Мемлекеттің қаржылай қолдауымен жыл сайын ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылғандар саны артып, тауар өндірушілердің көбеюі облыс тіршілігіне жаңа тыныс бергендей. Бұл ретте «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның рөлі айтарлықтай басым. Қор тауар өндірушілерге қолдау көрсетіп, басым бағыттарды дамыту және халықты жұмыспен қамту мақсатында ауылдық жерлерде іске асырылатын жобаларды қаржыландырады.
Қор қолдауымен өз кәсібін өркендетіп отырған жандардың бірі – Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылының тұрғыны Біржан Бердалиев. Ол өткен жылы қордың Қызылорда облыстық филиалы арқылы жылына 6 процентпен 5 жыл мерзімге 4 млн теңге несие алған. Несие қаражатына 14 бас аналық мүйізді ірі қара сатып алып, мал басын көбейтті.
Кәсіпкер қор ұсынған шарттар толығымен қанағаттандыратынын айтып отыр. Қол жеткізген таза табыс несиені өтеуге ғана емес, шаруашылықтың қаржылық жағдайын көтеруге де мүмкіндік берген.
– Осы кәсіпті толығымен меңгеріп, әрі қарай дамытуға ниеттімін. Аймақта ірі қара еті мен малға сұраныс өте жоғары. Мал басын күз айларында сатқан тиімді. Себебі, жас мал жеткілікті салмақ жинағаны дұрыс, – дейді ол өз кәсібінің құпиясымен бөлісіп.
Қазіргі уақытта Біржан Бердалиев кәсібін кеңейту бойынша бизнес-жоспар құруда. Алдағы уақытта түйе өсіріп, ауылдастарын да тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Жоба «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы іске асырылмақ.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<