Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Өнер орталығында» «Жүйелі қайырымдылық: Тұрақтылық, серіктестік, мұра» тақырыбында IV Ұлттық қайырымдылық конференциясы өтті.
Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен 2022 жылы құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры жыл сайын өңірлермен, ірі бизнес субъектілерімен және коммерциялық емес ұйымдармен өзара іс-қимыл шеңберінде ұлттық қайырымдылық конференциясын өткізіп келеді. Конференция барысында аталған қор тарапынан атқарылған жұмыстар сараланып, жаңа бағыттар айқындалып отырады.
Сыр өңірінде өткен келелі жиынға «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, облыстық мәслихат төрағасы, жауапты сала басшылары, қор қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өңір тұрғындарына көрсеткен қолдауы арқылы іске асырылған жобаларды назарға ұсынып, өңір халқының атынан қор өкілдігіне алғыс білдірді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу мақсатында құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тығыз әріптестік байланыс орнатылып, бірлескен жобалар іске асып келеді. Қор құрылғалы бері 10 млрд теңгеден астам қаржы аймағымыздағы маңызды әлеуметтік жобаларға бағытталды.
Атап айтсақ, денсаулық сақтау саласына қаралған 4 млрд 800 млн теңгеге облыстық балалар ауруханасында, Жаңақорған, Арал аудандарында «Қамқорлық» орталықтары ашылды. Арал ауданындағы орталық қызметін көрші Ақтөбе облысының, Жаңақорған ауданындағы орталық қызметін Түркістан облысының тұрғындары да пайдаланып, оңалту шараларымен қамтылды.
Қор қажетті дәрі-дәрмек алу, орталықтарды жабдықтау, медицина мамандарын шетелде оқытуға да қолдау көрсетті. Облыстық онкология орталығына құны 1 млрд 100 млн теңге тұратын, республика бойынша 3 облыста ғана бар скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен табыстады. Кешен қазіргі таңда өңіріміздің шалғай елді мекендеріндегі тұрғындарға үздіксіз қызмет етуде.
«Қазақстан халқына» қоры келесі жылы медицина саласындағы жобаларға 2 млрд 600 млн теңге бөлуді жоспарлаған. Оған онкологиялық ауруларды тиімді емдеуге арналған жоғары технологиялық жабдықтар (линейный ускоритель) сатып алынады. Сондай-ақ аутизмге шалдыққан және басқа да психикалық бұзылыстары бар балаларды әлеуметтендіруге арналған орталық ашылады.
Орталық жыл сайын 600 балаға қызмет көрсетпек, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ аймақ басшысы қордың ықпалымен білім, спорт салаларында қолға алынған жұмысты атап өтті.
– Білім беру саласына 2 млрд 600 млн теңге бөлінді. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында 2023-2025 жылдары 2 млрд теңге бөлініп, 8 мектептің физика, химия, биология, робототехника, компьютерлік кабинеттері қайта жабдықталды, ауыл балалары жазғы лагерьлерде демалды.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған арнайы интернаттардың материалдық-техникалық базасы жаңғыртылды. «Болашақ инженерлер» жобасы аясында 9 мектепке робототехника құрылғылары алынып, тиісті мамандар арнайы оқудан өтті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 500-ден астам студенті «Курсера» әлемдік платформасында білім алуына мүмкіндік жасалды.
Алдағы жылы білім беру саласында тағы 2 млрд теңгенің жобалары жүзеге асады. Атап айтқанда, облыстың 50 мектебіне «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесі енгізіледі, физика, химия, биология кабинеттері жабдықталады, 8 шағын жинақты мектептің материалдық базасы нығайтылады.
Қор аймағымыздағы спорт инфрақұрылымын дамытуға 2 млрд 700 млн теңге бөліп, нәтижелі жұмыстар атқарылды. Биыл 348 млн теңгеге Шиелі ауданының Досбол датқа ауылында, Жалағаш ауданының Аққыр ауылында заманауи спорт кешендері салынып, ел игілігіне табысталды. Сырдария, Қармақшы аудандарындағы спорт кешендері жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Бүгінде қордың және облыстық бюджеттің қаржысына қаламыздың сол жағалауында құны 2 млрд 900 млн теңге болатын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Нысан алдағы қазан айында пайдалануға беріледі.
Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосқаны үшін «Қазақстан халқына» қорының ұжымына Сыр жұртшылығының атынан тағы да зор алғысымызды білдіреміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, қор арқылы мүгедектігі бар балалар мен жастар инновациялық протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілді.
«Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы аясында 283 млн теңгеге 95 құрал-жабдық сатып алынды. Қармақшы ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік қызмет көрсететін «Дәметкен Ана» орталығының материалдық базасы нығайтылды.
Бүгінде орталықта оңалту қызметін алатын 30 бала бар. Сондай-ақ келесі жылы 6 спорт мектебі жабдықталады.
«Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева Президент тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт сынды әлеуметтік маңызды салаларда уақыт талабына сай сапалы жобаларды жүзеге асырып отырғанын атап өтті.
– Бұл – қоғамның әділеттілікке, ынтымақ пен өзара қолдауға деген сұранысына жауап деп білеміз. Қоғамның сенімі біздің жұмысымыздың басты күші болып табылады.
Бүгінгі конференция 3 жылдық жұмысын қорытындылап, атқарылған істерді саралап, еліміздегі қайырымдылықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылайтын, жоспарларды айқындайтын маңызды алаң.
Қамқоршылық кеңес қордың жоғары басқару органы ретінде өзінің миссиясын жүзеге асыру үшін тұрақты және жүйелі түрде қайырымдылық көмек көрсетуге, сондай-ақ өз қызметінің стратегиялық бағыттарын дамытуға, нығайтуға мүдделі. Қор өңірлер бойынша мұқият әзірленген және ұзақ мерзімді әлеуметтік мәні бар бағдарламалар мен жобаларды іске асыра отырып, жоғары сарапшылық деңгей мен табысты тәжірибеге ие болды, – деді ол.
«Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева қор қызметінің маңыздылығына тоқталып, қайырымдылық бағытындағы жобалардың уақытша шара емес, ұзақ мерзімді өзгерістерге жол ашатын нақты іс екенін атап өтті.
«Қазақстан халқына» қоры үшін бұл – адамдардың өмірін өзгертетін, болашаққа үміт сыйлайтын тұрақты жобалар. Біз мемлекет, қоғам және бизнес әріптестігі арқылы ғана, шын мәнінде, елеулі нәтижелерге қол жеткізе аламыз.
Бүгінгі IV конференция – үш жылдық еңбектің қорытындысы ғана емес, жаңа кезеңнің бастауы.
Бұл – тәжірибе алмасу, бірлескен шешімдер іздеу және қордың өңірлерге көрсеткен нақты көмегін таныстыру алаңы. Мұның барлығы келер ұрпақтың мұрасына айналады, – дей келіп, Сыр өңірінің әлеуметтік саласында атқарылып жатқан серпінді жобаларға шынайы алғысын білдірді.
Маңызды жиынға еліміздің барлық өңірінен келген 500-ге жуық делегат қатысты. Олар «Қазақстан халқына» қоры арқылы жүзеге асырылған жобалардың нақты көрсеткіштерімен танысты. Айталық, білім беру, денсаулық сақтау саласы өкілдері қордың қолдауымен қолға алынған бастамалардың алғашқы нәтижелері айқындалып, жетістіктерге жеткенін баяндады.
Сонымен қатар, қордың қолдауына ие болған қарапайым азаматтар өз өмірінде, ұжымында қандай оң өзгерістерге жол ашқанын айтып берді.
«Өнер орталығының» фойесінде өткен «Қазақстан халқына» қорының жобалар көрме-жәрмеңкесі білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау саласындағы бастамаларды біріктірді.
Иә, «Қазақстан халқына» қорының жұмысы туралы жалпы көпшілік біле бермейді. Алайда аталған қор ел аумағында әлеуметтік маңызы бар салаларды дамытуға ерекше ден қойып, қаржылай қолдау танытып келеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 2022 жылдан бері «Қазақстан халқына» қоры тарапынан өңірдің әлеуметтік бағыты, оның ішінде білім, денсаулық және спорт саласына 10 млрд теңгеден астам қайырымдылық көмек көрсетілген.
Қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік маңызды нысандарды жабдықтауға, балалардың сапалы білім алуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және ерекше күтімді қажет ететін балаларды қолдауға бағытталған.
КӨЗ КӨРГЕН ИГІЛІК
Әлбетте, қолдаудың жөні бір бөлек, ал оның нәтижесі қаншалықты екенін жалпылама ақпаратқа жүгінбей, көзбен көріп, көңілге түйген дұрыс. Осы орайда «Қазақстан халқына» қоры аймақтың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз турын ұйымдастырып, облыс бойынша денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау бағыттарында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жобаларды таныстырып, олардың қазіргі нәтижелерін назарға ұсынды.
