Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму тарихында өңірді ілгерілетуге арналған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – 1996 жылы 8 қазанда қабылданған Президент Жарлығы негізінде құрылған Қызылорда арнайы экономикалық аймағы. Аталған АЭА небәрі 3 жыл жұмыс істегенімен, бұл бастама өңір экономикасын жандандыру бағытында нақты қадам болғанын көрсетті. Сол кезеңде жүргізілген жұмыстар арнайы экономикалық аймақтар құрудың маңызын, сондай-ақ олардың өңірлік даму стратегиясындағы орнын айқын дәлелдеп берді.
Бүгінде Қазақстанның басты даму басымдықтарының бірі – өнеркәсіптік кластерлер мен логистикалық инфрақұрылымды дамыту. Бұл бағыт Мемлекет басшысының Жолдауында нақты атап көрсетілген.
Осыдан бір жыл бұрын Үкімет басшысы Олжас Бектенов арнайы экономикалық аймақтар институты әлі күнге дейін тиісті деңгейде дамымай отырғанын айтқан еді. Ал озық елдердің көпшілігі арнайы экономикалық аймақтарды инвестиция тартудың тиімді құралына айналдырған.
– Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, тартымдылығы жағынан салық және кедендік жеңілдіктер тек үшінші және төртінші орындарда тұр. Ал бірінші позицияда қолайлы әкімшілендіру және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету құралдары орналасқан. Біздің Арнайы экономикалық аймақтарды реформалау әрекетіміз олардың тиімділігін арттыра алмай келеді. Сондай-ақ біз басқарушы компанияларды қамтамасыз етуге қомақты бюджет қаражатын жұмсап отырмыз. Бірақ олардың тарапынан инвестиция түрінде тиісті қайтарым жоқ, – деген еді Олжас Бектенов.
Осыған орай, Қызылорда облысы да өзінің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану жолында жоспарлы әрі жүйелі жұмыстарды қолға алып отыр. Өңірдің тиімді көлік қатынастары, теміржол желісі, халықаралық әуежай және республикалық маңызы бар автожолдар торабында орналасуы оны болашақта еліміздің жетекші логистикалық әрі индустриялық хабына айналдыруға негіз бола алады.
Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында, облыс әкімінің тапсырмасымен өткен жылдан бастап арнайы жұмыс тобы құрылып, Қызылорда қаласында жаңа «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын құру бағытында орталық мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс жүргізілді.
Осылайша, Қазақстанда тағы бір маңызды стратегиялық бастама жүзеге аса бастады. Үкіметтің 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен Қызылорда облысында «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды. Бұл шешім Премьер-министр Олжас Бектеновтің өңірге жұмыс сапары қорытындысында берген тапсырмаларын орындау және аймақтың экономикалық өсімін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.
АЭА Қызылорда қаласындағы жаңа халықаралық әуежай терминалына іргелес орналасып, жалпы аумағы 550 гектарды қамтиды. Оның құрылымы үш негізгі кластерге бөлінген: авиацияға қызмет көрсету – 50 гектар, көтерме-бөлшек сауда және қоймалау – 100 гектар, өнеркәсіптік аймақ – 400 гектар.
Айта кетейік, АЭА географиялық тұрғыда тиімді орналасқан. Оның «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жақын орналасуы логистикалық және транзиттік әлеуетті арттыруға жол ашады.
Бізге облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дәурен Әбілқайыров АЭА аясындағы жеңілдіктер туралы айтып берді.
– «Қорқыт Ата» АЭА қатысушыларына ҚР заңнамасына сәйкес бірқатар салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады. Әлеуетті инвесторлар үшін жеңілдіктер мен преференциялар көзделген: корпоративтік табыс салығынан (КТС) босату, АЭА аумағына өткізілетін тауарларға қосылған құн салығынан босату, кедендік баждардан босату, жер және мүлік салығынан, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақыдан босату, квоталардан тыс және рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін тарту сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Бұдан басқа, мемлекет жобаларды іске асыру үшін аймақты қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді және кейіннен сатып алудың құқығымен жер учаскесін тегін жалға береді, – дейді басқарма басшысы.
«Қорқыт Ата» АЭА-ның басты мақсаты – өңірге отандық және шетелдік инвестицияларды тарту, кәсіпкерлік пен өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, Қызылорданың өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін көтеру.
