Қазақстанда келесі жылдан бастап рөлі оң жақтағы көліктер такси агрегаторларынан алынып тасталады

282

0

Фото: pixabay.com

Рөлі оң жақта орналасқан көліктер жолаушы тасымалдауға қауіпті деп танылды. Келесі жылдан бастап елімізде рөлі оң жақта орналасқан көлік иелеріне жолаушылар тасымалдауға тыйым салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Евразия” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

“2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Indrive, Яндекс телефон қосымшасында клиенттері бар рөлі оң жақта орналасқан көлік құралдары қосымшалардан шығарылады”, – деді Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және  көліктік бақылау комитетінің өкілі Тлеген Жәдігеров.

Аталмыш жаңашылдық оң жақтағы рөлін сол жаққа ауыстырған көлік иелеріне де қатысты. Автобрендтердің ресми өкілдері рөлді оң жақтан сол жаққа ауыстыруға қатаң тыйым салады. Өйткені олардың құрылымы жол апатына себеп болып, жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді дейді сарапшылар. 

Ал оң жақ рөлді автокөліктердің иелері мұндай жаңашылдықпен келіспейді. Олардың айтуынша, жол апатына көліктің құрылымы емес, жүргізушінің жауапсыздығы себеп. 

“Жас шектеуін қою керек. 30 жастан төмен жүргізушілерге қала арасында жүруге тыйым салу керек. Жол апаты көбіне жылдамдықты шектен тыс асырғаннан болады”, – дейді жүргізушілердің бірі.

Қазақстанда үш жүз мыңнан астам оң рөлді көліктер жүреді. Көлік иелерінің көбі жолаушыларды ұзақ қашықтыққа тасымалдаумен айналысады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<