Баспасөз туры барысында ең алдымен қаладағы №6 есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында іске асырылған жұмыстармен танысты. Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қорының «Арнайы мектеп ұйымдарын жабдықтау» жобасы аясында бұл мекеме оқу, түзету және шығармашылық бағыттағы заманауаи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қазақ тілі және математика пән кабинеті мен шеберхана жаңартылып, балалардың тілдік дағдыларын дамытуға және еңбекке баулуға арналған қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар психолог, логопед қызметтері бойынша қазіргі заман талабына сай қажетті жабдықтар алынып, қолайлы жағдай жасалған.
Мектеп директоры Бинара Нәлібаеваның айтуынша, бүгінде интернатта 56 бала тәрбиеленуде. Жаңа технологияларды пайдалану нәтижесінде ер балалар ағаш бұйымдарын өңдеуді, шағын ойыншықтар құрастыруды үйрене бастаса, қыз балалар тігін және қолөнерді кәсіби деңгейде жалғастыруға мүмкіндік алған.
Келесі бағыт – облыстық онкология орталығы. Мұнда, «QH Денсаулық жолы» жобасы аясында табысталған екі жылжымалы медициналық кешеннің жұмысы таныстырылды. Жоба жетекшілерінің айтуынша, Қазақстанда алғаш рет қолданысқа енгізілген кешен халықтың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға зор үлес қосуда.
Заманауи жабдықталған көліктер шалғайдағы елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетіп, онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтауға мүмкіндік береді. Медициналық кешендегі маммографиялық аппарат, жоғары деңгейлі ультрадыбыстық жүйе және компьютерлік томограф, барлығы – жапондық өнім, жоғары дәлдіктегі құрылғылар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, аталған қор арқылы аймақта атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесін шалғай аудандардың тұрғындары да сезініп отырғанын айтты. Дәрігер Айдос Құлмағанбетовтің сөзінше, 2023-2025 жыл аралығында облысқа берілген жылжымалы медициналық кешен арқылы 7190 адам тексеруден өткен. Оның ішінде қатерлі дертті ерте анықтауға мүмкіндік арта түскен.
– «Қазақстан халқына» қорының серіктестігі және аймақ басшысының қолдауымен Арал, Жаңақорған аудандарында мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. 2024-2025 жылдары қор арқылы 500 млн теңгеге жуық қаржымен қамтамасыз етіліп, мамандар біліктілігін арттырды. Ал жергілікті бюджет есебінен бос тұрған ғимараттарды қайта жаңғыртып, ерекше күтімдегі балаларға реабилитациялық ем шараларын қолжетімді етуге мүмкіндік жасалды. Одан бөлек, қор тарапынан көпбейінді облыстық балалар ауруханасына нейрохирургиялық аппарат (құны 90 млн) алып берілді. Тағы бір нәтижелі жұмыс, шала туған балаларды ерте анықтау үшін 4 аудандық аурухана және облыстық перенатальдық орталыққа офтальмоскоп аппараты сатып алынды.
Жалпы «Қазақстан халқына» қоры арқылы облыстың денсаулық сақтау саласына 4 млрд 400 млн теңгеге жуық қаржы берілді. Оның ішінде 2 млрд-тан астам қаржыға сирек кездесетін аурулармен есепте тұратын науқастар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, жоғарыда айтып өткеніміздей, 2 жылжымалы медициналық кешен жыл бойы тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде көпбейінді облыстық балалар ауруханасы жоғары жүктемемен қызмет көрсетіп отыр. Осыған байланысты жыл соңына дейін қалалық балалар ауруханасын ашу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді Мая Мирзанова.
Қала шетіндегі Талсуат ауылында «QH Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасымен таныстық. Бұл бастама ерекше күтімді қажет ететін балалардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Өзіміз куә болғандай, оларға арнайы техникалық оңалту құралдары ұсынылып, ата-аналарға үздіксіз кәсіби кеңестер беріледі екен. Ата-аналардың айтуынша, қордың қолдауы балалардың қоғамға бейімделуіне және өмір сүру дағдыларын қалыптастыруға айтарлықтай ықпал етіп отыр.
Өйткені бұрын қолжетімсіз болып келген қымбат құрал-жабдықтар сатып алынған. Соның көмегімен балалардың өмірге құлшынысы артып, белгілі деңгейде денсаулығының жақсара бастағаны байқалады.
