ҚАРАҚҰМ ҚҰРЫЛТАЙЫ

4

0

XVIII ғасырдың басы қазақтың елі, жері үшін қауіп төнген қатерлі жылдар болды. Шығыс жоңғарлары Ұлы жүз, Орта жүздің (Жетісу, Сырдарияның  біршама бөлігін) жерін шапқыншылықпен иеленді. Еділ қалмақтарының (торғауыттардың)  батыстағы тынымсыз шабуылы, Жайық пен Жемді жайлайтын Кіші жүз қазақтарын қан қақсатып мекенінен  ығыстырды. Халқына қатер төнген уақытта ел тірегі – хан-сұлтандар, билер, ақсақалдар, мәрт мінезді батырлар жан-жақтан шапқыншылаған жауларға тойтарыс беру мақсатында, 1710 жылы күз айында Арал өңіріндегі Қарақұм жерінің Сарыарқамен астасқан  биік құм төбесі – Құлжұмыр-Қасқатөбеде ту орнатып, үш жүздің басы қосылған құрылтай өткізді. Ақ киізге көтеріп хан сайланған  Әбілхайыр (Мұхаммед Қазы баһадүр Әбілқайыр хан Қажысұлтанұлы)  орда басшысы, табын Бөкенбай батыр әскерге қолбасшы болып  тағайындалды.Боз бие құрбандыққа шалынып, батырлар Отанын қорғауға отқа қан тамызып ант берді. Бұл оқиға тарихта «Қазақтың алғашқы құрылтайы – Қарақұм құрылтайы» деген атаумен қалды.«Алғашқы құрылтай»  жөнінде XVIII-XIX ғасырдағы Қазақстанның Ресеймен экономикалық және саяси байланысы туралы еңбек жазған тарих ғылымдарының докторы Н. Аполлова, жазушы, ортаазиялық жорықтарға қатысушы Н.Маев, орыс зерттеушісі Л.Мейер,орыс офицері, поручик Я.Гавердовский, т.б. шынайы тарихи деректер жазып қалдырды.

1711-1712 және 1716-1717 жылдар­дағы қайталанған соғыстар қазақ халқын әбден титықтатты.

1715 жылы қазақ хандығының өр­кендеп-дамуына тікелей басшылық жаса­ған Тәуке хан дүние салғаннан кейін, ел­дегі әртүрлі жағдайларға байланысты толассыз жоңғар шабуылы жеңіске же­тіп қонтайшы Сыбан Раптан ашкөз-аяр­лықпен бүкіл қазақ жерін жаулап алуға дайындық жүргізді.

1723 жылы қазақ даласын мешін­нің жұты жайлап қазақты «Ақтабан шұ­бырындыға» ұшыратқан жоңғарлар шапқыншылық шабуылын одан әрі жал­ғастырып 1725 жылы Ұлытауға жетті.

Танымал тарихшы И.Ерофеева «Ры­царь звания чести, казахский батыр Бу­кенбай Карабатырулы» атты тарихи ең­бегінде: «1726-1727 жылдары қазақ ба­тырларының бастамасымен, үш жүз­дің ең беделді, ықпалды өкілдерінің қаты­суы­мен Қарақұмда тағы бір құрылтай жиыны  өтті» деп пайымдайды.

Бұланты мен Білеуті өзендері аралы­ғындағы қиян-кескі соғыста орасан шы­ғынмен қазақ жасақтары жеңіске жет­кенмен жау шабуылы тоқтамады.Үш жүз­дің біріккен әскер қолы 1730 жылы «Аңы­рақайдағы» жанкешті, шешуші шай­қаста қазақ елін  ұлы жеңіске жет­кізді. Жоңғар, құба қалмақ, ойрат деп атал­ған  тұтас бір халық жер бетінен жойылды.

Қазақ халқы өзі көшіп-қонып жүр­ген ұлан-ғайыр ұлы даласындағы мемле­кеттілігін, экономикалық және мәдени қауымдастығын қанымен қорғады. Бұл жеңіс – Ұлы құрылтайдан бастау алып, Ордабасы жиынында жалғасқан ел бірлігінің нәтижесі – Тәуелсіздіктің Ұлы жеңісі.

