Құбылыс

204

0

Фото: Автордан

Баймырза Қожамберліұлы  жетпіс жасқа келді. Көп адамдар келіп жатыр жетпіске. Бұл кісінің жөні де, жосығы да бөлек, бітім-болмысы өзінен басқа ешкімге ұқсамайды. Оның жаратылысының тереңіне көз жеткізу мүмкін емес.

Неміс ойшылы И.Канттың «өзіндік зат» деп аталатын теориясы бар. Қарапайым тілмен айтқанда, «кез келген нәрсені, затты, құбылысты толық тану мүмкін емес. Бәрібір қай нәрсенің болмасын шешілмеген бір жұмбағы болады» дегенге саяды.  Баекең де сол санатта. Михаил Лермонтов өзінің қоғамдағы орнын  поэзия тілімен былайша түсіндірген:

«Менің сырым, жігіттер, емес оңай,

Ешкімнің ортағы жоқ, 

жүрсін былай!

Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,

Қазысы оның – арым мен бір-ақ Құдай». Мұнда  Ар – адам ісі­нің төрешісі. Атақты ақын Арды Құ­дай­мен бірге адам ісіне төреші деп бағалайды. Сондықтан да, ол мықты, берік, тұрақты. Кемеңгер Кекілбаев «Арлы адам – ең күшті адам. Өйткені ол – өткінші бақыттың, өткінші қай­ғының ырқына мойынсынбайды. Сон­дықтан оның тағдыры ауыр болуы, қиын болуы, өкінішті болуы мүмкін емес» деп түйіндейді. Ке­мең­гердің осынау келісті ойы тура Бае­кеңе қаратып айтылғандай. Оның үстіне бұл кісі – ғалым. Философия ғылым­дарының докторы. Ғалым болғаны өзінің жетістігі, қабілет-қарымының арқасы. Ғалымдығынан бөлек ол нағыз азамат. Әдетте, өмірге келіп адам атанғанымен, азамат деген атты қоғам береді. Демек, ол қоғамнан өзінің тиісті жоғары бағасын алған тұлға.

Бүгінгі мерейтой иесінің өмірдегі жүріп өткен жолына, жасаған іс-қарекеттеріне, отбасы мен халқы үшін атқарған қызметтеріне баға беру өте қиын. Шынтуайтында, дұрыс емес. Менің түсінігімде, кез келген елшіл азаматтың өмірі мен қызметіне баға беру, яғни экзистенциялық талдау жасау ол өмірін тоқтатқаннан кейін жүргізілуі тиіс. Ал қарекет үстіндегі адамның қызметін бағалау шикілік болар еді. Сол себепті Баекеңнің өзім таныған болмыс-бітімінің бірқатар қыр-сырына ғана қысқа тоқталайын. Ол біріншіден, қарама-қайшылықты тұлға. Ойлау мәдениетімізде болсын, іс-қарекетімізде болсын «қарапайымнан-күрделіге қарай» деген алғышартты басшылыққа алып дағдыланған біз үшін бәрі қарапайымнан басталады. Алайда, ел мүддесі жолына  бар саналы ғұмырын арнаған тұлғалар тағдыр шешті шешімдер қабылдауға мәжбүр болғандықтан алыстан бол­жайды, тереңнен толғайды, тәуекел­дерге барады. Сондықтан олар қарапа­йымдылықтың шеңберінен шығып ке­теді деп ойлаймын. Қоғамның көкейкесті мәселелері мен қазіргі сын-қатерлердің неден, қайдан екенін тамыршыдай тап басып танып-білу күрделі ойлана білуді қажет етсе керек. Баекең міне, сондай деңгейдегі тұлғалы аға буынның өкілі. Ағамыз бұл деңгейге өзін-өзі дамыту арқылы қол жеткізді десем артық болмас. Калифорнияда өмір сүрген атақты психолог Абрахам Маслоу адамның қажеттіліктерін 5 категорияға бөліп қарастырады. Америкалық маман бұларды төменнен жоғары қарай былай жіктейді: психологиялық, қауіпсіздік, әлеуметтік, сыйластық және өзін-өзі дамыту. Осылардың ішінде ең маңыздысы «өзін-өзі дамыту» болып тұр. Осы қажеттілікті жан-жақты ұғына білген Баекеңнің уақыт өткен сайын кемелдене түсетініне көз жеткізіп келеміз. Ол ешқашан оқуды тоқтатқан емес. Үнемі ойдың үстінде, ізденістің ізінде. Өзін-өзі ұдайы дамытып отыру дағдысын ол ізгілікке апарар жол деп таңдаса керек. Баекеңнің бірсөзділігі, білімдарлығына қоса табандылығы, батырлығы мен батыл­дығы ізгілік жолынан еш тайдырмай келе жатқандай. Осындай сәтте Әбубәкір Кердері ақынның «…ізгілікке қосылмас, тұғыры жолдан тайғандар» деген оймақтай ойы еске түседі. Құндылықтары жиі ауысып жатқан аумалы-төкпелі заманда Баекеңдей өр, өжет, бірбеткей тұлғалардың арамызда  бар екені дәтке қуат. Германия канцлері болған Отто фон Бисмарк: «Жастық шақта радикалдық көзқарасы қалыптаспаған адамда жүрек болмағаны, кемел жасқа келгенде консерватор болмаған адамда ақыл жоқ» деген екен.

Академик Ғарифолла Есім қазақ рухани саласында ұлттық ойлаудың сырын ашып, халық даналығы негі­зін­де пәлсапалық ойлар өрбітіп келеді. Танымал ғалым, ғұлама десек те ар­тық болмас. Ал ол кісі Баекеңнің ғы­лымдағы, өмірдегі ұстазы. Қазір аға­мыз ұстазының философиялық ой­лары мен тың тұжырымдарын әрі қа­рай жарасымды жалғастыруда. Екеуі де   қоғамымыздағы болып жататын өзге­рістерге, дағдарыстарға, тәуе­келдер мен қауіп-қатерге бей-жай қарай алмайды. БАҚ беттерінен ұлт үшін ұран­датқан жанайқайлары жиі естіледі. Маған олар қай кезде болса да қоғамды тығырықтан шығарар жол іздеп жүргендей көрінеді. Баекең «Қандай идея халықтың санасын билейді?» деп өз-өзіне ауыр сұрақ қояды. Және оған  былай деп жауап береді: «Егер ол идея халықтың ойынан шықса ғана халықтың санасын билейді. Халықтың басына келген ой, данышпанның тілінің ұшында» деген осы. Осы ретте мерейтой иесі­нің халықтың саяси белсенділігін кө­теру, азаматтардың өзіндік позиция­сының қалыптасуы, әрбір адамның қаржылық сауаттылығын арттыру, жас­тарымыздың азат рух аясында тәрбие алуына септесу сияқты ру­хани-танымдық құндылықтар оның өмірлік ұстанымдарына айналғанына  ерекше екпін бере кеткім келеді. Ал ұстанымдары өміршеңдігімен де құн­ды. Оларды іске асырудағы табан­ды­лығы таңғалдырмай қоймайды. Сөй­лесе төгіп сөйлейді, ой айтса, санаңа сәуле құйғандай орнықты етіп айтады. Ойдың адамының орны бөлек екені белгілі. Баекең де философ-ғалым. Дегенмен бұл кісінің болмысы басқа. Мысалы, ойшылдардың көп­шілігі бірінші кезекте, темірдей логикаға, яғни қисынға салып ойлайды. Мейірім кейінге қалады. Бұл рационалды ойлау үрдісі. Артур Шопенгауэр «орта ғасырларды еуропалықтар рациональды ойлауға көшкен кейін, олар рыцарлық рухтарын жоғалтып алды» дейді. Рационалды ғылым алға шыққан жаңа дәуірде де ақылға, есепке табыну белең алды. Белең алғаны сонша, мейірім-махаббат туралы айтатын адамдар келекеге айналды.  «Білікті жас жігіт мейірімге берілмеуі тиіс. Ол интеллектісін үнемі шыңдап, рационалды ғылыммен бірге жетіліп отыруы керек» десті. Осылайша «Өт­кір интеллекті мен тастай логиканы қандай қазыққа байласақ баянды болады?» деген философиялық сұрақ қайта көтерілді. Рационалды ой жүйесіне байланған батыс әлемі мейірім-ма­хаб­баттан туатын жанашырлық, қам­қорлық, тұтқынды қорламау, әйелді зорламау, діні бөтенді кемсітпеу сияқ­ты құндылықтарды заң күшімен қорғап қалуға барын салуда. Десек те, ол қажеттілік болмыстың өзегінен жа­рып шықпаған соң, жоқ нәрсені ақыл­дың күшімен туғыза алмай қиналуда.

Бір қызығы, өмірін мейірімге толтырып күн кешкендер бақытты ғұмыр сүреді немесе оны берекелі аяқтайды екен. Өздеріңіз білетіндей, соңғы жылдары жаңа технологияларды жетік білетіндердің қарасы көбейді. Алайда, олардың өздері мейірім-махаббаттың лебізі сезілетін бір ауыз жылы сөзге зәру болып қалды. Қысқаша айтқанда, жаңалыққа құмар ақыл феномені жылы жүректегі мейірім-махаббатқа байланбаса, күрмеулі мәселелер көбейе береді. Ал Баекеңнің ерекшелігі – оның философиялық ойлары, құнды идеялары, өмірлік азаматтық-кісілік ұстанымдары мейірімге толы. Бұл өмірге сыни көзқараспен қарауға бейім ғалымдарда сирек кездесетін қасиет. Осындайда Қ.Мырза Әлінің «Өздеріңнен, көңілім қалағандар, Нәр аламын алғандай ауадан нәр. Теңіз, Дала, Тау емес – жердің көркі  – Теңіз – адам, Дала – адам, Тау – адамдар!» деген бір шумақ өлең жолы еріксіз еске түседі. Нобель сыйлығының иегері Э.Хемингуэй айтпақшы «адам жеңіліске төзу үшін емес, жеңу үшін жаралған». Олай болса бүгінгі мерейтой иесіне Жеңісті күндеріңіз көп болғай демекпіз. Баекең қандай құрметке болса да лайық бүтін де бітім тұлға!

Нұрлыбек МЫҢЖАС,

тарих ғылымдарының кандидаты,

 «Құрмет» орденінің иегері