Құмға көму

4

0

Бұл әңгімені мен Сыр еліне белгілі азамат, ҚР ІІМ-нің еңбек сіңірген ардагері, доғарыстағы полковник Уәлихан Құлмаханбетовтің аузынан жазып алған едім. Қызық екен, басқалар да естісін дедім…

Менің Тартоғайдың қоныс колониясына бастық болып барған кезім – ел жағдайының кері кете бастаған тұсы, ха­лықтың әлеуметтік жағдайы нашар. Сөздің шыны керек, осы кезде Тартоғай кірпіш зауыты облыс экономикасында­ғы іргелі мекеме саналды. Са­лыққа мол кіріс беріп тұрды. Оған қоса басшылыққа барған мен мекеменің жағдайын оңал­туға жаңа бастамалар арқылы кірістім. Жер алдым, қосалқы шаруашылықты дамыттым, өз­ге қалалармен де алыс-беріс жасадым. Тіпті өзіміз тапқан қаржы арқылы жаңа колония ғимаратын салмақшы болып, жоғарыға жобасын ұсындық.

Осы жағдайларға байланысты біздің колония кеңейді, зауытта жұмыс істейтін сот­талғандар саны 1250-ден асты. Маңғыстау, Атырау жақтан келіп қосылғандар көп болды. Түрмелердің жағдайы тым нашарлап кеткендіктен оларды біздің қоныс колониясына ауыстырды. Олардың айтуынша, ол жақта күнде бір адам өледі дейді. Өйткені, әртүрлі аурулар шықты. «Қазаннан қақ­пақ кетсе, иттен ұят кетеді» де­ген­дей, тұрмыс тұраласа ауру асқына береді екен ғой. Сот­талған адамдардың көбі буын ауру­ларымен келіп түсті, белдері жазылмайды, тізелері бүгілмейді, қолдары терісіне жабысып қалған. Көбінің үсті-басы қышыма. Олар сонда қалай жұмыс істейді? Жұрт тамағын зорға тауып жүргенде дәрі-дәрмек қайда? Адыраспан қай­натып, адамдардың денесін сонымен шыладық. Халық еміне жүгіндік.

Менің қарамағымда Мұрат Түменбаев деген әскери дә­рігер, Әлімбай деген фельд­шер бар еді. Сол Әлекең маған белі бүкшиіп, аяғын баса алмай жүргендерді ыстық құмға көміп емдеу керек деді. Ол қалай ем болады деп күдік білдіргенмін. Болады деген Әлім­байдың сенімді сөзінен үмі­тім оянды.

Тартоғайдың жазы ыстық, қырық-елу градус. Кірпіш за­уы­тының тұрған жері дарияға жақын, құмдауыт жер. Соны­мен ауру адамдарды құмға кө­му басталды. Әлімбайдың әдісі жақсы нәтиже берді.

Бір күні колонияға Алма­тыдан іссапармен бір кісі кел­ді, жайдан-жай емес, жа­ңадан салынбақшы болған ко­ло­ния­ның жобасымен таны­суға келген. Ол кісінің қандай қызмет істейтіні есімде жоқ, ойымда жақсы сақталған бір қызықтың орын алғаны.

Әлгі кісінің де денесі қышыма екен. Бұл деген жаман кесел, қасысаң қаның шы­ға­ды, қасымасаң жаның шы­ға­ды. Біз оған Әлімбайдың әді­сін айттық, қайтсін, келісті. Әйт­песе, ми қайнаған ыстықта шай қайнаған құмға көмілу оңай ма? Сонымен, колония­дан алысырақ шеге құмның таза жеріне алып барып, қо­на­ғымызды құмға көмдік. Өзі­міз келіп алып кеткенше жа­туыңыз керек деп ескерттік. Ша­мамен екі сағаттан кейін алып кетуіміз керек еді, мың сан жұмыспен жүріп ұмытып кетіппіз. Күн еңкейіп бара жатқан кезде далаға қарай тұра жүгірдік. Келсек, үміт ұшқыны жылтыраған көзі алақ-жұлақ етіп, колония жаққа телміріп жатыр екен. Аршып алдық, денесі табадан шыққан нандай қып-қызыл. Сірә, бір қабат терісі түскен сияқты. Бірақ әлгі адам сол күні ұйқым қан­ғанша жаттым, жақсы болдым деп ертеңіне қайта-қайта ризашылығын біл­дірді. Ал үш күннен соң құ­­­лантаза айыққанын айтты. Сөй­­тіп, Алматыға сап-сау адам болып аттанды.

Кейін мен Астанаға барға­нымда сол кісіні көрдім. Ол кезде Қылмыстық атқару жү­йесі комитетінде құрылыс бө­лімінің бастығы екен. Мені көріп, туысқанын көргендей қуанды. Өткен күндердің қы­зығын айтып күлісіп, шай-су іштік.

Міне, сондай да қызық болған. Қызық деймін-ау, бұл халық емі не деген ғажап еді. Сол жылдарға дейін құм ши­па, денеңдегі суықты сорады дегенді білмей­тінмін. Тіпті со­ны медицина да білмеген шы­ғар.

***

Уәлихан ағаның айтқаны рас, бұрын медицина мұндай әдіске мән берген жоқ. Тәуел­сіздік алғаннан кейінгі кезеңде ғана медицинада «псаммотерапия» деген термин естіле бастады. Бұл – құммен емделу деген сөз.

Ыстық құм – көп ауруға шипа. Тарихи деректер бойынша ең алғаш құммен емделуді вавилондықтар бастаған десе­ді. Кезінде бұл құмның қасиеті жайында Геродот, Гален, Авиценна секілді ғалымдар да жазған деген деректер бар.

Қазақстанда, әсіресе оңтүс­тік аймақта, Сыр өңірінде құм­мен емделу тәсілі көнеден қа­лыптасқан. Шілденің ортасы мен тамыз айының басы аралығын «құм пісетін уақыт» деп атайды. Піскен құм­ның терапиясы әсіресе, тірек-қимыл мүшелерінің – омырт­қа, қол-аяқ буындары дерттерін, зат алмасуының бұ­зылуынан, жа­рақат алудан бол­ған қалып­сыз­дықтарды, әйел­дердің жыныс жолдарының қабынуын, тері жараларын, полиемиелиттің зар­дабынан қалған кейбір жай­сыздықтарды жоюға жақ­сы жәрдемдеседі. Сондай-ақ бой­дағы салқынды сылып ала­ды. Белден төмен ау­руларға тап­тырмас ем. Ем-домның бұл түрін халқымыз ежелден біл­ген екен. Бір өкі­ніштісі, ке­ңестік дәуірде ха­лық емде­рін мойындамады, олар­ды ұмыт­тырды. Мұның ең бас­ты мақсаты халықты өзінің ұлттық емінен, өнерінен, салт-дәстүрінен ажырату еді…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»