Ерлік өнегелері тарихты нұрландыра түседі және ол өнегелер – адамдарды алға жетелейтін жарығы мол шамшырақтардың бірі.

Виктор Гюго

ТУТҰҒЫРЫМ – КИЕЛІ ҚҰЛЖҰМЫРЫМ

Атыңнан айналайын,Тутұғырым,

Кіндік кие, құндақты Құлжұмырым!

Тарих-керуен қомына сыр теңдетіп,

Ұлықталдың ұйытып сөздің мыңын,

Төбеңе қан тамызып, ант берген-ді,

Хас батырлар көтеріп  жорық  туын.

Боз биені  шалғанда құрбандыққа,

Атқылаған ақ сүті  көкке сауын.

Мал-жанның садақасы боз енесін,

Жанар талып ұзатты жетім құлын.

«Ел-жерім» деген дауыс

жаңғырығып,

Қақ айырды даланың құба жонын.

Ақ киізге көтеріп, хан сайланған,

Әбілқайыр басқарды қазақ қолын.

Жігер беріп жоңғарға аттандырдың,

Бөкен батыр бастаған ұлттың ұлын.

Қасыңда қасқаланған Қасқа төбе,

Туа біткен туысың – телқоңырың.

Атыңнан айналайын, Құлжұмырым,

Арқалатқан ғасырға жылдар мұңын.

Үш жүздің би, бектері кеңес құрып,

Ойластырған ел жайын,

ұрпақ қамын.

Бастау алып басыңнан ұлы жорық,

Азаттық алмастырды ердің құнын.

Таптатпай туған жерді бабаларым,

Жау қанына суарды қылыш жүзін.

Рухтары жүргендей көшіп-қонып,

Ғарыш жолдап тұрады азан үнін.

Дүниеде жоқ шығар сендей төбе,

Туға тұғыр жасаған қиыр құмын.

Айналаңда белгі көп, Құлжұмырым,

Зерделесем ұқтырар тылсым сырын.

Ұлағатың өнеге ұрпақтарға,

Дәуірлердің көтерген қатал сынын.

Солтүстік шығысыңда

Мұзбел жатыр,

Торғайдың қақпасына беріп қырын.

Арқаңда Бұлантының жазығы бар,

Ұлытау қойнауында бір тамырың.

Сарыарқаның самалы өбектеген,

Жанкешті шейіттердің тұл қабырын.

Желкеніңді көтерсе заман  үрлеп,

Білеутіге құйылар дерек-ағын.

Аймаңдай, асыл діңгек Құлжұмырым,

Аласартпай жатырсың ардың тағын.

Аңырақайда ұстаттың Жеңіс туын,

Мың өлсең де тіріліп сынбай сағың.

Ата-баба мұрасы – дәуір-бағым,

Атыңнан айналайын Құлжұмырым,

Биік сенің мәртебең, Тутұғырым!

P.S. «Құлжұмыр-Қасқатөбе» Қа­зақ­стан­­ның төрт облысы – Қызылорда, Ақ­төбе, Қостанай, Қарағандының  қиылы­сар тұсында орналасқан. Қазіргі таңда, сол жерден ғасыр жобасына баланған «Жез­­қазған-Бейнеу» теміржолы өтіп жа­тыр.

Айбатты қос төбе – Құлжұмыр-Қас­­қатөбе түбіндегі  «Промежуточная стан­ция» деген бекет «Мыңбала» бекеті болып өзгертіліпті. Бабалардың табаны тиіп ту көтерілген, ұлы жеңістің бастауы болған, ел рухын асқақтатып  Қазақтың алғашқы құрылтайы өткен киелі төбенің аты тұсындағы бекетке берілсе  тарихтың тағылымы болары хақ.  Әрі деректер ай­қындығына  сүйенсек  «Құлжұмыр беке­ті» деген атау нақтырақ болар еді …

ТҰРАН ДАЛАСЫ

1.Таным-Тағылым

Түріліп түн, алаулап таңы атады,

Күн нұрына бөленіп жер жатады,

Сәулесімен оятқан тіршілікті,

Жалқынына сыйдырып, ол батады.

