Қарапайым ережелер қаперіңізде болсын

7

0

Менингит жұқпалы аурулардың қатарында болғандықтан, алғашқы бел­гілері бірден білінбейді. Небәрі бірнеше сағаттың ішінде қозуы мүмкін, яғни бұл дерттің кезеңі өте қысқа.

Бастапқыда бас қатты ауырады. Жүрегі айнып, құсады, есін жоғалтады, не істеп жүргенін өзі білмейді. Басы айналады, жарық сәулеге сезімталдық пайда болады. Ас іше алмайды, тәбетін толықтай жоғалтады. Егер өршіп кетсе сіңірі тартылады.

Инфекцияның қанға таралғанын тері түсінің өзгергенінен, іштің түйіліп ауырғанынан, қол мен табанның температурасы түсіп кеткенінен, тері бөрт­кеннен, бұлшық ет пен буындар ауы­рып, дем жиілегенінен және дене қалты­рағаннан байқауға болады.

Егер осы белгілердің біреуі болса, міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгінген жөн. Дереу жедел жәрдем ша­қыртып, ауру белгілерін нақтылап айту керек.

Менингит өршіп кеткен жағдайда науқастың туыстары эпидемиологиялық тексерістен өткізіледі. Эпидемияның бар­лық жағдайында мұндай зерттеулер инфекцияның өршіп кетуінен сақтайды. Осыған байланысты эпидемиолог мамандар науқастың кіммен байланыста болғанын толығымен зерттеуден өткізеді. Себебі, кез келген адам ауру таратушы болғанымен, оның белгілерін сезбеуі мүмкін.

Өзіңіз бен балаларыңызды менингиттен қорғау үшін жеке гигиенаның қарапайым ережелерін сақтау керек. Тамақ ішер алдында қолыңызды, көк­өністер мен жемістерді мұқият жуыңыз, оларды қайнаған сумен шайыңыз. Тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішіңіз, ресми рұқсат етілген жерлерде шомылыңыз, шомылу кезінде суды жұтып қоймауға тырысыңыз, өйткені вирус сыртқы ортада төзімді және суда ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Адамдар көп жиналатын жерден аулақ болыңыз, бөлмелерді жиі желдетіңіз.

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жөн.

Дәмегүл ҮБІХОЖАЕВА,

ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының бактериологиялық зертхана зертханашысы