Қазақ халқы ертеден қыз баланы әдептілік пен ибалылыққа тәрбиелеген. «Қыздың көркі – шаш» деп бекер айтылмаған. Бабаларымыз қыз бойындағы бар сұлулықты бір бұрымға сыйдырған. Қыздардың жас кезінен-ақ бұрымын айрықша күтімге алып, ұзын етіп өсірген. Бойжеткеннің шашын табиғатына қарай қолаң, сүмбіл шаш десе, өрімін жалғыз, қос бұрым деп атаған. Бұрын қазақ қыздары шашын көбіне қос өрім етіп өріп, белінен төмен түсірген.
Ал қазір еуропалық үлгіге еліктелен жастар шашын қиып, түрлі-түсті етіп бояйды. Бірақ Айсана Өскенбай шашын өсіріп, шолпысын тастаған емес. Ол 10 сынып оқушысы. Жақында «Бұрымды ару – 2026» облыстық телевизиялық байқауына қатысып, үздіктер қатарынан көрінді.
– Қазақ қызы бұрымымен ерекше. Бала күнімнен бұрымды қыздарға қызығатынмын. Шашым қалың, түсі қою болды. Анам жуып, тарап, өріп қоятын. Күтіміне күріштің суын қолданатын. Есейе келе өзім де өруді үйрендім. Шаш туралы ырым-тыйым көп. Әсіресе үлкендер айтқан сөзге құлақ асамын. Өрілген шаш тез өседі. Шаш өскен сайын адамның күш-қуаты артып, сабырлы, төзімді бола бастайды. Көпшілік жерге барғанда таңырқай қарайтындар болады. Сол себепті әшекей тағып қоямын. Қазір шаш күтіміне арналған сусабындар жеткілікті. Бірақ құрамын зерттеп барып, қолданамын. Көбіне анам үйреткен табиғи күтімді жасаймын, – дейді ол.
Айсана бала күнінен өнерлі, зерек оқушы атанды. Қолөнерге жақындығы анасынан дарыған. Ұлттық аспаптарда да еркін ойнайды. Ойыншықтарды тоқып, сәнді сөмкені моншақтардан жасайды. Өзіне қажетті киім мен бұйымды қолдан тоқып, сұлулыққа құмартты. 12 жасынан бастап шашын өсіріп, бұрымды қыз атанды.
– Бұрымның ұшына күміс теңгелер мен моншақтардан шашбау, шолпы тағамын. Қозғалғанда әсем дыбыс шығарып, сымбатын ажарлай түседі. Негізінен шаш өсіру – дәстүрі қыз баланың тәрбиесін, тазалығын, нәзіктігін және сұлулығын көрсететін ұлттық құндылық. Сол себепті шашымды әлі де өсіре беремін, – дейді ол.
Қарап тұрсақ, халқымыз шаштың қасиеті терең екенін түсіндірген. Бүгінде мұны біле бермейміз. «Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деп ғажап суреттеген емес пе?! Сол көріністі, сұлулықты Айсана сынды бұрымды қыздар сақтап келе жатқанына көңіл қуанады.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





