Қоғамға пайдасы бар істің ғұмыры ұзақ

1726

0

Нұрболат Ибраев – «Amanat» партиясының облыстық мәслихаттағы фракция мүшесі, өңірдегі белсенді депутаттардың бірі. Ол «Депутат болу – халықтың сенімін ақтау ғана емес, сонымен қатар елдің дамуына нақты үлес қосу, әрбір азаматтың мүдесін қорғау жолында қажырлы еңбек ету» дейді. Оның басты мақсаты – қарапайым халықтың өмір сүру сапасын арттыру, жастарға сапалы білім мен жұмыс мүмкіндіктерін ұсыну. Жас болса да үлкен істердің бастауында жүрген азамат ел ертеңінің жарқын боларына сенім артады.

– Нұрболат Балтабайұлы, халық қалаулысы, әрі белсенді азамат ретінде айтыңызшы, сізді қазір ең көп толғандыратын қандай мәселе?

– Расымен, елде шешімін күткен мәселе аз емес. Дегенмен, бұрынғыдай емес, әлеуметтік те, экономикалық та бағыттағы көптеген шаруа ізге түсіп келеді. Соның ішінде біздің өңірде ауқымды жұмыстар қолға алынып, халықтың алдында нақты нәтижелер көрсетілуде. Мәселен, тұрғын үй, жаңа инфрақұрылымдар мен түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде, кәсіпкерлік саласы жандануда. Қала көшелерінің абаттандырылуы, жарықтандыру жүйесінің жаңартылуы сынды игіліктер – соның айғағы.

– Халық депутатқа сенім артады. Депутаттың қолында қандай құзыреттілік бар?

– Депутат – билік пен халық арасындағы дәнекер елші. Сондықтан ең бастысы – әрдайым халықпен тығыз байланыста болу. Мұқтаж жан қашан келеді деп кабинетте күтіп отыруға немесе тек қабылдауда ғана мәселе тыңдауға әсте болмайды. Қай ортада жүрсең де, халықтың сөзін, пікірін тыңдап, жанайқайына құлақ асып отыру – біздің тікелей міндетіміз. Біз сайлауға түскенде «бәрін өзім шешемін» деп уәде берген жоқпыз. Керісінше, халықтың үнін билікке жеткізуге, тиісті бюджетті тиімді ұйымдастыруға, нақты жобаларды жүзеге асыруға ықпал етеміз деп сөз бердік. Алаш арысы, ұлт ұстазы Міржақып Дулатовтың: «Депутат болу үшін жақсы болу шарт. Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат – халықтың аманатын арқалаушы. Ол ақжүрек, таза болса, жұртты сатып, алдап кетпесе, халық үшін ерінбей қызмет етсе, өз пайдасынан ел пайдасын жоғары қойса – міне, нағыз депутаттың бейнесі осы. Саясатқа жетік, білімді, шешен, халқының тұрмысын жақсы білетін көсем болса, халықтың қамқоршысы бола алады» деген сөзі бар. Бұл – кез келген халық қалаулысына өлшем боларлық салмақты пікір. Демек, депутаттық мәртебе – атақ та, билік те емес, ол – зор жауапкершілік. Осы жауапкершілікті абыроймен алып жүру – әрбіріміздің басты міндетіміз.

– Өзіңіз айтып өттіңіз, депутат кабинетте отырып емес, көпшіліктің ортасында жүріп елдің тыныс-тіршілігімен таныс болу керек деп. Сіз қаншалықты халықпен тығыз байланыстасыз?

