Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Оның бір дәлелі – аудан бюджетінің ұлғаюы. Айталық, жобалардың іске асуының арқасында қазына 9,8 млрд теңгеге артып, жыл қорытындысымен 22 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ өткен жылғы макроэкономикалық көрсеткіштердің барлығы 100 пайыздан жоғары қалыптасып отыр. Осы және өзге де ауқымды жұмыстарды аудан әкімі Жандос Еркінбек өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Қармақшылық диқандар 25 мың 513 гектар жерге егін егіп, былтырғы су тапшылығын да еңсерді. 13 мың гектарға жуық жерге күріш егіп, күзгі науқанда 71 мың тоннадан аса Сыр салысын қамбаға құйды. Сондай-ақ 950 отбасы 415 гектар жерге бақша еккен.
– Өткен жылдың қорытындысымен Қармақшы ауданы мал шаруашылығы бағытында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, «Мал шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен марапатталды. Бұған қоса «Жаңажол» ЖШС облыстағы «Озат егін шаруашылығы» номинациясын иеленіп, 17 мың тонна күріш өнімін тапсырды. Ал «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсында «Үлгілі ауыл» номинациясымен Ақжар ауылы ІІІ орынға ие болып арнайы техника алса, Қуаңдария елді мекенін абаттандыруға 15 млн теңгенің сертификаты табысталды, – дейді аудан әкімі.
Бүгінде Қармақшы ауданында 3211 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Өткен жылы мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен 60 жобаға 1 млрд теңгеге жуық несие берілген. Сонымен қатар, аудандағы жаңа бизнес-идеяларды дамыту, өз кәсіптерін бастау үшін әлеуметтік осал топтарға жататын 118 азамат 185,6 млн теңге қайтарымсыз грант алды.
2024-2025 жылдары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал және Ақай ауылдарында спорт кешендері іске қосылғаны белгілі. Жалпы аудан халқын қажетті инфрақұрылым, әлеуметтік ғимараттармен қамтуда іске асқан жоба көп.
– Бүгінде аудан халқының 75,2 пайызы табиғи газ игілігін көруде. Былтыр 7 млрд 172 млн теңгеге Дүр Оңғар ауылына «көгілдір отын» тартылды. Бұл жоба әрі қарай басқа елді мекендерді газдандыру үшін жалғасады. Иіркөл мен Төребай би ауылына газ желілерінің құрылысын бастауға бюджеттен 250 млн теңге бөлінді. Жұмыс алдағы уақытта басталады. Сондай-ақ 931 шақырым электр желісі және 146 трансформатордың тозу деңгейі – 80 пайыз. Өткен жылы Дүр Оңғар мен Иіркөл елді мекенінде құрылыс жүріп, электр желілері толық жаңарды. Осы жұмыстар жалғасады. Аудандық бюджеттен Қуаңдария, Ақжар, ІІІ Интернационал, Алдашбай ахун, Қармақшы ауылдарының электр желілерін қайта жаңғыртудың жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Ал ауызсуды айтар болсақ, барлық ауыл орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған, – дейді Жандос Еркінбекұлы.
Қармақшыдағы жол жөндеу, көше жарығы, жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары қарқынды. Қазір аудан орталығы мен ауылдарды байланыстыратын жолдардың жай-күйі толық жақсарған десек те болады. Былтыр автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына үш деңгейлі бюджеттен 1 млрд 570,5 млн теңге бөлініп, 23 шақырым жол жөнделген.
– Өткен жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 30 тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттен 990,2 млн теңге қаржы қаралып, жұмыс толығымен аяқталды. Байқоңыр қаласында 50 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысына 5,3 млрд теңге бөлініп, баспана пайдалануға берілді. Тағы бір маңызды құрылыс, Жосалы және Төретам кентіндегі теміржол вокзалдарын күрделі жөндеуге қомақты қаржы қаралған болатын. Осы құрылыспен бірге қазір қос вокзалдың аумағы толық абаттандырылуда, – дейді Қармақшы ауданының әкімі.
«Жүз жыраудың мекені» атанған Қармақшыда 34 мекеме халыққа мәдени қызмет көрсетеді. Былтыр тұрғындарға арналған мәдени-рухани шаралар өткен. Айталық, Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай өткен өнер байқауында Қармақшы ауданы І орынды иеленді. Сондай-ақ Алматы қаласындағы халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауында Жыраулар үйінің шәкірті Талант Балтабай «Жыр-терме» жанры бойынша бақ сынап, гран-при ұтқан.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»






