Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жұмыс сапары Қазалы ауданында жалғасты. Аймақ басшысы Әйтеке би кентіндегі орталық алаңда өткен мерекелік іс-шараға қатысып, жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтады.
– Баршаңызды жер-жаһанға шуақ нұрын шашып келген, жақсылықтың жаршысы, игі істердің бастауы Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз мерекесі Сыр жеріне толайым жаңалықтарымен келді. Биыл елімізде, өңірімізде мерейтойлар жылы десе де болады. Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі отырысын Қызылордада өткізуді ұсынды. Бұл тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге тоқталды. Оның ішінде облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асып, қомақты қаражат ең өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды.
– Былтыр Қазалы ауданы үшін де табысты жыл болды. Аудан бюджеті артып, тұрғындарды ауызсумен, электр энергиясымен, «көгілдір отынмен», тұрғын үймен қамтамасыз ету, жол жөндеу және абаттандыру мәселелері рет-ретімен шешілуде. Баршаңызды тіршілік жаңарып, табиғат түлеген мерекемен құттықтаймын! Ұлыс оң, ақ мол болсын! – деді облыс әкімі.
Көпшілік іс-шарада аудан дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Жұртшылықты Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов те құттықтады.
Ұлыстың Ұлы күнінде сәлем салу, тұсаукесер, ашамайға мінгізу және беташар дәстүрлері дәріптеліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Ұлттық тағамдар әзірленіп, тал егілді.
Жаңа «Жайлы мектеп» ашылды
Сондай-ақ осы күні облыс әкімінің қатысуымен Жанқожа батыр ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 300 орындық жаңа мектеп салтанатты түрде ашылды.
– Біз қоғамда ұстаз беделін, ұрпақ білімін арттыруға әркез мүдделіміз. Тұрақты қолдаудың арқасында өңіріміздің білім саласы толағай табысқа жетті. Сәулеті мен келбеті келіскен жаңа мектептер бой көтерді. Биыл білім саласының бюджеті 308 млрд 134 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 16,9 пайызға артты. Өткен жылы аймағымызда 6 мектеп бой көтеріп, 5 мектепке қосымша ғимарат салынып, ел игілігіне табысталды. Нәтижесінде Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді. Жаңа мектептердің ашылуы – бұл ғимараттардың салынуы ғана емес, жаңа дәуірде білім алатын озат оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлау, – деді облыс әкімі.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 6900 орынға арналған 10 мектептің құрылысы басталып, 900 оқушыға арналған алғашқы мектебі Қызылорда қаласында былтыр бой көтерді. Жыл басында Жаңақорған ауданында 300 және 600 орындық екі, Арал қаласында 300 орындық және Қызылорда қаласында 600 орындық «Жайлы мектептер» ашылды. Жыл көлемінде тағы 4 «Жайлы мектеп» құрылысы аяқталады. Жанқожа батыр ауылындағы құны 2,6 млрд теңге болатын жаңа мектеп құрылысы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен жүзеге асты. Бұл апатты жағдайдағы №94 орта мектептің мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік берді.
Салтанатты шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, заманауи мектептің құрылысын жүргізуге тынымсыз еңбегімен үлес қосқан жандар облыс әкімінің Алғыс хатына лайық деп танылды. Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов жиналған қауымды құттықтаса, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов ақ батасын берді.
Ауылға газ жетті
Ал осы аудандағы Ақтан батыр ауылы Ұлыстың ұлы күні қарсаңында табиғи газға қосылды. Облыс әкімі тұрғындарды Наурыз мейрамымен, көптен күткен қуанышымен құттықтады.
– Газдандыру жобаларына 30 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды, 330 шақырым газ желілері салынды. Халықты газбен жабдықтау көрсеткіші 78 пайызға өссе, жыл соңына дейін 82 пайызға жеткіземіз. Бүгін өздеріңізбен бірге Ақтан батыр ауылын табиғи газға қосамыз.
Елдің дамуы ауылдан, ауылдың гүлденуінен басталады. Ауылдарыңызға келген «көгілдір отын» халықтың тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз. Бүгінгі мереке барша отбасына бақыт пен шаттық әкелсін! – деді аймақ басшысы.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев тұрғындарға лебізін жеткізді.
Назерке Саниязова,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<