Қазақстандағы ең таза 6 қаланың атауы белгілі болды

634

0

Фото: pixabay.com

Маусым айында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek Joly телеарнасы «Таза қала» тележобасын іске қосты. Түсірілім тобы Қазақстанның облыс орталықтары мен мегаполистерін аралап, әр қаланың тазалығы мен көркемдігін зерттеді. Жарты жыл ішінде журналистер 30 мың шақырым жол жүріп, 200-ге жуық экологиялық даму бойынша белсенді азаматпен сұхбаттасты. Бұл туралы Kazinform порталы хабарлайды.

Бағалау бес критерий: көшедегі тазалық, коммуналдық қызметтердің жұмысы, абаттандыру деңгейі, тұрғындардың мәдениеті және қала эстетикасы бойынша жүргізілді.

Астана

Сарапшылардың жасаған рейтингі бойынша Астана мен Алматы 25 ұпай жинап, тізімнің басында тұр. Экология саласының сарапшысы Елдос Абақанов елорданың эстетикасы мен абаттандыру деңгейіне ерекше назар аударылатынын айтты.

«Жалпы Астана таза, өмір сүруге қолайлы қала болып қалыптасып келеді. Қала расымен де білім мен ғылымның, мәдениет пен спорт орталығына айналды. Астананың туристік әлеуеті де жоғары. Сондықтан қала тазалығына ерекше көңіл бөлу керек деп есептеймін», – деді экология саласының сарапшысы Елдос Абақанов.

Астана жыл сайын жасыл қалаға айналып келеді. Биыл қала аумағына ірі ағаштар мен көпжылдық бұталар отырғызуға басымдық беріліп, 1 миллионнан астам жасыл желек егу жоспарланған. Қала эстетикасына келсек, жыл сайын жаңа құрылыс жобалары көбейіп, зәулім ғимараттар мен әдемі саябақтар бой көтеріп жатыр. Дегенмен бағдарламаның сұхбатына қатысқан блогерлер Астанадағы кейбір жаңа аудандардың жоспарлануы көңіл көншітпейтінін атап өтті. Олардың пікірінше, оң жағалау өмір сүруге қолайлырақ.

Қазақстандағы ең таза 6 қаланың атауы белгілі болды
Фото: Астана әкімдігі

Қалада заңсыз қоқыс полигондары мәселесі де бар. Жыл басынан бері Астана мен оның іргелес аймақтарында 205 заңсыз қоқыс алаңы жойылып, 139 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстары да бір жолға қойылған. Қаланың қоғамдық орындарындағы орындықтар мен қоқыс жәшіктері қайта өңделген материалдардан жасалады, және бұл мақсатта жыл сайын 200 тонна пластик өңделеді.

Алматы

«Таза қала» жобасында көш бастап келе жатқан Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматы. Мұндағы тұрғындар экологияға деген белсенділігімен ерекшеленіп, өз үлестерін қосып жүр. Алматыда экологиялық сауаттылықты арттыру және қайта өңдеуге үйрету мақсатында алғашқы экохаб ашылды. Қала тұрғындары бұл жерде пластик, алюминий, шыны және ескі шамдарды өткізіп, экологиялық шеберлік сабақтарына қатыса алады.

Экохабта қайта өңделген материалдардан құмыра, стакан, сағат, кәдесый сияқты бұйымдар жасауды үйренушілер қатары күн санап көбейіп келеді.

Сонымен қатар Алматыда экология тақырыбында кітап жазған авторлар да бар. Әйгерім Аюбек «Ақылбас» атты балаларға арналған кітап топтамасын жарыққа шығарса, «Алма Арасандағы» кофебизнес иесі Махаддин мырза белсенділерді қолдайды. Ол шатқалдан бір пакет қоқыс жинап әкелгендерге тегін кофе ұсынады.

Қоқысты қайта өңдеудің әртүрлі жолдары Алматыда кең таралған. Экостанциялардың бірінде пластик өткізгендер бонус ала алады, ал медициналық қалдықтар арнайы орындарға тапсырылады. Тұрғындар қолданыстан шыққан дәрі-дәрмектерді ауруханаларға тапсырып, Г санатындағы медициналық қалдықтарды дұрыс кәдеге жаратуға көмектесе алады.

