Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Армения Премьер-министрі Никол Пашинянға ілтипат білдірді.
Келіссөздер Ақордада салтанатты қарсы алу рәсімінен басталды. Тараптар бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берді. Бұдан кейін екі елдің әнұрандары шырқалды.
– Аса құрметті Никол Воваевич, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыз өте маңызды. Екі елдің стратегиялық серіктестік деңгейіндегі қарым-қатынасының дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз. Бұл – Қазақстанға алғашқы сапарыңыз. Шын мәнінде, қазақ халқы Армения жұртына, тарихына, салт-дәстүріне, мәдениетіне зор құрметпен қарайды, – деді Президент.
Өз кезегінде Никол Пашинян Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға ресми сапармен шақырып, Астанада қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты.
– Бұл сапар біздің екіжақты қарым-қатынасымызға тың серпін береді. Қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі Сіздің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарыңыздан бастау алды. Соның нәтижесінде маңызды келісімдерге қол қойылды. Оның кейбірі жүзеге асырылды, қалған бөлігі орындалу үстінде. Қазақстанға ресми сапармен келу – мен үшін зор мәртебе, – деді Премьер-министр.
Содан кейін Қазақстан Президенті мен Армения Премьер-министрі екі елдің делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ пен армян достығы берік, сыйластығы жарасқан халықтар екенін атап өтті.
– Армения – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы басты саяси және сауда-экономикалық серіктесінің бірі. Қазақ жұрты армян халқын ерекше қадірлейді. Оның терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарайды. Қазір Армения Қазақстан азаматтары көп баратын туристік елдің біріне айналды. Биыл қос халықты жақындастыра түскен айтулы оқиғалар болды: Арменияда алғаш рет Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Ереванда ұлы ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының құрметіне саябақ ашылды. Осы маңызды бастамаларға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге, құрметті Никол Воваевич, зор алғыс білдіремін. Мұны қазақ еліне деген ерекше ілтипатыңыз деп бағалаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Астана мен Ереван арасында барлық деңгейде ашық әрі сенімді саяси диалог қалыптасқан. Халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында тығыз, нәтижелі ынтымақтастық жолға қойылған. Екі елдің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылым-білім саласындағы ықпалдастығы дәйекті түрде дамып келе жатыр. Сондай-ақ мемлекетаралық байланыстар конструктивті сипат алған әрі оны жан-жақты кеңейтуге айтарлықтай әлеует бар.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаратын тарихи құжатқа қол қойылатынын мәлімдеді.
Армения Премьер-министрі бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге және ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге оңтайлы сәт екенін атап өтті.
Кездесу барысында сауда-экономика, көлік-транзит, инвестициялық ықпалдастық, тау-кен, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу, денсаулық сақтау, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян келіссөз қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Қазақстан Президенті мен Армения Премьер-министрінің қатысуымен ресми делегация мүшелері үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты.
Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады
Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шарада қазақстандықтар Никол Пашинянды Арменияның дамуына жаңа леп әкелген, мемлекеттік құрылымның барлық салада қайта жаңғыруына тың серпін берген жалпыұлттық көшбасшы деп білетінін жеткізді.
Никол Пашинян Қазақстанның ең жоғары наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша қазақ халқына алғыс айтып, мұны отандастарына көрсетілген ерекше құрметтің белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Президент Арменияны еліміздің маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атады. Екіжақты қарым-қатынас берік достыққа және өзара құрметке негізделген.
– Қазақстанның Армения мемлекетіне және оның халқына деген ықыласы айрықша. Біз армян жұртының терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен, ілтипатпен қараймыз. Осы құндылықтардың негізінде барлық бағыттағы ықпалдастығымыз ұдайы дамып келе жатыр. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Менің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарымның қорытындысы және бүгінгі келіссөздердің нәтижесі – соның айқын дәлелі. Қазақ-армян қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие болады. Соған сәйкес Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Бұл шешім екі елдің достығын бекемдеп, сан салалы жаңа ынтымақтастық кезеңіне жол ашары анық, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянның Қазақстан мен Армения қарым-қатынасын нығайтуға өлшеусіз үлес қосқанын атап өтіп, оның халықаралық қауымдастыққа күшті басшы, көреген саясаткер, көрнекті мемлекет қайраткері ретінде кеңінен танылғанына тоқталды. Осы орайда Армения Премьер-министрінің айрықша еңбегін ескере отырып, Қазақстанның ең жоғары наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттағанын жеткізді.
– Бұл қадам қос халықтың мызғымас достығының жарқын символы әрі өзара байланысты тереңдетуге ұмтылысымыздың айқын көрінісі екені сөзсіз. Мен бүгінгі мазмұнды келіссөздеріміздің нәтижесін жоғары бағалаймын. Біз сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты жандандыру мәселесіне баса мән бердік. Өзара алыс-беріс көлемін арттыруға, тауар түрін көбейтуге қатысты нақты шараларды қолға алуға келістік. Өзара сауда айналымын ұлғайту үшін Қазақстан армян нарығына жалпы құны 350 миллион доллар болатын тауар ұсына алады. Сондай-ақ біз Арменияның экспорттық әлеуетін қолдауға ниет білдірдік. Оған қоса, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өттік. Кәсіпкерлер арасындағы байланысты нығайтатын нақты қадамдарды қолға алуға келістік. Жаңадан құрылған Қазақстан – Армения іскерлік кеңесі екі ел бизнес өкілдерінің басын қосып, екі жаққа да тиімді жобаларды жүзеге асыруға тиіс, – деді Президент.
Келіссөзде елдеріміз өнеркәсіп, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, құрылыс және басқа да салалардағы серіктестікті дамыта алатынына назар аударылып, соның ішінде көлік-транзит бағытының әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән берілген.
Президент цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор екенін, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар туралы да айтты.
– Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда АҚШ Президенті Дональд Трамптың Украинадағы ахуалды реттеуге бағытталған күш-жігерін және ұсынып жатқан жоспарын қолдаймын. Сондай-ақ Қазақстан Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік жолындағы ортақ ұмтылысын толық қолдайды. Біз тарихи мәні зор осы үдерістің табысты жалғасуына тілектеспіз, бұл іске атсалысуға қашанда дайынбыз. Мен бұл ұстанымды бүгінгі келіссөз барысында тағы да растадым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті Армения және Әзербайжан арасындағы ұзақ жылға созылған түйткілді реттеу ісіндегі Никол Пашинянның тарихи миссиясын атап өтіп, оның Оңтүстік Кавказда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы батыл қадамына, көреген саясаты мен күш-жігеріне жоғары баға берді.
Никол Пашинян армян тарапы ынтымақтастықтың барлық бағытын кеңейтуге дайын екенін растады.





