Қосылған қос өзен

1140

0

«Отан отбасынан басталады» демекші, кең байтақ елімізде өнегелі істерімен өрісін кеңге жайған отбасылар мыңдап саналады. Солардың бірі – Арал ауданындағы Аққұлақ елді мекенінде тұратын ерлі-зайыпты Кенжебай Орынбасаров пен Марусия Бәшенқызының жарасымды отбасы.

Осыдан аттай алпыс жыл бұрын өздерінің жүрек қалауымен қол ұстасып, отау құрған екеуінің маман­дығы егіз қозыдай. Бірі фельдшер болса, екіншісі медбибі. Қы­зыл­орда медучилищесін ой­дағы­дай тәмамдаған екі жас бұл саладағы алғашқы еңбек жолын 1962-1964 жыл­дардың аралығында Қа­залы ауданының Бозкөл кең­шарындағы егінжай ерлеріне, Арал ауданы Жіңішкеқұм кеңшарындағы малшылар қа­уы­мына меди­циналық қыз­мет көрсетуден бастапты.

Марусия апамыз бен Кенжебай ағамыз өткен уақытқа ойша көз жүгіртіп отырады. Иә, ол кездері шаруашылықта көлік тапшы болатын. Оның өзі де мініс аттары еді. Ал, мал отарлары мен егінші қостары қазіргідей емес, ауылдан алыс. Осындай мойыны қашық жерлерге олардың шаруашылық берген мініс аттарымен қаты­нап, науқастанып жатқан үлкен-кішіге алғашқы дәрігер­лік көмек көрсеткендері де әлі есте. Қызылшұнақ аязды, ақ басқын боранды қыста, жаздың аптап ыстығында, күз бен көктемнің жауынды-шашынды лайсаң мезгілінде ерлі-зайыпты екеуі «Жедел жәрдем» қызметін мінсіз атқарған еді.

Екі жас 1964 жылдан бас­тап қашан зейнет жасына жеткенше бұрынғы «Приарал» кеңшарының №2 фермасының орталығындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте 32 жылдан астам уақыт ауыл адамдарына мінсіз медициналық қызмет көрсетті. Сол кездегі ферманың озат шопандары Көпжан Төлеуов, Жеткерген Рзамбетов, Жанкүшік Ең­се­пов­тер ерлі-зайыпты ме­дицина майталмандарына ке­­шегі күнге дейін шынайы лебіз­дерін бірауыздан білдіріп оты­рады.

«Қартың болса ауылыңда, жазулы тұрған хатпен тең» демекші зейнет жасын­дағы ерлі-зайыптылар ­қызмет­тен әлдеқашан қол үзсе де, қарап отырмайды. Аяқ асты науқастанып қалған ауылдас үлкен-кішінің әрдайым жанынан табылады. Ақыл-кеңестерін береді, жеңіл-желпі ем-домын жасайды.

Марусия апай – достықты қатты қадірлеген жан. Алматы қаласындағы қос перзентіне қонаққа келсе Қазақстан Халқы ассамблеясының Орта­лық кеңес мүшесі, төл тілі­міздің жанашыры, әйгілі Асылы Османовамен сыр шертісіп, шүйіркелесе кетеді. Бірі зұлмат жылдары Сыр бойын, оның ішінде Арал ауданындағы өзі туып-өскен Бөген ауылына тағдырдың айдауымен көшіп келіп паналаған азербайжан, түрік, орыс, неміс, қалмақ ұлттарының жергілікті қазақтармен тату-тәтті өмір кешкенін баяндаса, Асылы құрбысы бұған ассамблеяның Қазақстан Республикасының көп ұлтты халқына қосып жатқан үлесі жайлы ақтарыла сыр шертетін.

Кенжебай ағамыз ұзақ жылғы денсаулық сақтау саласындағы мінсіз қызметіне орай кезінде мерекелік медальдармен, түрлі дәрежедегі мақтау қағаздарымен марапатталса, Марусия апамыз «Бейбітшілік әлемі» халық­аралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Әлемнің мейі­рімді адамы» медалінің иегері. Бұл өнегелі отбасы иелеріне берілген ел-жұрттың лайықты бағасы болса керек.

Халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Десе дегендей, өнегелі отбасынан түлеп ұшқан ұл-қыздары тәуелсіз еліміздің тұс-тұсында бақытты өмір кешуде. Бәрі жоғары білімді. Тұла бойы тұңғыштары Ғайни Арал аудандық білім бөлімінде сектор меңгерушісі. Ерболаты портты қала Ақтауда, Файзулласы бақилық болған. Одан кейінгі Ғазизасы Ақ­тө­беде, Ғанипасы Қазақстан Республикасының еңбек сі­ңірген артисі, дәстүрлі әнші, жолдасы Аманқос Садықов – елімізге белгілі жырау. Наурызбай, Ақтан, Мұрат сияқты от ауызды, орақ тілді шайырлардың жырларын Маң­ғыстау мақамымен әуелете орындайды. Ерлі-зайыпты өн­ер жұлдыздары Алматы қа­ла­сында тұрады. Бауыржаны Арал қаласындағы №262 мек­теп-гимназияда тарихшы-ұс­таз. Ғалымжаны Алматы қа­ла­сында дәрігер. Ғасыржаны қара шаңырақта, ата-анасымен бірге тұрады. Кенжелері Әліби студент.

Міне, біз білетін өнегелі отбасының иелері туған жер төсінде бақытты, бақуатты ғұмыр кешіп отыр.

Т.Нұржан-Балта

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<