Сыр өңірінің руханият көшіне өзіндік қолтаңбасымен қосылған талант, график суретші, ҚазКСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркемөнер академиясының академигі, ақын, Арал-Қазалы топырағының тел перзенті Қайырбай Зәкіров дүниеден өтті.
Қайырбай Қонысбайұлы Зәкіров 1945 жылы 25 ақпанда Арал ауданында дүниеге келген. Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемөнер училищесін, Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының көркем-графикалық факультетін бітірген.
Оның линогравюра, офорт, акватинта, литография, кескіндеме бағытындағы «Құс жолы», «Көкжиек», «Айтматовты оқығанда» сияқты сериялы суреттері қазақ бейнелеу өнерінің алтын қорын толықтырды.
Жұмыстары Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде, Ресей мен Еуропада, Жапония, Йемен, Франция, АҚШ және Қазақстандағы жеке коллекциялар мен галереяларда сақталған.
Қылқалам шебері шығармашылығын уақытпен, ежелгі әдет-ғұрып, салт-санамен, рухани сабақтастықпен, экологиялық мәселелермен байланыстырды. Көшпенділер өміріндегі, туған топырағындағы өзгеріске баса мән берді.
Қайырбай Қонысбайұлы жазған өлеңдердің тақырыбы да әрқилы еді.
«Шалқасынан туған ай» жыр жинағы оның поэзиядағы орнын айқындады.
Асыл аға, ардақты азамат, қазақ бейнелеу өнерінің қабырғалы қайраткері, Сырдың парасатты перзенті Қайырбай Қонысбайұлының жарқын бейнесі біздің жадымызда ұзақ сақталады.
Арал ауданының әкімдігі, Арал аудандық мәслихаты, Арал аудандық, қалалық ардагерлер кеңесі, Арал аудандық қоғамдық кеңесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<