Қызылордадағы денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңа нысандармен толығып келеді. Кейінгі үш жылда құны 58 млрд 300 млн теңгені құрайтын 45 денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту жұмысы жүргізілді. Сырдың сол жағалауынан орын тепкен жаңа «Қан орталығы» – соның бірі. Былтыр жазда халық игілігіне берілген медициналық нысан бүгінде қарқынды жұмыс істеуде.
Облыстық «Қан орталығы» қаладағы және жеті аудандағы 17 медициналық ұйымды қан өнімдерімен қамтамасыз етеді. Жылына орта есеппен 13 000-нан астам тұрғын қан тапсыруға ниеттенеді. Соның ішінде 10 000-нан астамы қан тапсырады. Қалғандары денсаулығына байланысты және әртүрлі себеппен қан тапсырудан шеттетіледі. Былтыр донорлардан 8980,5 литр қан дайындалған, олар емдеу мекемелерінің сұранысы бойынша жіберіліп отырады.
Айта кету керек, бұған дейін «Қан орталығының» өз алдына жеке ғимараты болған жоқ. Облыстық көпбейінді аурухананың бір бөлігінде орналасқан еді. Жұмыс барысында орын тапшылығы сезілетін, санитарлық ереже мен норма талаптарына сәйкес келмейтін. Мәселен, инфекцияларды диагностикалау зертханасы, қанды тестілеу, сапаны бақылау, зарарсыздандыру бөлімшелері бір бөлмеден тұрды. Медициналық жабдықтар да өте тығыз орналасты. Ал санитарлық ереже мен норма талаптарына сәйкес 8-10 мың литр консервіленген қан дайындалатын орталықтағы инфекцияларды диагностикалау зертханасында 17, клинико-биохимиялық зертханада 10, изоиммунологиялық зертханада 12, сапаны бақылау бөлімшесінде 19 бөлме болуы қажет. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау аясында және облыс әкімінің бастамасымен орталық жаңа заманауи ғимаратқа көшті.
Жылына он мың адамға қызмет көрсете алатын нысанның аймақ үшін маңызы зор. Өйткені мемлекеттің негізгі мақсаты – ұлт денсаулығын сақтау.
Айта кетейік, құрылысқа республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген. Заманауи, зәулім ғимарат барлық талаптарға сай жарақтандырылған. Сонымен қатар 913 млн теңгеге заманауи үлгідегі медициналық құрылғылар, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қанның инфекциялардан таза, таза еместігін тексеретін соңғы үлгідегі заманауи автоматтандырылған ИФА, ПЦР аппараттары бар. Орталықта 96 қызметкер еңбек етеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде жалпы құны 10,2 млрд теңгені құрайтын 27 нысан салу көзделген. Жоба бойынша 2023 жылы 15, былтыр 12, атап айтқанда 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік және 1 медициналық бекет пайдалануға берілді. Сонымен қатар былтыр Шиелі көпбейінді аудандық ауруханасының қосымша және жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысына ҚР Үкіметінің резервінен 1,7 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарының 60-70%-ы орындалған.
Биыл арнаулы мемлекеттік қор есебінен Шиелі Арал, Жаңақорған, Қазалы көпбейінді аудандық аурухана ғимаратына қосымша құрылыс салу үшін 7 млрд теңгеге жуық қаржы бөлу жоспарланған.
2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жалағаш ауданы «Таң» ауылында жалпы құны 140 млн теңгені құрайтын дәрігерлік амбулатория ғимараты іске қосылса, Қызылорда қаласында жалпы құны 567 млн 200 мың теңгеге екі нысан іске қосылды.
2022 жылы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде республикалық бюджет есебінен құны 2 млрд 700 млн теңгеге ауысымына 250 келушіге арналған аудандық емхана ғимараты іске қосылды, дәл сол жылы ауылдық елді мекендерде 6 медициналық бекет (Арал ауданы «Тастүбек», «Жалғызағым» Қазалы ауданы «Жұбан», «Жалпақ», Шиелі ауданы «Тоғайлы», «Ақтам») салынды. Былтыр жергілікті бюджет есебінен 966 млн теңгеге Жаңақорған ауданы «Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса, 15 төсектік ауылдық аурухана ғимараты және 1 млрд 300 млн теңгеге Арал ауданы Сексеуіл кентінде 40 төсектік ауылдық аурухана пайдалануға берілді. Облыс орталығында 36 млрд 400 млн теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүруде. Сонымен қатар құны 410 млн 700 мың теңгеге Жаңақорған аудандық аурухана базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды, дәл осындай орталық Арал аудандық аурухана базасында ашылады деп күтілуде.
Облыстың барлық ауылдарындағы денсаулық сақтау ұйымдарына 245 жаңа санитарлық автокөлік алынып, жедел жәрдем мәселесі толықтай шешілді.
Саладағы инфрақұрылымның жақсаруы, материалдық-техникалық базаның нығаюы тұрғындар саулығын сақтауда түрлі озық әдіс-тәсілдерді енгізуге, бұрын-соңды болмаған күрделі оталардың жасалуына зор ықпалын тигізуде. Мәселен, бір ғана жыл басында жасалған бауыр трансплантациясы Сыр медицинасының мол мүмкіндігін аңғартса керек.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<