Ескі үйлерді жаңғырту мәселесі де маңызды. Абай көшесінің бойындағы үйлердің тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының көмегімен 70-жылдардағы ауласын жаңартып, өз қолдарымен жаңа демалыс орнын сәндеген. Бұл аумақ кейін «Үлгілі аула» номинациясын жеңіп алды. Әкімдік қаланы көркейтуге жауапты болса, тұрғындар өз меншігіне қамқорлық танытуға міндетті.

Қазақстандағы ең таза 6 қаланың атауы белгілі болды
Фото: Алматы / Қайрат Қонысбаев

Әрине, үлкен қаланың ұсақ мәселелері де бар. Қоқыс жәшіктерінің тез толып қалуы, ұзын-сонар кептеліс сынды жағдайлар әлі шешімін күтіп отыр. Пластик пен басқа да қоқысты бөліп салуға арналған контейнерлер қойылғанымен, кейбір жерде қоқыстың бір көлікке тиеліп әкетілетіні байқалды. Полигонға жеткізілген соң, бұл қалдықтар қайта сұрыпталады.

Қарағанды

Биыл Қарағанды 90 жылдығын атап өтеді. Тележоба бойынша еліміздің ең таза қалаларының тізімінде Қостанаймен бірге 3-4 орындарды иеленді.

Қаланың орталық көшелері ерекше таза болып, бағдарлама жүргізушісі тұрғындармен бірге көшелерден қоқыс жинап, тазалық мәдениетін қалыптастырудағы белсенділіктерін растады. Тұрғындардың тазалықты сақтауға деген ынтасы ерекше бастамалармен көрінеді: сенбіліктер мен «таза бейсенбі» шараларынан бөлек экологиялық квесттер, плоггинг (жүгіру мен қоқыс жинауды үйлестіретін шара) және түрлі ойындар ұйымдастырылады.

Ескі аулалардың мәселесін шешуге белсенді қатысқан тұрғындардың қатарында Қазыбек би шағын ауданында кәсіпкер Юрий Мирвода бар. Ол өз ауласында балаларға арналған ойын алаңы мен ересектер үшін демалыс орнын салып, бұл жобаға 7,5 миллион теңге жұмсады.

Қазақстандағы ең таза 6 қаланың атауы белгілі болды
Фото: Jibek Joly

Сондай-ақ қаладағы «Сұрыптау» шағын ауданында қоқысты сұрыптау мақсатында арнайы экологиялық науқан өткізіледі. «Бес бөтелкеге – бір балмұздақ» акциясы «Таза Қазақстан» бағдарламасымен қатар ұйымдастырылып, екі күнде 100 мың пластик және шыны бөтелке жинап, 20 мың балмұздақ үлестіріледі. Бұл шаралар нәтижесінде қала көшелері қалдықтардан тазарып, экологияны жақсартуға зор үлес қосып жатыр.

Жиналған қалдықтар «ГорКомТранс» кәсіпорнына жіберіледі, ол пластик пен полиэтиленді қайта өңдеу арқылы канализациялық қақпақтар шығарады. «Жасыл даму» АҚ арқылы алынған қаржымен кәсіпорын өзінің ауқымын кеңейтіп, өңірде бес қабылдау пункті ашты, бұл кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға қалдықтарын тапсыруға мүмкіндік береді.

Қарағанды жалпы 22 ұпай жинап, сарапшылар тарапынан әсем бульварлары, алаңдары мен ғимараттарының дизайнына жоғары бағалау алды.

Қостанай

«Таза қала» тобы Қостанайда Алаш Орданың көрнекті қайраткерлерінің ескерткіштері мен тарихи орындарын аралап, қаладағы тазалық деңгейін тексерді. Қостанай өнеркәсіптік аймақ ретінде танылып, зауыттар мен өндіріс орындарының саны артып келе жатқанымен, аграрлы бағыт та дамуда. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бірқатар экологиялық шаралар қолға алынған.

Тұрғындар арасында да қала тазалығына жауапкершілікпен қарайтын белсенді азаматтар көп. Сексеннің сеңгіріне жеткен Лариса әжей, бұрын тазалықшы болып қызмет атқарып, қазір өз аулаларын гүлдермен безендіріп отыр. Алайда қаладағы экологиялық мәселелер де өзекті: жалғыз полигонның 90 пайызға толуы, шеткері аймақтардағы заңсыз қоқыс үйінділері және коммуналдық қызметтердің мәселелері атап өтілді.

Қазақстандағы ең таза 6 қаланың атауы белгілі болды
Фото: Jibek Joly

Ескі үйлердің сырт келбетін жаңарту бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы үш жыл ішінде қаладағы 1937 жылғы 100-ге жуық көпқабатты үй жөнделді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасады.

