Қимастарын қан майданға ұзатып…

203

0

«Qyzylorda» телеарнасы Жеңістің 80 жылдығына орай жастық шағын соғысқа ұрлатқан, майдангерлердің артында қалған жесірлерінің азалы тағдырын тарихи-драмалық деректі фильмге арқау етті. Фильмнің жабық көрсетіліміне жиналған жұртшылық бұрын-соңды телеарнада қозғалмаған күрделі тақырыпты кейіпкерлердің боямасыз баянынан танып білді.

Шығармашылық ұжым соғыстың соңғы жесірі, 101 жастағы әженің әңгімелерін таспалаған.
Идея авторы әрі редакторы Нұрбек Әмиша: «Біз көбіне май­дандағы даңқ, батырлық туралы ай­тамыз да, жарынан жас қалған жесір тағдырлардың трагедиясы, әйелдің жеке басының қасіретіне терең бойламайтындаймыз. Шын­берген Сүлейменовтің Мұқағалидың сөзіне жазылған «Қайран, жеңгем» әнін бір жыл тыңдап жүрген шығармын, көзге жас үйіретін зұлмат заманның көрінісін нақты беретін осы әннің сүйемелдеуімен соғыс жесірлерін, солдат жесірлерін түсіру идеясы ақыры жүзеге асты. Май­даннан қайтпаған «жастық шағын» ғұмыр бойы күткен кейуананы таптық. Жасы жүздің үстіне шыққан әже жан жарына деген сағынышты көз жасы арқылы жеткізді» дейді.

Жасы ғасырдан асқан кейуананың қатпар-қатпар әжімінде сол дәуірдің қайғы-қасіреті мен зіл батпан ауыртпалығының ізі жатыр. Желегі түспестен жесірлікке мойын­ұсынған небәрі 25-30-дағы жас келін­шектердің тағдыры неткен ауыр еді?! Азаматымның отын өшір­меймін деп, балаларын жалғыз өзі жет­кізген жандар қаншама?! Туын­дыда соның бәрі көрініс тапқан.

Фильмге Жамбыл облысы Байзақ ауданы Жақаш ауылындағы көзі тірі соғыстың соңғы жесірі Райхан Әлібайқызының, Арал ауданы Қаратерең ауылында тұрып өмірден өткен, соғыс жесірі Иба Смайыл­қызының өмір жолы арқау болған.

Туындыны көрген соң, майдан­герлермен қатар, қатыгез уақытпен бетпе-бет келгенде қиындықты қай­сарлықпен жеңген қазақтың мың­даған қарапайым әйелінің рухы алдында қарыздар екеніңді түсінесің.

«Соғыс жесірі» деректі фильмі «Qyzylorda» телеарнасынан, «Qazaqstan» арнасынан көрерменге жол тартты.

«СБ» ақпарат