– Шыны керек, соңғы уақытта денсаулығыма байланысты кездесулерді бұрынғыдай жиі өткізуге мүмкіндік болмай жүр. Дегенмен, қолымнан келгенше халықпен байланыс орнатуға тырысамын. Өзім қалалық VI шақырылымнан бастап, VII және қазіргі VIII шақырылған облыстық мәслихаттың депутаты ретінде бірнеше кезеңнен бері халықпен жұмыс істеп келемін. Осы уақыт аралығында әрдайым тұрғындардың пікіріне құлақ асып, олардың мәселесін назардан тыс қалдырмауға күш салдым. Мен үшін халықпен кездесулердің мәні зор. Өйткені қағаздағы есептен гөрі, елдің ортасында жүріп, олардың көзқарасын тыңдаған дұрыс. Сол арқылы нақты проблемаларды біліп, шешу жолдарын қарастыруға болады. Аудандарға шығып, ауыл-аймақты аралап, тұрғындардың жағдайымен танысуды да әдетке айналдырдым. Мәселе көтерілген жерде мүмкіндігім жеткенше көмектесіп, билікке жеткізіп отыруға тырысамын. Депутат үшін ең үлкен абырой – халықтың сенімін ақтау. Сондықтан қандай жағдайда да елмен байланыс үзілмеуі тиіс деп санаймын.

– Нұрболат Балтабайұлы, сізді көпшілік  кәсіпкер ретінде де жақсы таниды. Әріптестеріңіздің арасында да кәсібін дөңгелентіп, қайырымдылық шараларына үлес қосып жүргендер бар. Ал өзіңіз мұндай игі істерге жиі қатысасыз ба?

– Иә, депутаттардың арасында түрлі сала өкілдері бар. Әсіресе, кәсіпкерлер ішінде қайырымдылықпен айналысып, елге қол ұшын беріп жүрген азамат аз емес. Жасап жатқан жақсылығын елдің өз аузынан естіп, риза болып қаласың. Өзім де жиі қатысып тұрамын, бірақ оны елге жария етуді жөн көрмеймін. Дегенмен, кейінгі уақыттары  бір мәселе байқалып жүр. Ол – шынайы мұқтаж бен жалған сылтаумен көмек сұрайтынды ажыратудың  қиындап кеткені. Өкінішке қарай, кейбір адамдарда қанағат азайып, «берсең ала берейін» деген ниет басым болып кеткен сияқты. Осындай әрекеттер нағыз мұқтаж жандарға кесірін тигізіп жатады. Мысалы, бірде алдыма бір азамат келіп, баласының еміне көмек сұрады. Әрине, ата-ананың бала – жанды жері, сондықтан қолымнан келгенше қаржылай демеу бердім. Арада көп уақыт өтпей басқа нысанда жүрсем, әлгі азамат әріптестерімнен мүлде басқа жағдай айтып көмек сұрады. Бұл оқиғадан кейін ойланып қалдым. Қайырымдылықтан қашпайсың, бірақ адамның түпкі ниетін білгенде еріксіз ойға қаласың.

– Дұрыс айтасыз, шын мұқтажды ажырату қиын. Кейде адамдарды масылдыққа үйретіп алған жоқпыз ба деген ой туады:

– Иә, ондай да бар. Қазір, шыны керек, кейбір адамдар еңбек еткісі келмей, дайынға үйір болып бара жатыр. Бұл – қоғам үшін қауіпті құбылыс. Менің ойымша, қаржыны әркімге бөліп бергеннен гөрі, сол қаражатты жүйелі бағытқа жұмсаған әлдеқайда тиімді. Мәселен, кәсіпкерлер бірігіп көпқабатты үйлер салып, оны әкімдіктің балансына берсе, баспанаға мұқтаж талай отбасының мәселесі шешілер еді. Бұл – уақытша емес, ұзақмерзімді қолдау. Немесе болашағы зор жастарымыз, түрлі олимпиадаларда, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген оқушыларымыз бар. Соларға инвестиция құйып, білім жолына қолдау көрсетіп, жоғарғы оқу орындарына гранттар ұсынсақ, елге пайдасы мол, білікті мамандар даярлап шығар едік. Көмек мақсатты, жүйелі болғанда ғана қоғамға шынайы пайда әкеледі. Бүгін біреуге қол ұшын беріп, тағы соны қайталай бергеннен гөрі, сол адамның ертеңгі күні өз аяғынан тік тұруына жағдай жасаған әлдеқайда маңызды.

– Ашық әңгімеңіз үшін алғыс білдіреміз.

Сұхбаттасқан

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»