Қала әкімдігінің баспасөз қызметі алаңында қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Мұхтар Жетілгенов жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, салада атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.
Бөлім басшысының айтуынша, биылғы алты айдағы көрсеткіш бойынша қалада тіркелген кәсіпкерлердің саны 35102-ге жетіп, оның ішінде жұмыс жасап тұрғандар 33519, яғни 95,5 пайызды құрады. Сонымен қатар, бүгінде кәсіпкерлік секторында жұмыспен қамтылғандар саны 69857 адамға жеткен. Ал өндірілген өнім көлемі 721 млрд 913 млн теңге, өсім 38,4 пайыз (200 млрд 228 млн).
– Биылғы қаңтар-мамыр айларында бөлшек сауданың нақты көлем индексі 103,9 пайыз, көтерме сауда 106,5 пайызды көрсетті. Жалпы 5 айдың қорытындысымен өнеркәсіп өндірісінің көлемі 217 млрд 743 млн теңгені құрап, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 38 млрд 117 млн теңгеге (107,5 пайыз) жетті.
Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 124 млрд 217 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 36,5 пайызды құрады. Қазіргі уақытта, осы жылға жоспарланған жылдық меженің 38,4 пайызы орындалды. Тартылған инвестицияның нәтижесінде қалада жалпы құны 233,6 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, – деді М.Жетілгенов.
Хабарлама барысында белгілі болғандай, 2025 жылдың І жартыжылдығында кәсіпкерлік саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, «Қызылорда Саз М» ЖШС-ның заманауи кірпіш шығару зауыты, «Қызылорда-Нан» ЖШС-ның нан-тоқаш кондитерлік өнім шығару кешені, машина жасау саласында «Марал-Нұр» ЖШС-ның вагон жөндеу депосы және «Панабек» ЖШС-ның жиһаз цехы іске қосылды. Бұдан бөлек, жақында «Rem Plast Invest» ЖШС-ның қағаз бен картон өндірісі, «Ayna Glass» ЖШС-ның жоғары технологиялы айна шығару зауыты, «Техоснастка-Ремсервис» серіктестігі мен «Тұмар» жеке кәсіпкерлігінің шағын өнеркәсіптік парктері, «Қаржаубаева» жеке кәсіпкерлігінің сауда үйі мен «Orhun Medical» ЖШС-ның медициналық орталығы жұмысын бастайды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу орталығы пайдалануға беріледі.
Тағы бір тың жоба, «With You E&C Kyzylorda» серіктестігінің Оңтүстік Корея технологиясы бойынша қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу, «Seven Rivers Technologies» серіктестігінің шыны сынықтарын қайта өңдеу және кәдеге жарату желісі бар шыны ыдыстарды шығару зауытының құрылысы бастау алады.
Қаланың сол жағалауында «Техоснастка-Ремсервис» жетекшілігімен және «Байқоңыр» ӘКК-мен бірлесе стационарлық базар құрылысы жүріп жатыр. Оның қасында өнім базасы және қойма салынуда. Осы жерден «Тұмар» жеке кәсіпкерлігі, шағын өндірісі іске қосылады.
Күнделікті көріп жүрміз, қазір қалада сауда базарларын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айталық, әмбебап базарларды жаңғырту жұмыстары аясында «Қанат» базары толық жаңғыртудан өтті. Ал өткен жылы қолға алынған «Сұлтан» базарының жаңғырту жұмыстары қазір аяқталуға жақын. Сонымен бірге, жаңғыртудың жол картасына енгізілген қалған 3 базардың құжаттары рәсімделіп, екінші деңгейлі банктермен несиелендіру бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Бұл жұмыстардың нәтижесінде базарлардағы сауда орындарының барлығы жабық базарға көшіріледі. Айта кетейік, жабық базардың артықшылығы – ондағы азық-түлік, жеміс-жидек, көкөністер және басқа да тауарлардың сапасы бұзылмайды әрі қызмет көрсету мәдениеті жолға қойылады.
– Тұрақты бизнес пен кәсіпкерлік бастамаларды қаржыландыру шаралары да оң нәтижесін беруде. Мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарының аясында «Ауыл аманаты» жобасы қабылданғаны белгілі. Биыл аталған бағдарлама аясында 238,83 млн теңгені құрайтын 34 жоба 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиемен қаржыландырылды.
Бұдан бөлек, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы арқылы «Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту» пилоттық жобасы аясында 293,5 млн теңгеге 7 жоба қаржыландырылды. Аталған ұйымның «Іскер» бағдарламасымен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерден 6 пайызбен несие алуға 266,73 млн теңгені құрайтын 30 жоба ұсынылды.
Саладағы қолдаудың тағы бір тетігі – екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлік мақсатта ұсынған несиелерін «Даму» қорының субсидиялауы жалғасуда. Биыл жалпы құны 3 млрд 691 млн теңгені құрайтын 64 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді.
Айта кету керек, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мемлекеттік бағдарламалары аясында бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын өсіп келеді. Сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайтып, қолдау алу үшін өтінім беру механизмдері автоматтандырылған жүйеге енгізілуде, – дейді бөлім басшысы.
Қорыта айтқанда, қалада кәсіпкерлік аясы кеңейіп келеді. Бұл – өңірдің экономикасын көтерумен қатар, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының тұрақтылығына оң әсер етеді. Әсіресе, уақыт талабына сай қолға алынып отырған тың жобалар аймақтың өндірістік бағытындағы өзекті мәселелерінің шешімі болмақ.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





