Қазақтың ұлттық киімі Гиннес рекордтар кітабына енді

420

0

Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Қазақстандықтар жаңа Гиннес рекордын орнатып, Каспий теңізінің жағалауында ұлттық киімде бас қосты. Ақтауда арнайы алаңда бес мыңнан астам адам жиналып, «Қазақтың ұлттық киіміндегі ең көп адам» номинациясы бойынша рекорд жаңартты. Гиннес рекордын ресми түрде тіркеу үшін Лондоннан арнайы комиссия өкілдері келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Ауа райына құбылысына қарамастан мыңдаған қазақстандық алаңға таңғы тоғыздан жинала бастаған. Сағат 11-де ұйымдастырушылар төрт мың адамды тіркесе, 12:01-де қатысушылар саны бес мыңнан асты. Сол кезде Ақтаудың алаңы адамға лық толы болды.

Бұдан кейін комиссия өкілдері рекордтың ресми түрде тіркелгенін растап, арнайы сертификат табыстады.

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Best Fest Nauryz шарасына 5500-ден астам адам тіркелген. Олардың қатарында түрлі сала қызметкерлері, этностық топтардың өкілдері, аға буын өкілдері және бұл оқиғаға арнайы алыс ауылдар мен басқа аймақ­тардан келген тұрғындар бар.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай рекорд қатысушыларына және Лондоннан арнайы келген Гиннес рекордтар кітабы өкілдеріне алғыс білдірді.

Арнайы сертификатты табыстаған Гиннес рекордтар кітабының ресми өкілі Ричард Стэннинг қазақстандықтарды жоғары жетістікпен құттықтады.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық шеберлер небәрі бір сағат ішінде 500 дәстүрлі тақия тігіп, Қазақстанның рекордтар кітабына енген болатын. Әр өңірден келген 100 қолөнер шебері қатысқан бұл перформанста ең жас ісмер небәрі 9 жаста еді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<