Қоршаған ортаны қорғау мәселелері талқыланды

4

0

Фото: Облыс әкімдігі

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, Сенат депутаттары, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, орталық және жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесті. Онда қоршаған ортаны қорғау, экологияны жақсарту мәселелері талқыланды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Қызылордада қорытындыланған Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы «Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет» деп атап өткен болатын. Солтүстік Аралды сақтап қалу мақсатында жылдар бойы «Сырдария өзенiнiң арнасын реттеу және Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтау» жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде бұл жоба Кіші Арал теңізін сақтап қана қоймай, өңірдің экологиялық және экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.

2022 жылдың қазан айында Солтүстік Арал теңізіндегі су көлемі 18 млрд 500 млн текше метрге дейін азайған болса, Президентіміздің қолдауымен бүгінде 22 млрд 900 млн текше метрге жетті. Қазір «Көкарал» бөгетін биіктету қолға алынуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Дүниежүзілік Банктің қайтарымсыз қаражаты есе­бінен жобаның техника-эко­номикалық негіз­демесі әзірленді. Жұмысты биыл бастау жоспар­ланған. Жоба бойынша «Көкарал» бөгеті 42 метрден 44 метрге биіктетілгенде, теңіздегі су көлемі 27 млрд текше метрден 34 млрд текше метрге ұлғаяды, – деді облыс әкімі.

Кездесуде Әли Әбдікәрімұлы, Парламент Сенатының депутаты Жанболат Әкебайұлы өз пікірлерін білдірді.

Мұнан бөлек, Әли Бектаев, Сенат депу­таттары, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі, Аэроғарыш комитетінің төрағасы Байқоңыр қаласында болып, тұр­ғындармен кездесулер өткізді, қаланың тыныс-тіршілігімен танысты.