Қазақстан-Финляндия: серіктестікті тереңдетуге шынайы мүдделі

118

0

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қазақстанға бірінші рет ресми сапармен келген Финляндия Президенті Александр Стуббқа сый-құрмет көрсетті. Жоғары деңгейдегі келіссөздерге дейін Ақорда резиденциясында Финляндия Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Протокол тәртібіне сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Екі елдің әнұрандары орындалғаннан кейін президенттер шағын құрамда кездесу өткізді.

– Сіздің сапарыңыз – екіжақты ынты­мақ­тастықты дамытуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан мен Финляндия арасында достыққа әрі өзара түсіністікке негіз­делген ықпалдастық орнаған. Екі елдің орта­сында шешімін таппаған мәселе жоқ. Деген­мен инвестиция және сауда салаларында бір­қатар мүмкіндік бар. Сіздің бастамаңызбен өтіп жатқан бизнес-форумның орны ерекше. Бүгін аталған жиынға қатысамын. Бұл кәсіп­кер­леріміздің іскерлік байланыстарды өрістетуіне зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұдан бөлек, гуманитарлық ынтымақтастыққа айрық­ша мән береміз. Қазақстандықтар Фин­лян­дия­ны, сіздердің салт-дәстүрлеріңіз бен мәде­ниет­теріңізді құрметтейді. Көптеген отан­дасымыз Сіздің елге турист ретінде жиі барады. Сапарыңыз мемлекеттер арасындағы серік­тестікті нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Александр Стубб қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа риза­шылығын білдіріп, бұл сапарды асыға күткенін айтты.

– Бұл менің Қазақстанға үшінші мәрте келуім. Алғаш рет 2008 жылы мен Сыртқы істер министрі, ал сіз Сенат спикері лауазымын атқарған кезде жүздескен едік. Бұл жолы екі бағытқа баса назар аударамыз деп ойлаймын. Бірінші – өзара қарым-қатынас және іскерлік байланыстар. Бүгін Финляндиядан үлкен делегация келді. Оның құрамында 20-дан астам ірі компанияның өкілдері бар. Астана көшелерінен Isku және Honkarakenne сияқты танымал фин брендтерін көрдім. Бұл бізді қуантады. Келіссөздің екінші бағыты – сыртқы саясат және қауіпсіздік. Біршама мәселе бойынша ұстанымдарымыз ортақ, күрделі халықаралық жағдайлардың шешімін табуға бірлесе ұмтыламыз, – деді Финляндия Президенті.

Бұдан кейін Қазақстан мен Финляндия прези­денттерінің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен одан әрі жалғасты. Президенттің айтуынша, Финляндия Қазақстанның Сол­түс­тік Еуропа мен Еуропа Одағындағы бас­ты сауда серіктесі саналады. Мемлекет басшы­сы Финляндияның таза энергетика, техно­логия, цифрлық инновация, экологиялық жауап­кер­шілік, басқару, білім беру және адам капиталы бағыттарындағы жоғары стандарттары әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өтті. Аталған салалардағы Финляндияның жетістіктері көпте­ген елге, соның ішінде Қазақстанға да үлгі.

– Сіздің басшылығыңызбен Финляндия Еуропада, сондай-ақ әлемде сындарлы рөл атқарады. Мемлекеттік ұстанымыңыз бен құндылықтарға беріктігіңіз Финляндияны дүние жүзіне үлгілі ел ретінде танытып отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақ­стан Финляндиямен достық қарым-қаты­насқа баса мән береді. Бұған дейін қол жет­кізілген уағдаластықтарды іске асыруға, ынты­мақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға әзірміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Бұл ретте Үкімет­аралық комиссиясының жұмысы маңызды рөл атқарады.

Президент фин делегациясының құрамында бизнес өкілдерінің болуы Хельсинкидің өзара серіктестікті тереңдетуге шынайы мүдделі екенін көрсетеді деп санайды.

Еліміз Финляндия компанияларымен бірлескен жобалардың жүзеге асырылуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев фин бизнесмендерін Орталық Азияның кең нарығына шығу үшін Қазақстанда шетел инвесторларына жасалатын қолайлы жағдайды пайдалануға шақырды.

Александр Стубб фин компаниялары Қазақстан нарығындағы қызметін кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

– Бүгінгі кездесулерге дайындық бары­сында делегациядағы кәсіпкерлердің бірі «Қазақ­стандағы өзгерістің бәрі жедел жүріп жатқанын түсіну керек. Сондықтан баяу қимылдап, бюрократияға жол беруге бол­майды» деді. Бұл – дамудың даңғылына түскен елдеріміз үшін қуанарлық жағдай, – деді Финляндия Президенті.

Сондай-ақ тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб Бір­лескен мәлімдеме қабылдады. Құжатта тарап­тардың ортақ ұстанымдары мен бүгінгі келіс­сөз барысында айтылған бастамалары көрініс тапты. Александр Стуббтың елімізге ресми сапары аясында 15 құжатқа қол қойылды.

Президенттер «Қазақстан – Финляндия» бизнес форумына қатысып, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Финляндия Президенті Александр Стуббты қарсы алу зор мәртебе екенін жеткізді.

– Финляндия – халқымыз өте жақсы білетін ел әрі Қазақстанның стратегиялық деңгейдегі аса маңызды серіктесі. Қазақ-фин бизнес форумының табысты өтуіне тілектеспін. Президент Александр Стуббқа осы өзекті форумды ұйымдастыруға бастама көтергені үшін ризашылығымды білдіремін. Басқосудағы пікірталастар қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвес­тициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге тың серпін береді деп сенемін. Финляндиямен серіктестігіміз шынайы достыққа, өзара түсіністікке, сондай-ақ халық­тарымыздың инновация, орнықты даму және өркендеу жолындағы ортақ ұмтылыстарына негізделген, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Финляндия Прези­дентінің Астанаға ресми сапары еларалық қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті. Фин компанияларына сенімді әрі ұзақмерзімді серіктес болуға ұмтылатынын айтты.

– Бүгінгі кездесу – экономикалық байланыстарымызды нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл форумда жай ғана келісімдер жасалмайды. Кәсіпкерлер, инженерлер және озық ойлы азаматтар арасында байланыс орнатылып, сенім нығаяды, – деді Мемлекет басшысы.

Финляндия Президенті қазақстандық кәсіпкерлер жұмысының тиімділігін, сондай-ақ екі ел бизнес құрылымдарының арасында өзара сенім бар екенін атап өтті.

– Біз құбылмалы, болашақты болжау қиынға соғатын, күрделі геоэкономикалық әлем­де өмір сүріп жатырмыз. Мұндай кезде бизнес шын мәнінде тұрақтылықты қажет етеді. Бүгін Қазақстан мен Финляндия ара­сында саяси деңгейде келісімдер жасалды. Ал осындай уағдаластықтар тұрақтылықты қамта­масыз етеді. Бұдан бөлек, өзара түсіністік жөніндегі меморандумдарға қол қойып, құжаттар алмастық, – деді Александр Стубб.