Сенат Қазақстан үкіметі мен OPEC Халықаралық даму қоры арасындағы негіздемелік келісімді мақұлдады. Құжат қазақстандық бизнеске инвестициялық жобалар үшін 400 миллиард теңгеге дейін қаржы тартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тараптар келісімге 2024 жылдың 4 қыркүйегінде Астанада қол қойған. Құжат қазақстандық жеке компаниялардың Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының қаржы құралдарына қолжеткізуін жеңілдетуге бағытталған.
Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтің айтуынша, қор қаржыландыруды шетел валютасында, әдетте доллар немесе еуромен ұсынады. Пайыздық мөлшерлеме жобаның саласына және компанияның ерекшелігіне байланысты белгіленіп, орта есеппен 2,5-5% аралығында болады.
“Өзара іс-қимылға келсек, жекеменшік субъектілер келісім ратификацияланғаннан кейін тікелей жұмыс істей алады. Ол үшін электрондық платформа қарастырылған. Бұл платформа Қазақстан бизнесіне қолжетімді болады. Сондай-ақ OPEC қоры үшін өтімділік бойынша ең жоғары шек бес жыл ішінде 400 миллиард теңге деңгейінде белгіленді”, – деді Молдабеков.
Қор көбіне инфрақұрылымдық жобаларды, климаттың өзгеруіне қарсы шараларды, азық-түлік қауіпсіздігін, энергетикалық өтпелі кезеңді, цифрландыру мен инновацияларды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бастамаларды қаржыландырады.
Анықтама: OPEC халықаралық даму қоры (OPEC Fund for International Development) – дамушы елдерге қаржылай қолдау көрсету мақсатында OPEC-ке мүше мемлекеттер құрған көпжақты даму институты. Қордың штаб-пәтері Вена қаласында орналасқан және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырумен айналысады.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк басшысы қазақстандықтарға биыл несие мен ипотека рәсімдемеуге кеңес бергені туралы жазған едік.






