Қолданыстағы қағидаларды жетілдіруді ұсынды

6

0

Қызылордада кәсіпкерлік ортаға әсер ететін өзекті мәселелердің бірі – санитарлық талаптардың қатаңдығы мен олардың бизнеске түсіретін салмағы талқыға түсті. Кеңес отырысында шағын және орта бизнес өкілдерінің қызметін шектейтін нормалар жан-жақты қаралды.

Негізгі назар Денсаулық сақтау министрінің бұй­ры­ғымен бекітілген санитария­лық қағидаларға аударыл­ды. Атап айт­қанда, адамның өмір сүру ортасы мен денсаулы­ғына әсер ететін нысандар үшін белгілен­ген санитариялық қорғаныш аймақта­рының талаптары кәсіпкерлер үшін қаншалықты тиімді екені қайта зерделенді.

Мамандардың айтуынша, қол­даныстағы ережелер кәсіпорын­дар­дың қуаты мен технологиялық ерек­шеліктерін ескермей, барлығына бір­дей талап қояды. Мысалы, V қауіптілік класына жататын нысан­дар үшін тұрғын үйлерден кемінде 50 метр санитариялық қорғаныш ай­мағын сақтау міндеттелген. Алайда бұл талап шағын өндіріс орындары үшін шамадан тыс жүк­теме болып отыр. Соның салда­ры­нан кәсіпкерлер шағын өндіріс орын­дарын орналастыруда инфра­құрылым мен логистикаға қатысты қосымша шығынға ұшырап отыр.

Кеңес мүшелері мұндай бірың­ғай нормалар қайта өңдеу кәсіп­орындарының дамуына кедергі кел­тіретінін атап өтті. Өндіріс кө­лемі аз болса да, кәсіпкерлер ірі кәсіп­орындарға қойылатын талап­тармен теңестіріліп отыр. Соның салдарынан өндірістік нысан­дарды орналастыру кезінде қосым­ша инфра­құрылымдық және логисти­калық шығындар көбейіп, бизнес ашу мен жүргізу қиындай түседі.

Сарапшылар бұл мәселені ше­шу үшін тәуекелге негізделген жә­не икемді тәсіл қажет екенін ал­ға тартты, яғни кәсіпорынның нақ­ты қуаты, технологиясы мен қор­шаған ортаға әсері ескеріліп, сани­тария­лық қорғаныш аймақтарының кө­лемі соған сәйкес белгіленуі тиіс.

Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері қолданыстағы са­нитариялық қағидаларды жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар әзірледі. Бұл ұсыныстарда шағын қуатты объектілер үшін талаптарды жеңіл­дету және оларды сараланған түрде қолдану мәселелері қамтылған.

Дайындалған бастамалар алдағы уақытта республикалық деңгейде қаралуы үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жолданбақ. Ұсыныстар қолдау тапса, бұл өңір­дегі ғана емес, жалпы елдегі шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін беруі мүмкін.

Бағлан АЙҒАЛИҰЛЫ