Қазақстандық киногер Лондонда топ жарды

376

0

Фото: Ғалымжан Қараманұлы

Қазақстандық көркем туынды Лондонда өткен Еуразиялық фильмдер фестивалінде лауреат атанды. Режиссер Камила Сағынтқанның шығармасы «Ең үздік қысқаметражды фильм» аталымы бойынша жүзден жүйрік деп танылды, деп хабарлайды Kazinform-ның Тұманды Альбиондағы меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

Камила Сағынтқанның «Тәуелсіздік күні құтты болсын» фильмі сүйген жары бақилық болып, өмірдің мәнін жоғалтқан орта жастағы ер кісі туралы. Мараттың жаңа қоғамға көңілі толмайды, бірақ түрлі кедергілерге қарамастан тығырықтан шығудың жолын іздейді. Отандық өнім сарапшылар мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды.

«Фильмнің көркемдік шешімі әрі қызықты мазмұны, қысқа уақыттың ішіне біраз маңызды дүниені сыйғыза алғаны ұнады. Эксперименттік элементтері де көңілден шықты. Байқауға қатысушы басқа бәсекелестеріне қарағанда оқ бойы озық болды», – дейді қазылар алқасының мүшесі Тимур Ахмеджанов.

Қазақстандық киногер Лондонда топ жарды

Еуразиялық шығармашылық гильдиясы коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырған кинофестиваль биыл алтыншы рет өткізіліп отыр. Оған қатысуға 22 елден 100-ге жуық үміткер ниет білдірген. Ішінен 20-сы іріктеліп алынып, бәйгеге түсті.

«Орталықазиялық киногерлердің сенімділігінің нығая түскені сезіледі. Олар шығармашылықтарын шыңдап, батыс көрерменіне бір қадам жақын бола түсті. Өмірімізге басқа қырынан қарауға мүмкіндік бергені қуантады», – дейді сарапшы Джон Фарндон.

Кинофестиваль жыл сайын жүздеген талантты режиссер, актер, продюсер және сценаристердің басын қосады. Шараны өткізудегі мақсат еуразиялық киноны ағылшын тілді кеңістікте насихаттау. Орталық Азия және посткеңестік киноиндустрия өкілдерін дүниежүзінен жиналған кәсіпқойлармен таныстыру.

«Ұлыбритания халқы бұл фильмдерді ешқашан көрмес еді. Өйткені бізде Орталық Азия өнер туындылары үшін нарық қалыптаспаған. Біз бұл олқылықтың орнын толтырғымыз келеді. Шығармашылық адамдарын әлемнің түкпір-түкпірінен жинай алғанымызға ризамыз», – дейді фестиваль ұйымдастырушысы Спенсер Хоукен.

Марапаттау салтанатының сыйлы қонақтары қатарында Лондондағы Хаверинг ауданының мэрі, ТМД мемлекеттері елшіліктерінің өкілдері болды. Шарада Ұлыбританиядағы Қазақ орталығының өкілі Кәмшат Күмісбай әуелетіп ән шырқады. Фестиваль ұйымдастырушылары өнер сүйер қауымды жуырда Бурабайда өтетін қысқаметражды киноның үшінші халықаралық байқауына шақырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<