Қазақстан тарихы бойынша жарық көретін жеті томдықта Ресей, Қытай, Парсы, Еуропа архивтерінен табылған тың құжаттар мен деректер пайдаланылады. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің сөзінше, әзірленіп жатқан Қазақстан тарихы көптомдығының басты ерекшелігі әдістемелік тұрғысынан болмақ.
– Бұл көптомдықта өркениеттік тұжырымдама қолданылады. Қазақстан тек ежелгі мемлекеттердің мекен еткен территориясы ғана емес, өзіндік тұтас өркениеттің ошағы мен даму орталығы ретінде де көрсетіледі. Біз осы уақытқа дейін «осындай территорияда осындай мемлекет болған екен» деген тұжырыммен ғана келдік және соны дәлелдеуге тырысатынбыз. Біздің ойымызша, бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырым. Қазақстан аумағында түрлі ежелгі мемлекеттер болғаны онсыз да белгілі, – деді Е.Қарин.
Олимпиададан 6 медаль
Қазақпарат агенттігінің хабарлауынша, Аустралияда өткен мектеп оқушыларына арналған ең беделді пәндік олимпиадалардың бірі – Математикадан халықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылар алты медаль жеңіп алды.
Биыл олимпиадаға 112 елден 650-ге жуық үздік жас математик қатысты. Қазақстан құрамасы тағы да үздіктер қатарынан көрініп, төрт күміс және екі қола медаль иеленді.
Ұлттық құраманың ғылыми жетекшілері – PhD докторы Асылбек Исахов пен халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы Қанат Сатылханов.
Айта кетейік, IMO олимпиадасы 1959 жылдан бері өткізіліп келеді және ол әлемдегі ең беделді жеті пәндік олимпиаданың қатарына кіреді. Қазақстан бұл жарысқа 1993 жылдан бері қатысады. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 16 алтын, 55 күміс, 81 қола медаль және 29 құрмет грамотасын жеңіп алған.
1414-тің жұмысын ЖИ орындайды
Қазақстанда жасанды интеллект 1414 байланыс орталығының жұмысында сынала бастады. Орталықтағы әрбір елуінші қоңырауды жасанды интеллект өңдейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Жасанды интеллект көмегімен қызметтерді енгізу жақында елге келген жаңа суперкомпьютердің іске қосылуының арқасында мүмкін болды. ЖИ көмекшілері екі бағытта іске қосылып жатыр. Біріншісі – Egov Mobile мобильді қосымшасындағы көмек.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, ЖИ көмекшісі несиеге шектеулер қою немесе анықтама алу сияқты негізгі қызметтерді атқара алады.
– Қазірдің өзінде әрбір елуінші қоңырау сол жерге жіберіледі. Кейбір қарапайым негізгі қызметтерді осы форматқа аударуға тырысамыз. Мемлекеттік қызметтер саласына ЖИ-ді ауқымды түрде енгізу елеулі инфрақұрылымды қажет етті, – дейді ол.





