Биыл облыста жол инфрақұрылымын жақсартуға 40 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Соның ішінде қалаішілік жолдар бойынша 20 жоба жүзеге асырылып, жалпы 55 көшеге асфальт төселді.
Сондай-ақ, шаһарда 4 басты көше кеңейтіліп, бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Салынған автожолдарың сапасын бақылау мақсатында жергілікті Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары 171 рет тексеріс жүргізіп, жол құрылыс материалдарынан 558 сынама алынды. Зертханалық сараптама қорытындысымен соның 13 пайызы талапқа сай болмай шықты. Анықталған 131 кемшіліктің 59-ы қайта қалпына келтірілсе, қалған сын-ескертпелер бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Ал аспаптық тексеру барысында анықталған 18 олқылықтың бүгінде бесеуі түзетілген.
«Жол құрылысына немқұрайлы қарайтын мердігерлер жоқ емес әлі де бар. Бірақ, өткен жылдың көрсеткішімен салыстыратын болсақ, салада оң өзгерістер байқалады. Былтыр жаңадан салынған жолдардың 20-25 пайызы талапқа сай еместігі анықталса, биыл бұл көрсеткіш небәрі 13 пайызды құрап отыр. Филиал тарапынан мердігерлер мен тапсырыс беруші мемлекеттік мекемеге анықталған кемшіліктер бойынша тиісті ұсыныс хаттар жолданды. Жол салушылар кепілдік мерзіміне сәйкес барлық ақауды жойып, түзетуі тиіс. Бұл нысандар біздің ұдайы бақылауымызда болады»,- дейді филиалдың жетекші сарапшысы Жанқожа Құдайберген.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<