Қазақстанда қай салада жемқорлар көп?

223

0

Фото: depositphoto, gov.kz

Сыбайлас жемқорыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстанда қай салаларда жемқорлық дерегі көп тіркелгенін мәлімдеді. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі жолдаған ресми сауалға жауапта айтылған.

Қай салаларда жемқорлық көп жасалды?

Ресми жауапқа сүйенсек, биыл білім беру саласында 137 адамға қатысты 128 жемқорлық қылмысы, денсаулық сақтау саласында 42 адамға қатысты 55 жемқорлық қылмысы, құрылыс саласында 39 адамға қатысты 31 жемқорлық қылмысы тіркелген.

Қай салалардан қауіп анықталды?

2023-2024 жылдар аралығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ғылымды қаржыландыру, білім беру, денсаулық сақтау, спортты қаржыландыру, әлеуметтік сала және жол құрылысы бойынша сыбайлас жемқорлық қаупіне сыртқы талдау жүргізді.

Ғылым саласы

Антикор жүргізген талдау мынадай қауіптерді көрсеткен:

ғылыми жобаларды іріктеудің ашықтығына,

оларды іске асырудың көзбояушылығына,

нәтиже үшін жауапкершілік болмауына,

зерттеу қорытындыларының төмен сұранысына,

ғылыми тағылымдамалар үшін грант беру жөніндегі конкурстық комиссия құрамына қойылатын талаптар төмендеуіне байланысты қауіпті көрсеткен («500 ғалым» жобасы бойынша).

Мұның бәрі бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкеп соққан.

Білім беру саласы

Талдау нәтижелері бойынша білім беру жүйесінде де миллиардтаған бюджет қаражатын жымқыруға жағдай жасайтын қауіптер анықталды.

2023 жылдың басынан бері осы салада барлығы 247 қылмыстық іс тіркелген. Шығын көлемі – 15,5 миллиард теңге.

Антикор мәліметінше, Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында ең үлкен сомадағы жымқыру дерегі анықталды. 327 адам әшкереленді, 154 адам – 86 бухгалтер, 17 мектепке дейінгі мекеме басшысы, 13 мектеп және колледж директоры, 4 білім бөлімінің басшысы және т.б. сотталды.

Денсаулық сақтау саласы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет медицина және фармация салаларында талдау жүргізді. Кейінгі үш жылда мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесіне жұмсаған шығыны 1,5 есеге ұлғайып, 5,8 триллион теңге болған.

Талдау нәтижелері бойынша дәрілердің қажеттілігін, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің құнын арттыру, түрлі ауруларға қарсы вакциналарды уақытылы сатып алмау, талап етілмеген жабдықтарды сатып алу, сондай-ақ, себепсіз төлемдерді есептеу деректері анықталды.

Спортты қаржыландыру

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет спортты қаржыландыру саласын да тексерген. Нәтижесінде отандық спорттың дамуына және әлемдік спорт аренасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне кедергі келтіретін жүйелі жемқорлық қаупі бары анықталған.

Кейінгі 6 жылда спорт саласын қаржыландыру шамамен 1,4 триллион теңгеге жетті. Антикор мәліметінше, бұл Орталық Азия және алыс шет елдердің (Канада, Норвегия, Нидерланды) осы мақсатқа бөлінетін бюджеттерінен бірнеше есе артық.

Сонымен қатар, Қазақстан Олимпиада ойындары бойынша медальдық есепте (2020 ж. 83-орын (8 қола), 2022 ж. 0 медаль, 2024 ж. 43-орын (1 алтын, 3 күміс, 3 қола) және Дүниежүзілік спорт рейтингінде (2014 ж. 25- орын, 2018 ж. 47-орын, 2023 ж. 42-орын) төменгі орындарда екені белгілі болды.

Әлеуметтік сала

Антикор мемлекеттің қолдауына мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қорғау саласына да тексеріс жүргізген. Биыл әлеуметтік салада 95 жемқорлық қылмысы тіркеліп, 58 адам әшкереленді, 34 адам сотталды.

Жолдардың құрылысы

Агенттік мәліметінше, кейінгі 5 жылда жол саласына 6 триллион теңгеден аса қаражат жұмсалған, бірақ жолдардың жай-күйіне халық тарапынан шағым көп.

2023-2024 жылдары мемлекеттік органдарға тасжолдардың сапасына қатысты 20 мыңнан аса шағым түсті. Биыл жыл басынан бері агенттік осы салада 24 қылмыстық істі тіркеді.

Айта кетейік, ашық дереккөз мәліметінше, Қазақстан 2023 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық рейтингінде 180 елдің ішінде 93-орында тұр. Қазақстанда көп тараған сыбайлас жемқорлық қылмысына пара алу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе жымқыру, алаяқтық және лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану кіреді.

Мәселен, білім беру саласында ақша жымқыру дерегі көп. Биыл Жетісу облысы Кербұлақ ауданының прокуратурасы білім бөлімі бухгалтерлері бюджет қаражатын ұрлағанын анықтады.

2021-2023 жылдар аралығында білім бөлімінің үш бухгалтері білім бөлімінде жұмыс істемейтін адамдарға заңсыз жалақы мен еңбек демалысы жәрдемақысын аударған. Келтірілген шығын – 34 млн теңге.

Сот үкімімен бухгалтерлерге Қылмыстық кодекстің 63-бабы (шартты түрде соттау) бойынша 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, келтірілген залал өтелді.

Еске салайық, бұған дейін жемқорлық дерегі көп тіркелген өңірлер туралы жаздық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<