Алқымына кептеліп туған айы,

Қияқтанып, көкке өрлеп, толысады.

Жарығында кейбір аң сезім шешіп,

Құдіреттің күшімен жұптасады.

Енді бірі жыртқыштың жем іздеген,

Жортуылдап жонында түн қатады.

Қызыл іңір-перизат, жерге түсіп,

Аспанды арбап, аялап  қабысады.

Күн мен түні некелі ғашықтардай,

Көкжиекте қездесіп, табысады.

Көбесі сөгілгенде тұнық түннің,

Шолпан туып, жұлдызды таратады.

Көгендеулі қарақшы –

«Жеті жұлдыз»,

Көзді тартып өзіне қаратады.

Темірқазық – бағдаршам төбедегі,

Төрт жағыңды түгендеп санатады.

Құс жолы – бір патшалық,

сиқыры көп,

Ағараңдап, ақ тұман  шұбатады.

Күлтелі, қыдырымпаз Үркер сұлу,

Бағытымен  өзгеріс аңдатады.

Құрсағын күй тербеген ғасыр-мекен,

Мамырлатып аққу-қаз қондыртады.

Төрінде өніп, толысқан Әму, Сырды,

Төркіндері  Тұранға ұзатады,

Сылаңдап, кемелденген

қыз-ғұмырын,

Айдынында Аралдың тоқтатады.

Қыпшақтың даласынан Торғайды

әкеп,

Тылсым дүние  Құрдымға  құлатады.

Ал, адамзат Тұранның төсегінен,

Сапар шегіп ғарышқа аттанады.

Адамдар – қобыз кеуде,

шешен-мерген,

Көздесе құралайды көзге атады.

Көрікші көрігінде қылыш жонып,

Шеберлері нақыштап, қындатады.

Дүрдана – аналары батырлардың,

Намысын түзде шыңдап, қайратады.

Қыздары ат үстінде садақ тартып,

Мәрттігі жаудың сағын сындыртады.

Тұраны – тұлға болған Томирисін,

Әлемге айтып, ұрпақты мақтантады.

Құсбегілер қыранын қиясында,

Томағасын сыпырып, шалдыртады.

Қу құмалақ қалдырмай сейістері,

Бәйге атына таңғы шық жалатады.

Жылдап аңдып ұядан Италаны,

Хас жүйрік  Құмайпора  ит алады.

Ежелден темір-мысты қорытады,

Ат-әбзелі, тұрмысқа жаратады,

Кәдімгі құрбақаның дәретіне,

Осып-осып суытып, жанытады.

Әрі ұстаз, әрі ана – Тұран әлі,

Қасиетін жаhанға танытады.

2. Атадан қалған бір түйсік

Тұранда ата-бабам көшіп-қонған,

Құт-берекет, ғажаптың бәрі болған,

Шегіренді, қыл жүйрік,құлан болған,

Кіндікте мүшкілан бар, бұлан болған,

Орамымен оралып көшіп жүрген,

Сойы бөлек, ордалы жылан болған.

Жүрісі желдей ескен сайларында,

Жорға жүйрік дуадақ, жек те болған.

Қабылан, барыс,мәліндер қамысында,

Жемсауы тоқ, алаңсыз жатып-тұрған.

Атты адамды сауытпен жұтатұғын,

Алпауыт, құлаш ауыз жайын болған.

Тұранның шөбі шүйгін, мың сан бұта,

Несібе, тіршіліктің көзі болған.

Жыңғыл, дүзген, сексеуіл белдерінде,

Бет қаратпас, қызулы шоғы болған.

Күшала, мия, құмаршақ құмдарында

Дертке дауа, қуатты дәрі болған.

Айта берсем таусылмас кереметі,

Бір ауыз сөз – Тұранда бәрі болған.

