«Қоғалының» шахтерлері

28

0

Бәрі есімде. Көнекөздер төгілте әңгіме айтып отыратын. Шағын ауылдағы Қаржаубай, Тапал, Әжмағанбет, Таңат, Бәлке, Көмірбай аталарымның қолына су құйып, батасын алып өстік. Әкімал мақсұм нағыз шежірешіл қарт еді-ау. Сұрапыл соғыс еңсе көтертпей қарт біткен еңбек етті. Шәрбан, Бұршан, Дәніш, Күмісқал сынды әже-жеңгелерім жесірліктің тауқыметін тартты. Майданнан ұлдары оралмаған Есберген, Шайырқожа бастаған аталар ұлдарын аңсаумен, күтумен ғұмыр кешті. Жауынгер ағалардың үшбұрышты хаттарын оқып бергенімізде мәз-мәйрам болып, бір жасап қалатын-ды.

Қиын кезеңдер артта қалды. Сұрапыл соғыс жеңіспен аяқталды. Майданнан алғаш оралған Шахап, Жүніс, Оразбек, Шәмшат, Із­діқұл, Қонысбай, Ертай, Мұхамеджан, Алуа­дин сынды ағалар тобы ортамызға ке­ліп, ауыл еңсе көтеріп ажарлана түсті. Май­дан әңгімелерін төгілте айтып, сусыны­мызды қандыратын.

Ел еңсе көтере түсті. Әр шаңырақта бе­рекелі еңбек басталды. Майданнан орал­ған ағалар шаңырағында от жанды, әжелер не­мере сүйіп, өткен күндерді ұмыта бастады.

Соғыстан әбден қажыған ауыл еңсе көте­ре бастаған сәтте тағы бір дүрбелең бастал­ды. Еңбек армиясы құрылды, азаматтарды Мәскеу, Қарағанды шахталарына сабылта аттандыру жорығы қыза түсті.

Сонымен біздің «Қоғалы» ауылында ке­зең-кезеңімен еңбек армиясына күн сайын ондаған азаматты аттандыру бұлжымас заң­ға айналды. Еңбек армиясынан бас тарт­қандарға қатаң заң қабылданды.

Менің алтыншы сыныпта оқитын кезім. Әкем ауылда диқан еді. Белсенділер бас көтерер азаматтарды еңбек армиясына ат­тан­дыруға қызу атсалысты. Ауылдан алғаш­қы 13 адам Мәскеу іргесіндегі Степняк де­ген жердегі шахтаға аттанатын болып, қол­дарына бұйрық қағазын алып, жолға әзірленді. Сол бір сәттегі толассыз жылап-сықтау басталғаны әлі есімнен кетпейді.

Сонымен шағын «Қоғалыдан» қыстың көзі қырауда менің әкем бастаған 13 адам Мәскеу шахтасына аттанды. Әбу, Әбсәлем, Махат, Тұңғышбай, Міркен, Сағаттарды әже­лерімізге ілесе Қызылорда вокзалына шығарып салардағы өксіп жылаған сәттер еске түссе, жүрек шіркін әлі қан жылайды. Бір топты бастаған Жұмабай, Жылкелді аға­лар Қарағанды шахтасында екі жылдай еңбек етіп, туған жерге ауру-сырқау болып оралды.

Әкемнің хат танымайтын сауатсыз, жасы елуге таянып қалған кезі еді. Көп ұзамай Мәскеу шахтасынан хат келді. Сірә, біреуге жаздырған секілді.

– Аманбыз. Ауылдан аттанғандар шахта­дамыз. Күніне үш вагон көмір тиейміз. Қа­тарымыздағы Әбсәлем жақын­да шах­тадан құлап, бір қабырғасын сынды­рып алды. Дәрігерлер қатарға қосуға ат­са­лысып жатыр. Жақында бір посылка сала­мын. Ішін­де бір килодай үнді шайы бар. Сәлем­мен, Мырзахмет. 1946 жыл 12 ақпан.

Әкемнің осы бір хаты бізді бір қуантып тастады. Үй-үйге жағалай жүріп, оқып бе­ріп, әр отбасын қуанттық. Еңбек армия­сына аттанған аталар түгелдей мерзі­мін бітіріп, 1948 жылы елге оралды. Шаруашы­лық­та­ғы еңбекке атсалысты. Бір сәт әкемді ор­таға алып, әңгіме айтуға қолқа саламыз. Әң­гіменің майын тамыза айтушы еді, жа­рықтық.

– Ал, тыңдаңдар! – дейді әкем. – Күн суық. «Қоғалыдан» 13 адам бір вагонға жай­ғастық. Бәріміздің бір-бір қалта талқан, ба­уыр­сағымыз бар, жастық астында. Содан бірер күн жүріп, Мәскеуге жақындадық. Бір кезде бір разъезге вагонымыз ұзақ тұрды. Төрт-бес басбұзар келіп, талқан, бауырсағымызды тартып алды. Таласып жүр­генімізде алдымен Әбуді, сонан соң ме­ні әлгі төрт-бес басбұзар бұзықтар ва­гоннан лақтырып жіберді. Әудем жерде Әбу жатыр. «Амансың ба?» деп айқайладым.

– Өзің амансың ба, Мырзахмет, – деген Әбудің дауысы естілді.

– Аманмын, еш жерім сынбаған. Ба­уырым қозғалтпай тұр дегенім есімде, – деп әкем әңгімені одан әрі соза түсті.

– Сонымен, – деді әкем – «Қоғалыдан» шыққандар түгелдей әлгі разъезде лақты­рыл­ған екенбіз. Күн қақап тұр. Дереу разъезд кезекшісі отырған бір бөлменің есі­гін аш­тық. Шамалы орысша бар, «Здрав­ст­вуй!» деп қолын алдым.

«Здравствуй!» деп ол да қол алысты. Иман жүзді орыс жігіті разъезд бастығы екен. Бә­­рімізді бір бөлмеге кіргізіп, тынықтыр­ды. Шай берді. Бойымыз жылынып, есімізді жи­надық. Бірер күннен соң әлгі разъезд бас­тығы бәрімізді бір вагонға мінгізіп шығарып салды. Сонымен, аман-есен Степ­няктегі шахтаға жеттік. Екі жылдай еңбек етіп, елге оралдық. Міне, шырағым, біз көр­ген қиындық, – деп әкем әңгімесін аяқ­тап, көзін орамалымен сүртті.

Содан бері талай жыл өтті. «Қоғалыдан» Мәскеу шахтасында еңбек еткен адамдардың ұрпақтары қазір сол ауылда тұрып жатыр.

Иә, бір кезде «Қоғалыдан» аттанған 13 адам Мәскеу шахтасында еңбек етіп, бейбіт еңбектің көрігін қыздырғанын біреу білсе, біреу білмейтін болар. Әттең, осы аталарды еске алып, ауылдағы көшелердің біріне есімі берілсе, артық болмас еді. Осы бір ой әркез мазалайды. Әлбетте, осы бір ойды ауыл әкімі қозғаса, кәнеки!

Қайыр ҚОРАСАНИ.

Сырдария ауданы