Қастерлі Қызылорда

5

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Осыдан бір ғасыр бұрын алғашқы астана атанып, қазақ атын қайта жаңғыртқан қастерлі Қызылорда қаласында күні кеше тағы бір тарихи жиын өтті. Алаштың айтары бар алқалы қауымы Сыр елінің сәулеті мен дәулеті жарасқан бүгінгідей шырайлы шаһарда бас қосып, Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында кеңес құрды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай осымен бесінші рет шақырылып отырғанын, оның алғашқысы Ұлытауда, екінші жиын Түркістанда, үшінші басқосу Атырауда ұйым­дастырылып, былтырғы жиын Бурабайда өткенін тағы бір еске салды.

– Енді міне, қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сыр елі – ежелден өнер мен мәдениеттің, дәстүр мен әдет-ғұрыптың алтын бесігі. Мемлекет бас­шы­сы айрықша атап өткендей, еңбектің шынайы шыңына шыққан тұлғалар да осы өңірдің мақтанышы. 

Қызылорда облысы – заман талабына сай өсіп-өркендеп келе жатқан аймақ. Өткен жылы облыстың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өскен. Үш жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвес­тиция тартылып, былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылған.

Қасым-Жомарт Кемелұлы облыста әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп екеніне айрықша тоқталды.   

– Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмам­мен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі, – деді Президент. 

Айта кетейік, Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының сөзінен бұрын Парламент Мәжі­лі­сінің депутаты Нұртай Сабильянов, саясаттанушы Марат Шибұтов, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қар­лығаш Жаманқұлова, Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мем­лекеттік университетінің ректоры Лаура Қарабас­ова сараланған ұсыныс-пікірлерді жеткізді.