2049 жылға дейін аймаққа 150 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделсе, оның ішінде 80 млрд теңгесі шетелдік капитал болмақ. Жалпы өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтер көлемі 500 млрд теңгеге жетеді деп жоспарлануда. Қазақстандық қамту үлесі 90%-ға дейін жетеді. Алдағы 25 жыл ішінде 3 366 жаңа жұмыс орны ашылып, 39 қатысушы компания тіркеледі.
АЭА қатысушыларына корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, жер және мүлік салығы, кедендік баждар мен төлемдерден босату секілді салықтық жеңілдіктер ұсынылады. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған жеңілдіктер де қарастырылған. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылым тартылып, жер телімдері кейін сатып алу құқығымен тегін жалға беріледі.
Мақұлданған 28 экономикалық қызмет түрі (ОКЭД) аясында келесі бағыттар бойынша жобалар жүзеге асады: жүк авиатасымалы, қоймалау және логистика, құрылыс индустриясы (шыныпластик арматура, полимерлі құбырлар, фиброцемент және газобетон өнімдері), жеңіл өнеркәсіп (жүн және тері өңдеу, тоқыма және киім өндірісі), машина жасау және ауылшаруашылық техникасы өндірісі, инновациялық және жоғары технологиялық жобалар.
Қытайлық инвестормен силикатты-кальцийленген тақтайша өндіру жобасы бойынша алғашқы меморандумға қол қойылды.
Басқарма басшысы Д.Әбілқайыров бұл жоба Қызылорда өңірін Қазақстанның логистикалық және өндірістік картасында жетекші орынға шығаратынын айтады.
– Сонымен қатар, ол өңірлік шағын және орта бизнестің дамуына да айтарлықтай әсер етеді. «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы – бұл заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған, салықтық және кедендік жеңілдіктермен қолдау тапқан, кез келген инвестор үшін тартымды индустриялық платформа болмақ. Қызылорда облысының жаңа индустриялық кезеңге аяқ басуына мүмкіндік береді, – дейді ол.
«Арнайы экономикалық аймақ бізге не береді?» деген сауалды белгілі қаржыгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқазбек Әжібековке қойған едік.
– АЭА былтыр ашылған халықаралық әуежай терминалы жанынан салынады. Оның аумағы бірнеше жүз гектарды құрайды. Арнайы өндірістік аймақ қоршалады, онда үлкен-үлкен терминалдар салынады, қоймалар болады. Оған өзімізден де, шетелден де инвесторлар тартылып, оларға салық түрлері мен кедендік жеңілдіктер жасалады. Мәселен, жалға алу құны төмен болуы не одан мүлдем босатылуы мүмкін. Қысқасы, кәсіпкерлерге көптеген жеңілдік беріледі. Бұл мүмкіндік тауардың өзіндік құнына айтарлықтай әсер етеді. Бизнес дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруына әкеледі.
Білесіздер, «Өтпелі кезең» деп айдар таққан 1990 жылдардың соңында Қызылорда қаласына арнайы экономикалық аймақ мәртебесі берілді. Ондай мәртебе елімізде Лисаковск қаласы мен Атасу-Жәйрем сияқты 2-3 қалада ғана болды. Өмір бойы дотацияда отырған Қызылорда бюджеті арнайы аймақ болған үш жылда айтарлықтай өсті. 1999 жылы қала бюджеті 350 млн теңгеден асып, облыстың кейбір мекемелерін қаржыландырғанымыз есімде. Сөйтіп, Қызылорда донор қалаға айналды. Себебі, республикалық бюджетке кететін қаржы жергілікті жерге қалдырылған еді. Арнайы экономикалық аймақ өңірдің дамуына тың серпін береді деп үміт артамыз, – дейді қаржыгер.
Расында, «Қорқыт Ата» АЭА облыстың мұнайға тәуелді экономикасын әртараптандыруға, өндіріс, логистика және сауда бағыттарын кеңейтуге жол ашады. Бұл бастама Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар институтын жандандырып, өңірлік дамуға жаңа тыныс береді. Сонымен қатар, туристік әлеует пен заманауи инфрақұрылымды дамытуға да ықпал етеді.
Келешегі зор бастама еліміз үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия үшін маңызды инвестициялық және индустриялық хабқа айналуы мүмкін.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«Сыр бойы»





