ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді

6

0

Фото: Qyzylorda PD

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірханұлы Мейірхан Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді.

Сапар аясында Комитет төрағасы Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жеке құрамымен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірдегі жедел жағдай, ағымдағы кезеңдегі қызмет нәтижелері, сондай-ақ күшейтілген бақылау мен жүйелі тәсілді талап ететін проблемалық мәселелер тыңдалды.

Сонымен қатар, ағымдағы жылға арналған басым міндеттер мен жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды күшейтуге бағытталған төмендегі бағыттар бойынша нақты тапсырмалар берілді:

• есірткі құралдарының заңсыз айналымы арналарының жолын кесу;

• синтетикалық есірткілер мен интернет арқылы таратуға қарсы жұмысты күшейту;

• жедел-іздестіру іс-шараларының тиімділігін арттыру;

• профилактикалық шараларды және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандыру.

Кездесу барысында қатаң тәртіпті сақтаудың, әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігінің және нәтижеге бағытталған жұмыстың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Сондай-ақ, есірткі қылмысына қарсы күресте талдамалық жұмысты күшейту, заманауи әдістер мен цифрлық технологияларды енгізу, қызметкерлердің кәсіби даярлық деңгейін арттыру қажеттігіне назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша өңірде құқықтық тәртіпті нығайтуға және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар берілді.