен өтетін соқпақ жолдың үстімен бес адам кетіп барады екен. Бай ойбайын салады:

– Мені мына жыланнан құтқара көріңдер! Жасаған жақсылықтарың үшін бір марқа қозы беремін.

Бірақ бес адам бұл жаққа мойын бұрып та қарамай, жөнімен жүре береді. Бай алақтай бастаған шақта сол жолдың үстінде топырлаған отыз адам көрінеді. Қуанып кеткен сараң тағы да айғайға басады:

– Ей, адамзаттың балалары! Мені жылан шаққалы жатыр. Осы құрсаудан құтқарып, өмірімді сақтап қалған жанға құрбандыққа шалатын бір қойым бар. Құтқара көріңдер!

Отыз адам да қайырылып қарамай, алған бағыттарымен жүре береді. Тек ортасынан құдайына қараған біреуі бұрылып:

– Сол құрбандықты жыланға шал. Бәлкім, босатып қалар, – дейді.

Бай жыланға қой бермекші болады, бірақ қатуланып алған жылан оған да көнбейді.

– Жоқ, мен бүгін сені ғана сорып жатуым керек.
Шошып түскен сараңның жан даусы шыға айғайға салады. Осы кезде жер астынан белуарына дейін жоқ жарым-жарты бір кісі шығады да, қолындағы таяғымен ширатылып тұрған жыланды қақ басынан бір қояды. Тағы да буға айналған жылан кілт көтеріліп, қайтадан сандық ішіне сіңіп, ғайып болады. Сандықтың аузын жапқан соң сараң бай өзінің құтқарушысына қарап, аң-таң қалады.

– Ойпырмай, адамдар мұндай қатыгез болады екен ғой. Қой беремін десем де қайырылмады ғой. Анау маған көз қырын салмай өткен бес адамның кім екенін білесің бе? – деп сұрайды жарты адамнан.

– сенің бес уақыт намазың, – дейді жыланнан құтқарған кәріп жан.

– Намаз болса, маған неге қайырылмады?
– Сен тіршілікте бес уақыт намаз дегенді білген емессің. Сондықтан олардың саған рақымы түспеді.
– Жақсы, намаз қайырылмасын. Онан соңғы топырлаған отыз адам кімдер?
– Ол – отыз күнгі оразаң. Ораза ұстап, құдайға құлшылық етпегесін олар да қайырылмады.
– Сол отыздың ішінен біреу: «Қойыңды жыланға шалсаң, жаның қалар» деді ғой. Ол кім?
– Ол оразаның бір күнінде кездесетін қайырымды қызыр таңы.
– Ал, сенің өзің кімсің?
– Мен сізден кезінде кішкене қайыр көрген өлі аруақ едім. Жан даусың құлағыма жеткен соң көрімде тыныш жата алмай, көмекке келдім.
– Ал белуардан төменгі жағың неге жоқ?
– Сіздің тіршілікте берген қайырыңыздың өзі жарты күлше нан болатын. Менің жарымжан болып келуімнің себебі сол…
Ақсақалдар әңгімесін осылай қайыратын.

Еркін ӘБІЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.