Әлемде миллиондаған жылдар бойы жел, жауын-шашын және жердің қозғалысы әсерінен пайда болған ерекше үңгірлер өте көп. Ол үңгірлердің бірі түрлі әуендер шығарса, енді бірінің іші жұлдызды аспан сияқты жарқырайды. Мұз мүсін, жерасты ормандары мен көлдер және басқа да таңғаларлық ғажайыптарымен ерекшеленетіні де бар. Өңіріміздегі «Қатынқамал» үңгірі де өзіне тән қасиет пен ерекшелікке ие.
«Қатынқамал» үңгірі Жаңақорған ауданындағы «Бірлік» ауылынан 20 шақырымға жуық қашықта орналасқан. Үңгірді зерттеген мамандар қатты жер қозғалысы болып, жердің қақ айырылуынан пайда болған деген болжам айтады. Үңгірдің ауызы өте тар болса да, ішіне кірген соң кеңейіп, он екі қанат киіз үйдің көлеміндей кеңістікке жетеді. Одан әрі тау ішілік дәлізге жалғасады. Ұзындығы 18-20 шақырымға жуықтайды, яғни басы «Бірлік» ауылындағы Ақүйік өзенінен басталып, «Талап» ауылындағы Талдысу өзеніне дейін созылады. Ерте заманда осы екі аралықта адамдар қатынаған көрінеді.
Үңгір – адамзат баласына ортақ тарихы бар, ортақ жады бар жәдігер. Ерте дәуірден бастап сақталған ақпарат көзі. Ежелгі адамдар осы таудың қойнауында мекен еткен деген деректер бар. Оған дәлел – жартастарға салынған суреттер.
Үңгірлер көбіне қараңғы және қорқынышты жер секілді көрінгенімен, адамзат баласының алғашқы баспанасы болған. Сонымен қатар табиғат құбылыстарынан жасырынған, жабайы жануарлардан сақтанған, жаулардан қорғанған жері. XVIII ғасырдың басында жоңғарлар шабуыл жасағанда, әйелдер мен балалар осы үңгірге жасырынған. Ер-азаматтар түнде келіп, азық-түлік апарып тұрған. Осы зұлмат аяқталғанша үңгірді паналады. Сол себепті үңгір «Қатынқамал» аталып кеткен.
Жалпы «Қатынқамал» үңгірі –тек табиғи ескерткіш қана емес, мәдени маңызы бар, туристік әлеуеті зор нысан. Оның географиялық ерекшелігі, табиғат әсемдігі туризм саласының дамуына мол мүмкіндік береді. Ол үшін ең бастысы баратын жолды жақсарту қажет. Сонымен қатар қонақүй, демалу және тынығу жайларын салса, әсіресе қазіргідей жаз мезгілінде жайлы орынға айналар еді. Ал осындай тарихи жәдігерлер қасиетті Қаратаудың өн бойында аз емес.
Қуандық ҮСЕНБЕКОВ,
№293 орта мектеп мұғалімі,
тарих магистрі