Баспасөз туры соңында БАҚ өкілдері Жалағаш ауданындағы Әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінде болып, «Қазақстан халқына» қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасының нәтижелерімен танысты. Айталық, жоба аясында мектептің робототехника, STEM-зертхана, физика және химия кабинеттері, республикалық «Мұрагер» жобасы аясында жұмыс жасайтын музыка кабинеті, шеберханалар жабдықталған.
Сонымен қатар, мұғалімдер зияткерлік мектептердегі педагогикалық шеберлік орталығында біліктілік арттыру курстарынан өтіп, жаңа әдістемелерді меңгеруге мүмкіндік алды.
Бұл жұмыстардың нәтижесі оқушылардың білім сапасын арттырып, жаңа технологияны игеруіне ықпал еткен.
Президент тапсырмасына орай ауыл мектептері мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жойып, балаларға тең жағдайда білім беруді жүзеге асыру мақсатында аудан және моноқалалардың тірек мектептеріне таңдау жасалып, пән кабинеттері заманауи үлгіде қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Иә, бұрын оқушылар физика, химия, информатика сияқты күрделі пәндерден тек теория жүзінде білім алса, бүгінде әрбір өткен сабақты тәжірибемен толықтыруға жағдай жасалған. Пән мұғалімдерінің айтуынша, балалардың оқуға деген ынтасы артып, осы уақыт аралығында пәндік байқаулардан жүлделі орындар иелене бастаған.
Мектеп-лицей директоры Айнұр Айбосынованың сөзінше, «Қазақстан халқына» қоры арқылы 250 млн теңге бөлініп, бірнеше пәндік кабинеттер заманауи қажетті құрылғылармен және сабақ барысында пайдаланылатын дидактикалық материалдармен жабдықталған. Сонымен қатар, мұғалімдер де кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік алған. Білім ошағының бүгінгі жетістігі осындай қолдаудың нәтижесі екені айтпасақ та түсінікті.
Әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицей 2024 жылы «Үздік білім беру ұйымы атанып, облыс әкімі тағайындаған 34 млн грантты иеленген.
Одан бөлек, соңғы екі жыл қатарынан ауыл мектептеріне арналған республикалық «Ауыл олимпиадасынан» бас жүлде жеңіп алып, «Ең үздік ауыл мектебі» аталымын иеленген. Бұдан бөлек, 2025 жылдың қаңтар айынын бастап мектеп шеберханасында тігінші және аспаз кәсібі тереңдетіп оқытылады. Айталық, мұнда білім алып жатқан жасөспірімдер мектеп бітірген уақытында аттестатпен бірге кәсібіне сәйкес сертификат иеленеді. Бүгінде олар аудандағы «Өркен-әлем» тігін цехымен меморандумға отырып, заңды жұмыс істейді.
Баспасөз турының қорытынды сәтінде «Қазақстан халқына» қорының білім, мәдениет және спорт саласындағы бағдарламалар мен жобаларды басқару орталығының аға жоба менеджері Зәуре Бәйменова қор жұмысының бағыт-бағдарын тарқатып түсіндірді.
– «Қазақстан халқына» қоры алғаш құрылған уақытында біздің алдымызда тұрған «республикада қандай мәселе бар және ол мәселелердің шешу жолы қандай?» деген сауал төңірегінде жан-жақты талдау жүргізген болатынбыз. Осы талдаудың қорытындысымен, ауыл мектептерін өзімізге бір бағыт етіп алдық.
Осылайша 2022 жылы «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» деген үлкен жоба жүзеге асырыла бастады. Қазіргі таңда республиканың 17 облысы бойынша 186 мектепті қамтып отырмыз. Соның ішінде Қызылорда облысы бойынша 8 мектеп осы жобаға қатысуда. Бұл мектептерді жабдықтауға қор есебінен 1 млрд 900 млн теңге жұмсалды.
Жалпы қор есебінен Қызылорда облысының білім саласына 4 млрд 580 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, 6 жоба жүзеге асырылып отыр, – деді аға жоба менеджері Зәуре Әнуарбекқызы.
Қорыта айтқанда, қор тарапынан іске асырылып отырған ауқымды жобалардың әлеуметтік маңызы зор. Алғашқы үш жылда нәтижесі айқындала бастаған жобалардың келешегіне зор сенім артуға болады.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





