Аймағымыздағы күріш жүйелеріндегі ауыспалы егістер негізінен сегіз танапты болып келеді. Сырдарияның суы мол кезде күріштен мейлінше көп өнім жинау мақсатында бұл ауыспалы егістердегі күріш дақылының үлесі 62,5-75 пайызға дейін жоғарылады, яғни ауыспалы егістің 5-6 танабына күріш орналастырылды. Бұл жағдай топырақ құнарының төмендеуіне, агрофизикалық қасиеттерінің нашарлауына, күріш өсімдігінің зиянды ағзаларының көбеюіне, жалпы айтқанда, егістік жерлердің тұздануына, тозуына әкеп соқтырды.
Күріш ауыспалы егісінде міндетті түрде егілетін маңызды дақыл – көпжылдық бұршақ тұқымдас жоңышқа. Ол біріншіден, топырақты биологиялық азотпен байытады, екіншіден жоғары протеинді мал азығы. Соңғы кездері су тапшылығына байланысты ғалымдар ауыспалы егістегі күріштің үлесін 25-37,5 пайызға дейін төмендетіп, босаған танаптарға әртараптандыру дақылдарын орналастыруды ұсынып жүр. Суды аз тұтынатын ерте дәнді астық дақылдары, жүгері, мақсары, қызылша және басқа өндірістік топтарға жататындар зерттелуде.
Біздің пайымдауымызша, әртараптандыру дақылдары төмендегідей талаптарға сай болуы керек. Ең басты талап – өнімділігі жоғары болып, әр гектардан алынатын таза пайда күріштен кем болмауы тиіс. Суды аз тұтынатын, яғни құрғақшылыққа төзімді, топырақ тұздылығын төмендетуге қабілетті, топырақтың агрохимиялық және агрофизикалық қасиеттерін жақсартатын талаптарға сай келуі керек. Аймақтың табиғи-климаттық жағдайына бейімделген ауылшаруашылық дақылдары ауыспалы егісте жақсы өскенмен, жоғары экономикалық көрсеткіштерді қамтамасыз етпегендіктен кең таралмай отыр.
Осы орайда, Сыр бойының күріш ауыспалы егістерінің тұзды топырағын қалпына келтіруде және мал шаруашылығын өркендетуде қуаңшылыққа төзімді, биік сабақты малазықтық астық дақылдарының маңызы зор. Мал шаруашылығын құнарлы азықпен қамтамасыз ету үшін тозған жерді қайта игеріп, айналымға қосу мақсатында топырақ тұздылығы мен ауа құрғақшылығына, қуаңшылыққа төзімді малазықтық дақылдарды Қызылорда облысының ғалымдары соңғы 15 жылдан астам уақыт шамасында зерттеп келеді.
Суды аз тұтынатын дақылдарға жататын құмай дақылы топырақтың мелиоративтік жағдайын жақсартып қана қоймай, азық-түлікке және мал азығына пайдаланатын құмай дәнін, жасыл азық, пішен, пішендеме және сүрлем өнімдерін алуға мүмкіндік береді.
Құмай – кеш жаздық дақыл. Жылусүйгіштігімен, құрғақшылыққа өте жоғары төзгіштігімен, тұзға төзімділігімен және пайдалану әмбебаптығымен ерекшеленеді.
Оны өсіру экономикалық жағынан өте тиімді. Себу нормасының төмендігі (10-15 кг/га) және тұқым өнгіштігінің сақталу мерзімінің ұзақтығы, кеш себу мерзімімен қоса, құмайды әлеуетті стратегиялық дақыл ретінде күздік және ерте жаздық дақылдардың жаппай қырылуы кезінде қайта себу үшін пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұл дақылдар негізінен үш бағытта қолданылады: тамақ өнеркәсібі, биоэнергетика және жемшөп өндірісі. Дәніндегі қоректік заттар мөлшері, оның сортына және өсіру жағдайына байланысты. Химиялық құрамы бойынша жүгері мен арпа дәніне жақындау. Құмай дәнінің құрамында 75 пайызға дейін крахмал, 12-13 пайыз протеин және 3,5 пайыз май бар екені анықталған,1 келі дәнінде 1,3, ал 1 келі сүрлемде 0,24 малазықтық бірлік бар. Құмай дәнін жарма, ұн және крахмал алу үшін өңдейді.
2012-2014 жылдары жүргізілген экологиялық сорт сынау нәтижелері бойынша зерттелген орталық азиялық қант құмайының сорттары мен сорт үлгілері арасынан далалық шығымы және жасыл масса өнімділігі жоғарылары іріктелді.
Қазақстандық Арал өңірі жағдайында жүргізілген экологиялық сорт сынау нәтижесінде жеке сұрыптау арқылы қант құмайының жаңа «Кешен» сорты шығарылды. Ол өсіп-өну мерзімі бойынша кеш пісетін сорттарға жатады. Конкурстық сорт сынақтарда «Кешен» сортының жасыл масса өнімділігі екі орымда гектарынан 60 тонна, дән өнімділігі 5,2 тонна болды. Сорт Қазақстан Республикасының тәлімі жерлеріне және суармалы егістерде егуге ұсынылды. Бұл дақылдың өнімі тек мал шаруашылығымен айналысатын жергілікті шаруашылықтар үшін ғана қажет болғандықтан кең көлемде таралмай отыр.
2024 жылдан бері Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары «Қазақстандық Арал өңірі күріш жүйелерінің тұзды топырағында дәндік құмайдың отандық және шетелдік селекциясы сорттарын экологиялық сынау» тақырыбында ғылыми жобалар аясында гранттық қаржыландыру бойынша зерттеулер жүргізуде. Жобаның мақсаты – экологиялық сорт сынау негізінде Арал өңірінің тұзды топырағына және қатал агроклиматына төзімді, инновациялық жоғары өнімді сорттар мен сорт үлгілер селекциясы үшін практикалық қызығушылық тудыратын шаруашылық құнды белгілер кешені бар дәнді құмайдың отандық, шетелдік сорттарының өнімділігін салыстырмалы талдау және жоғары өнімді генотиптерін іріктеу.
Дәнді құмай – әлемде ең көп өндірілетін бесінші дәнді дақыл және негізінен АҚШ, Үндістан, Мексика, Нигерия және Аргентинада өсіріледі. Африка мен Азияның субтропиктік және жартылай құрғақ аймақтарындағы 30-ға жуық елде тұратын миллиондаған адамның негізгі тағамы. Африка құрлығы құмайдың ең ірі өндірушісі, одан кейін орында Америка құрлығы барлық құмай өнімінің үштен бірін өндіреді. Дүниежүзілік өндірістің шамамен жартысы азық-түлік ретінде, үштен бірі мал азығы ретінде пайдаланылады.
Бұл – Африкада, Азияда, Австралияда және Орталық Америкада кеңінен тұтынылатын, қоректік заттары мол маңызды тағам, сонымен қатар мал азығы ретінде қолданылады. Индонезияда күріш пен жүгеріден кейінгі үшінші маңызды дәнді дақыл. Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін арттыру стратегиясының бірі – құрғақ астық дақылдарының өнімділігін арттыру. Құмай судың тапшылығына төзімді және лайықты өнім береді, бұл Индонезияның құрғақ аймақтарында азық-түлік өндірісіне елеулі үлес қосады.
Африкада құмай тұқымынан нан, ботқа, сусындар, попкорн және чипсы секілді азық-түлік өнімдері өндіріледі. Үндістанда чапати нанын жасау үшін қолданылады, ауыл тұрғындарының негізгі тағамы. Жармалық құмай дәнінде 70 пайыз крахмал, 12-14 пайыз ақуыз және 4-5 пайыз май болады. Адам ағзасының толыққанды қызмет атқаруы үшін, әсіресе балалар ағзасының, жарманың аминқышқылдық құрамы жақсы болуы тиіс. Ал құмай жармасында алмаспайтын аминқышқылдар жүгері мен арпа жармасына қарағанда көп болады.
Университет ғалымдары жүргізіп жатқан экологиялық сорт сынауға Индияның Хайдарабад өңірінде орналасқан ИКРИСАТ халықаралық ұйымы, Ресейдің «Россорго», Краснодар өлкесінің «Агроплазма», Венгрияның Аlfaseed фирмалары, Өзбекстан ғылыми-зерттеу ұйымдары, сондай-ақ Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы, Өсімдіктер генетикалық қорының Н.Вавилов атындағы Арал өңірі тәжірибе станциясы коллекцияларынан дәндік құмайдың 40-тан астам сорты алынды.
Танаптық тәжірибе жағдайында Венгрияның «Скарлет», «Премиум», «Россоргоның» «Кахалонг», «Тамараж», «Агроплазманың» «Самурай», «Самбур», «Сократ» сорттары гектарынан орта есеппен 4-5 тонна аралығында дән өнімімен қатар қосымша 6,5-7 тонна көк шөп алуды қамтамасыз етіп, аймақтың ерекше табиғи-климаттық жағдайына бейімін көрсетті. Дән өнімінің химиялық құрамы, сапалық көрсеткіштері талданып, сорттар бойынша бағаланды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Инженерлік бейіндегі талдау зертханасымен бірге құмай дәнінен биоэтанол алу жұмысы жүргізілуде. Қызылорда нан зауытында құмай дәні ұнын бидай ұнына қосып, нан өнімдерін шығару жоспарда бар. Үздік сорттарды егуді өндіріске енгізу мақсатында іргелі шаруашылықтармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Егер өндірістік жағдайда дақыл өнімділігі мен өнім сапасы ойдан шығып жатса, оны терең өңдеу, дәнін және өңделген өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндік бар, себебі әлемде құмай өнімдеріне сұраныс жоғары.
Дәндік құмайдың өсіру технологиясын терең зерттеп, тұқым шаруашылығын дұрыс ұйымдастырған жағдайда, бұл дақыл күріш ауыспалы егісінде топырақ тұздылығын төмендету және азық-түлік, мал азығын өндіру үшін өсіруге қолайлы әртараптандыру дақылы болатынына сенім мол.
Ибадулла ТАУТЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің зерттеуші-профессоры,
ауыл шаруашылығы
ғылымдарының докторы





