Қарт майдангерлерге – миллионнан

2050

0

Қызылордада екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 11 адам ғана қалды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жеңістің жетпіс алтыншы көктемінде олардың әрқайсысына миллион теңгеден материалдық көмек беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен 116,6 мың теңге қоса қарастырылып отыр. Еске салайық, бұл үрдістің басталғанына екінші жыл.

Сол бір сұрапыл жылдары тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін КСРО орден-медальдарімен марапатталғандардың әрқайсысына облыстық бюджеттен – 100 мың, аудандық немесе қалалық бюджеттен – 87,5 мың теңгеден;

Қайтыс болған соғыс мүгедектері мен оларға теңестірілгендердің, соғысқа қатысушылардың екінші рет некеге тұрмаған әйелдеріне немесе күйеулеріне – 100 мыңнан;

Тылда кемінде жарты жыл жұмыс істегендерге де осындай көлемде әлеуметтік көмек төленіп келеді.

Қарт майдангерлердің көбі Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданында тұрып жатыр. Арал, Сырдария мен Шиеліде бір-бір адамнан бар. Оларды облыс, қала және аудан әкімдіктерінің өкілдері санитарлық талапты сақтай отырып, үйлеріне барып құттықтайды.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<