Қостанайда спорт және балалар алаңына резеңке төсеніштер шығаратын зауыт бар, онда ескі көлік дөңгелектері пайдаланылады. Зауыт жылына 2,5 мың тонна шикізат өндіреді және сұраныстың артуына байланысты жұмыс көлемін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Сарапшылар Қостанайды «Ең таза қала» атағына лайық деп санап, қала эстетикасы мен көркемдігіне 22 ұпай берді.

Ақтау

«Таза қала» рейтингі бойынша Ақтау мен Қызылорда 5-6 орындарды бөлісіп отыр. Ақтау еліміздегі жалғыз портты қала. ОЛ Теңіздің арғы жағындағы қалалармен бәсекелесуді бастады. Дегенмен бұл бағытта атқарылатын жұмыс әлі де көп. «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде түрлі экологиялық шаралар өткізілді. Каспий теңізінен жыл сайын 200 тонна, ал жағажайдан 500 тонна қоқыс шығарылады, бұл жерде тазалықты қамтамасыз ету үшін арнайы сүңгуір мамандар тартылған.

Ақтаулықтар тек үйлерін ғана емес, көшелерін де шаңсорғышпен тазартады. Қаланы күнделікті 400-ге жуық адам, 20-дан астам техникамен, соның ішінде көшелерді тазалайтын шаңсорғыштармен қамтиды.

Қазақстандағы ең таза 6 қаланың атауы белгілі болды
Фото: Іnform.kz

Ақтауда апельсин мен банан өсіретін қысқы бақ бар, оны төрт жыл бұрын Станислав Ли ашқан. Алғашында жеміс-жидектер өсіріліп, кейін үлкен жылыжай ұйымдастырылған, бұл жер қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына айналған. Сонымен қатар, кәсіпкер Сұңғат Мұңалбаев тақыр жерге 6 мың ағаш отырғызып, саябақ ашқан. Қазіргі таңда саябақта 20 қызметкер жұмыс істейді, ол жастар мен балалардың уақытын тиімді өткізуіне арналған.

Жергілікті билік Ақтаудағы ауыз су мәселесін шешу жоспарымен, Каспий су тұшыту зауытының қуатын арттыруды көздейді. Бұған дейін үкімет резервінен 5 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржы жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.

Ақтау жалпы 20 ұпай жинап, экологиялық бастамалардың жоғары көрсеткішін көрсетті.

Қызылорда

«Таза қала» тележобасы Алаштың алғашқы астанасы болған Қызылордаға да назар аударды. Соңғы 10 жылда Қызылорда көркейту, көгалдандыру, және тазалықты сақтау бағытында белсенді шаралар қолға алынды. 2017 жылдан бастап қалада жаңа мөлтек аудандардың саны артып, сол жағалауда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Білім ордалары, жастар орталығы, саябақтар мен тұрғын үйлер тұрғындардың игілігіне берілді.

Қызылордада бірнеше шақырымға созылған орталық Абай даңғылы қала тұрғындарының серуендейтін негізгі орнына айналған. Бұл көшеде бір де бір қоқыс жоқ, бұл қызылордалықтардың тазалық мәдениетінің жоғары деңгейін көрсетеді.

Қазақстандағы ең таза 6 қаланың атауы белгілі болды
Фото: Jibek Joly

85 жастағы Бектай Сүлейменов қаланың абаттандыру жұмыстарында белсенді. Бұрын агроном болған ол, бүгінгі күні 2 миллион ағаш өсірген, олардың біразын Қызылорда көшелерінде көруге болады.

Сарапшылар қалаға 20 ұпай беріп, Қызылорда тұрғындарының ауа райының қолайсыздығына қарамастан, абаттандыру мен көгалдандыруға жұмсалған күш-жігерін атап өтті. Алайда қатты қалдықтарды өңдеу мен сұрыптау мәселелері басқа қалалардағыдай өзекті екені де ескерілді.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық арыз-шағымдарды қабылдайтын телеграм-бот іске қосылды, бұл тұрғындарға экологиялық мәселелерді тез шешуге көмектеседі.

Ақтау мен Қызылорда, Қарағанды мен Қостанай сияқты, жоғары экологиялық көрсеткіштермен танылып, еліміздің тазалық мәдениетін дамытуда белсенділік танытып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<