***

Қазақтың алғашқы, үш жүздің басы қосылып, ту тігілген ұлы құрылтайы 1710 жылы Құлжұмыр-Қасқатөбеде өтті.

Ол, Қостанай – Ақтөбе – Ұлытау – Қызылорда облыстарының түйіскен жері. Ордабасында жалғасып Тәуелсіз­діктің ұлы жеңісіне әкелген бұл оқиға қазақ әскерінің тарихы екені даусыз.

Автор.

ҰЛЫ ДАЛА ЖҮРЕГІ

(Құлжұмыр-Қасқатөбе)

Құба жон, қоңыр белдің қос төбесі,

Ұлы дала жүрегі – мәртебесі.

Үш жүзден ту тігіліп, кеңес өткен,

Хан, қараша, билердің  ол елесі.

Құлжұмыр – Қасқатөбе ұрпақтардың,

Тарихтан тағылым алар бір белесі.

Білек тіліп, қан қосқан асылдардың,

Жанын қиып қалдырған несібесі,

Қайғы жұтқан халқынан бата тілеп,

Құрбандыққа шалынған боз биесі.

Жоңғардың езгісінен кек алынып,

Мезгіл жеткен күйрейтін керегесі.

Бөкенбай қол бастаған  батырлардың,

Кеудесінен атылған кек жебесі,

Қолдарында айбалта, қылыш-найза,

«Аруақ» деп буылды бел кісесі.

Үш ғасыр қасқаланған Қасқатөбе,

Қазақтардың көз жасы hәм киесі.

Екі айрылған  бір жағы шөп-бұталар,

Тік биік,аппақ шағыл бір шүйдесі.

Кім біледі, бәлкім ол, адал жерде,

Қиылған  Күн мен Түннің ақ некесі.

Арқа тұсы астасқан жорықтарда,

Ұлытаудың Бұланты-Білеутісі,

Әскер жинап үш жүзге тіреу болған,

Кіндік-кие қазақтың қос төбесі.

Атыңнан айналайын, Жұмыр-Қасқа,

Ұлы дала жүрегі,  мәртебесі!

***

Сан  тараулы тарихымыз тоғысқан

ұлы  жол  ұлы далада жатыр.

Автор

ҰЛТ ЖАЙЛАУЫ, ҰЛЫҒЫМ, ҰЛЫ ДАЛАМ!

Киелі, ұлан-ғайыр, ұлы далам,

Ғажайып сырларыңа іңкәр ғалам.

Бір уыс топырағын, қарыс жерін,

Жанын беріп қорғаған жаудан бабам.

Басқаның таласына түсірмеймін,

Баға жетпес қазынам, асыл мұрам.

Ұлт сыйладың, тек бердің,

бай тілімнен,

Марсқа да өрнектеп көпір салам.

Жібек жолын жалғаған

жота-жонның,

Тарих-хатта ізі бар тарам-тарам.

Бір заманда жоғалтқан өзендерін,

Қайта шайқап тірілткен құрсақханам.

Олар – Сейхун, Танаис, Яксарт еді,

Мирасы – қайта өнген Сырдариям,

Тұранның шөлін басқан

Жейхун-Оксус.

Аралдың бір бұрымы – Әмудариям.

Теңізден  айрылғанда Үш шоқысы,

Жетімсіреп тұратын  Сыр-қариям.

Ұлтанынан тұз ұшып,  адамзатты,

Шырт ұйқыдан оятты үн-жариям.

«Аралды құтқарам» деп армандады,

Азаматтар жүйелеп небір толғам.

Табаны тамырланып теңіз келді,

Қайта айналып қасірет тозағынан.

… Құтқарды …, теңіз келді …,

енді аманат ,

Қарашығы көзіңнің, білгін балам.

Рухани жаңғыру – ұлт қуаты,

Қасиет, тұңғиық-сыр сенен табам.

Әлемнің ғылымына азық болар,

Ұлы істерің көп сенің, ұлы далам!

Бабалардың рухы қонақтаған,

Ұлт жайлауы, ұлығым, ұлы далам!

      Даража БАЛАПАН,

 Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі