Қармақшыда макарон өндіріледі

1788

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысын көрді.

Алдымен аймақ басшысы Тұрмағамбет ауылдық округіндегі «Тұрмағамбет» ЖШС-нің қырманындағы күзгі егін жинау барысын қарап, жаңадан іске қосылған макарон цехының жұмысымен танысты. Шаруашылық биыл 2375 гектар жерге күріш, 385 гектар жаңа жоңышқа, 896 гектер ескі жоңышқа, 15 гектар соя, 3 гектар картоп пен 2 гектар жерге егін еккен. Шаруалар күріштің әр гектарынан 60 центнер орташа өнім алып отыр.

Биыл шаруашылық жанынан макаронның 5 түрін өндіретін жаңа цех іске қосылды. Цехта бір ауысымда 700 кг өнім өндіріледі. Өндірісте 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен бірге қыркүйек айында сым тор шығаратын тағы бір цех жұмысын бастаған.

Облыс әкімі Дауылкөл ауылдық округіндегі «Салима ана» балабақшасының жұмысымен де танысты. 2019 жылы салынған балабақшада 29 бала тәрбиеленуде. Бүгінде 88 орындық балабақшада 13 маман қызмет етеді.

Өңір басшысы мұнан кейін Ақжар ауылдық округіне ат басын бұрып, ауылдық клуб үйіндегі ауыл өнімдерінің көрмесін көріп, тұрғындармен пікірлесіп, елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралады. Бүгінде Ақжар ауылында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында көшелер жөнделіп, жарық шамдар орнатылған. Ауылда шағын және орта бизнесті дамытуға ниетті азаматтар қатары артқан. Биыл 5 азамат мемлекеттік бағдарламалар арқылы грант алса, 10 тұрғын «Бастау» бизнес орталығы арқылы білімін жетілдірген. Ауыл халқы қолөнер бұйымдарын өндіріп, шағын бизнес саласын дамытуға үлес қосып отыр. Облыс әкімі ауыл халқының қысқа дайындық барысын сұрап, отын қорымен қамту мәселесін реттеуді тапсырды.

Мұнан кейін өңір басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында №6 «Айсұлу» балабақшасының ғимаратына жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарын бақылады. 1975 жылы салынған 50 орындық балабақшада 50 бала тәлім алуда.

 Сонымен бірге, облыс әкімі аудандағы 1200 орындық №250 мектеп-лицейіне барды. Гүлшара Әбдіқалықова оқу ошағындағы карантин уақытындағы оқу процесін саралап, кезекші топтардағы оқушылардың білім алу жолына назар салды.

Жұмыс сапары соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімі Мұса Қалдарбековке карантин уақытынан кейін шағын және орта бизнесті әлі де дамытып, жергілікті азаматтардың кәсіп ашуына қолдау білдіруді жеткізді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған әлеуметтік даму картасы аясында жұмыс жүргізіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырды.

Сонымен бірге  короновирус пандемиясы кезінде сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігін қаперге салды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<