Наурыз – табиғат құлпырып, Жер-Ана бусанып, жұмыр жер бетіндегі жанды нәрселердің бойына қан жүгіретін шақ. Осы ай өзі мерекеге толы. Көктемнің шымылдығы аяулы арулар күнімен ашылса, наурыздың орта тұсынан былай Ұлыстың ұлы күніне қам жасаймыз. Оған биыл Рамазан айы қосылып, мерекелердің мәні арта түсті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Наурыз мейрамының төл мағынасын байытып, оны барынша ерекшелеген болатын. Соған сәйкес биыл да «Наурызнама» онкүндігі бойынша әр күннің атауы арнайы бекітілді. Соның бірі ретінде 15 наурыз – Қайырымдылық күні болып белгіленді. Бұл күні мейірімділік пен татулық кеңінен насихатталады.
«Көп түкірсе – көл» деген мəтелді ұстанған халқымыз жетімнің басынан сипап, мұқтажға қол ұшын созуды дәріптеп отырған. Қайырымдылық жасауды өмірлік кредосына айналдырып, оны іс жүзінде дәлелдеп жүрген жандар, ұйымдар айналамызда аз емес. Мысалы, Болатбек Айтбенбетов жетекшілік ететін облыстық волонтерлер фронт-офисі волонтерлік жұмыстың 8 бағыты бойынша 2020 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Оның ішінде гуманитарлық көмекті сұрыптау, жөнелтуге атсалысып жүр.
– Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, мүмкіндігі шектеулі жандарға уақытша пайдалану үшін мүгедектер арбасы, балдақ сияқты қажеттіліктерін тауып береміз. Ол үшін жан-жақтан қолдау сұраймыз. Барлық жұмысты тегін атқарамыз. Ол үшін бір тиын алмаймыз. Адамдарға пайдамыз тисе, соның өзі – бір ғанибет, – дейді Болатбек Айтбенбетов.
Волонтерлер қозғалысы атқарған қыруар тірліктің қатарында былтыр қарғын су жайылған өңірлерге көмекке келгенін ерекшелеуге болады. Сындарлы сәтте сырбойылықтардың жұдырықтай жұмылуы жабырқаған талай жанға демеу болғаны рас.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық қоры» діни басқарманың 35 жылдығы және Рамазан айына орай қайырымдылық марафонын ұйымдастырды. Іс-шара аясында бір мезетте республиканың барлық өңірінде 35 мың себет азық-түлік таратылды.
– Игі іске Сыр жұртшылығы да бір кісідей үн қосты. Азық-түлік түріндегі тегін көмекті әлеуметтік аз қамтылған және арнайы есепте тұрған отбасылар алды. Біздің қайырымдылық бағытындағы одан да бөлек шараларымыз жетерлік. Мұқтаж отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға үнемі көмектесіп келеміз. Дүниежүзілік пандемия, еліміздегі су тасқыны кезінде де аянып қалмадық. Еңбегіміз еленіп, облыстың Құрмет грамотасын, «Шапағат» медалін алдық, – дейді қордың облыс бойынша өкілі Оңталап Жидебаев.
Людмила Лучникова да ерікті түрде қайырымдылық ісіне атсалысып келеді. «Zhomart. Volunteers» ұйымының құрамында болған кезде үлкенге де, кішіге де көмектесіп, көптің алғысына бөленді. Игі бастама әлі де үзілген емес.
– Әртүрлі іс-шаралар мен қайырымдылық акцияларына қатыстық. Әсіресе, науқас жандардың еміне қаржы жинау, жалғызбасты кісілердің үйін жөндеу, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік тарату сияқты істердің басы-қасынан табыламыз, – дейді ол.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<