Қазақстанда цифрлық медиа мен журналистиканың болашағы талқыланды

19

0

2025 жылғы 20 желтоқсанда Бас редакторлар клубы қоғамдық бірлестігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және «Alatau Aqparat» медиахолдингінің ұйымдастыруымен «Цифрландыру дәуіріндегі масс-медиа трансформациясы» тақырыбында ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге Бас редакторлар клубының мүшелері – республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, сала ардагерлері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдар мен медиа сарапшылар қатысты. Кездесуде цифрлық технологиялардың дамуы жағдайындағы отандық масс-медианың трансформациясы, қазіргі журналистиканың жаңа бағыттары, медиа этика мәселелері және жасанды интеллекттің ақпараттық кеңістікке ықпалы кеңінен талқыланды.

Іс-шараның ашылуында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев сөз сөйледі.

«Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай масс-медианың қоғамдағы рөліне тоқталып, цифрландыру дәуіріндегі ақпараттық жауапкершіліктің маңызын атап өтті: «Масс-медиа – ұлттық сананың айнасы. Цифрландыру дәуірінде ақпаратты шектеу емес, оған жауапкершілік орнату маңызды. Мемлекет басшысы айтқандай, әділетті қоғам әділетті ақпарат кеңістігінсіз мүмкін емес. Осы бағытта Парламент, Үкімет, медиа және азаматтық қоғам бірлесе әрекет етуі тиіс», – деді.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды «жаппай цифрлық елге» айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатына тоқталып, жасанды интеллектінің маңызын атап өтті. «Журналистика факультетінде еліміздегі алғашқы «LG AI MediaLab» зертханасының іске қосылуы – медиа мен коммуникация саласында жасанды интеллектті қолдануға бағытталған маңызды қадам», – деді.

«Медиа этика. Цифрлық дәуірдегі масс-медиа трансформациясы» тақырыбында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов баяндама жасап, ақпараттық қауіпсіздік пен заң алдындағы жауапкершілік мәселесіне назар аударды.

Сонымен қатар ZTB media негізін қалаушы Марғұлан Тұрсынов қазіргі жасанды интеллект дәуірінде цифрлық медианың даму қарқыны бәсеңдеген жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық медиа жаңа форматтарға бейімделіп, аудиториямен жұмыс істеудің тиімді тетіктерін қалыптастырып келеді.

Баспасөз журналистикасының болашағына қатысты «Простор» журналының бас редакторы Фархат Тамендаров пен «Ақ желкен» балалар журналының бас редакторы Балжан Мұратқызы алаңдаушылық білдірді. Олар оқырман мәдениетін, соның ішінде балалар мен жасөспірімдердің газет-журнал оқу әдебін сақтап қалу үшін білім беру саласымен тығыз әріптестікте жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Редакциялар бұл бағытта ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.

Дөңгелек үстелде белгілі медиаменеджер, ҚазҰУ журналистика факультетінің докторанты Телман Бейсен жасанды интеллект дәуіріндегі басқару мәдениетіне тоқталды: «Жасанды интеллект дәуірінде кезкелген медиа басшысы редакцияны және жалпы медиа ұйымды сауатты әрі тиімді басқара білуі керек. Технология өзгеруі мүмкін, алайда басқарушылық шешімнің сапасы мен редакциялық жауапкершілік өзгермейді», – деді ол.

Сондай-ақ жиында «Бас редакторлар клубы» ҚБ бірінші вице-президенті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мұратбек Тоқтағазин, медиаменеджер Ерлан Бекхожин, PR маманы Айбар Олжай, Республикалық «Әділет» газетінің төрағасы Қуанышбек Ботабеков, жасанды интеллект зерттеушісі Мейіржан Әуелханұлы, «Дала мен қала» газетінің бас редакторы Ришат Әскербекұлы және өзге де сарапшылар салалық ұсыныстарын ортаға салды.

Ашық микрофон сессиясында медиа этика, цифрлық дәуірдегі масс-медианың трансформациясы, қазіргі журналистикадағы жасанды интеллекттің рөлі және цифрлық ортадағы ақпараттық жауапкершілік мәселелері талқыланды.

Іс-шара барысында отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан сала ардагерлері – Сағымбай Қозыбаев, Кәкен Хамзин, Марат Тоқашбаев және Нұржан Мұхамеджанова «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің «Ақпарат ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Марапаттау рәсімі Бас редакторлар клубының 15 жылдық мерейтойы аясында өтті.

Жиын соңында қатысушылар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің инновациялық орталығы – Farabi Hub жұмысымен танысты.