Құндылық бастауы білім мен тәрбиеде

255

0

Мектепте соңғы қоңырау соғылды. Кезекті оқу жылы аяқталып, жыл қорытындысы сараланды. Бітіруші түлектер жаңа өмірге қанат қақты. Биыл білім саласы үшін табысты жыл болды. Өңірде білім сапасын арттыру және оқушыларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында ауқымды  жұмыстар атқарылды. Заман талабына сай білім ошақтары мен ұйымдары ел игілігіне берілді.

Аймақта биылғы оқу жылын 184924 оқушы, оның ішінде бастауышты 16821 бала аяқтады. «Алтын белгіге» үміткер 805 оқушы бар. Ұлттық бірыңғай тестілеудің шешуші кезеңі 16 мамыр мен 4 шілде аралығында қала, барлық аудандағы тестілеу орталығында өтеді. Тестілеуге оқушылардың 89,5 пайызы қатысады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов брифингте айтқан болатын.

Күні кеше барлық сыныпта «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаты өткізілді. Осы күні 11-сыныптарға арналған мектеп бітіру рәсімі «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбымен облыс көлемінде бір мезетте өтті. Ал 18 маусым күні «Жолың болсын, жас түлек!» тақырыбында аттестатты салтанатты табыстау рәсімі ұйымдас­тырылады. Қорытынды бітіру емтиханы 9-сыныптағы 16306 білім алушы үшін 29 мамыр мен 10 маусым, 11-сыныптағы 9531 бітірушінің мемлекеттік емтиханы  30 мамыр мен 16 маусымда өтеді.

Білім басқармасы тарапынан арнайы бұйрық шығарылып, барлық білім беру ұйымының басшылары мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарымен түсіндірме жұмыс­тарын жүргізді. Басқарма басшысы мерекелік дастарқан ұйымдастыруға, жалға берілетін көлік алып, қала сыртында экс­курсия өткізуге, сынып жетекшілеріне сый­лық беру сынды әрекеттерге жол беріл­мей­тінін, бақылау қатаң болатынын жеткізді.

Облыста 2024-2025 оқу жылында 28 колледжде 20341 студент білім алып, 5481 студент оқуын аяқтауда. 45 жоғары сынып оқушысы аттестатпен қатар жұмысшы біліктілігі бойынша диплом алды. Кәсіпорындардың тапсырысы бо­йынша 121 студент бітіреді. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 26 кәсіп­орын тарапынан 17 колледжге шефтік көмек көрсетіледі. Сондай-ақ 16 мың оқушы кәсіптік бағдар шарасымен қам­тылды. Нәтижесінде жыл сайын колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көр­сеткіші өсуде. Былтыр 5895 түлектің 4951-і жұмысқа орналасқан. Тағы бір айта кетерлігі, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында колледждерді үздік бітіруші 200 студентке тұрақты жұмысқа орналасу үшін арнайы жолдама беріледі. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жүйелі ұйымдастырылуда.

Жалпы білім саласында қарқын бар. Былтыр білім беру инфра­құрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет және жеке инвестор есебінен 17 білім беру ұйымының құрылысы жүргізілді. Бү­гінде 960 орындық 6 мектеп, 5 қосымша ғимарат пайда­лануға берілді. Президент баста­ма­сымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 6 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 4 мектептің құрылысы аяқталмақ. «ҚазГермұнай» компания­сының демеушілігімен қалада за­манауи үлгідегі «Оқушылар сарайы», облыстық бюджеттен Жаңақорған ауданынан «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» ел игілігіне берілді.

Жақын күндері дарынды балаларға арналған 400 орындық облыстық фи­зика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты ашыл­мақ. Жатақханасы – 300 орын. «Саутс Ойл» компаниясы демеуші­лі­гімен музыкалық колледж салынуда.

Жаңа оқу жылының 7,8-сыныбына еліміздің 17 аймағынан 1445 оқушы «Білім-инновация» халықаралық қо­ғамдық қоры өткізген іріктеу кон­кур­сына қатысып, 200 бала қа­былданды.

Заман талабына сай «Сыр жұл­дыздары» балалар мен жасөспірім­дерге арналған шығармашылық-инно­вация­лық академиясы ашылып, үйірмеге балалар жазылуда.

Шиеліде «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» салынуда. Бұдан бөлек «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданы «Жалаңаш» елді мекеніндегі 150 орындық мектеп құры­лысын салу жобасы бойынша сатып алу жұмысы жүргізілуде. «Қазақстан халқына» қоры есебінен қаладан 300 орындық жазғы тынығу лагері салынбақ. 

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес күрделі жөндеуден өтетін мек­тептердің материалдық-техникалық база­сы да жаңартылуда.   Былтыр 8 мек­теп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл 9 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар жыл сайын жалғасады.

Білім саласының жетістіктері де аз емес. Оқушылар мен ұстаздар халық­аралық, республикалық сайыстарда, ғылыми жобалар мен олимпиадаларда топ жарып, жоғары деңгейден түспей келеді.

Бүгінде балалардың жазғы дема­лысын үйлестіру бағытында нақты жұ­мыстар басталып кетті. Жазғы демалыс кезінде 1-10 сыныпты аяқтайтын 175616 оқушының 98 пайы­зының уақытын тиімді ұйымдастыру жоспарлануда. Оның ішінде мектеп жанындағы 556 тынығу лагерінде 159614 оқушы демалады. Сонымен қатар 95 мектеп жанында киіз үйлі этнолагерь, 43 шатырлы лагерь жұмыс істеп, оған 6050 бала қамтылады. Қала сыртында орналасқан 8 лагерь мен орталықтарда 7 ауысымда 7153 бала демалады.

 Қазіргі таңда басқармаға қарасты жазғы тынығу лагерьлерінде жөндеу жұмыстары аяқталып, материалдық-техникалық жабдықтары жаңартылды. Лагерьлер облыстық санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау депар­та­ментінің қорытынды актісін алды. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен Түркістан облысы, Төле би ауданы, «Біркөлік» елді мекеніндегі «Қуаныш» лагеріне 500, жергілікті демеушілер мен кәсіп­одақтар есебінен 4583 оқушы өзге аймақтарда тынығады. «Балдәурен» републикалық оқу-сауықтыру орта­лығына 224 оқушы барады.  «Сыр жұлдыздары» балалар мен жас­өспірімдерге арналған шығар­ма­шылық-инновациялық академиясы, «Оқушылар сарайы» сынды облыстағы қосымша білім беру ұйымдарында да үйірмелер жұмыс істейді. Онда оқу­шылар заман талабына сай инженерлік бағыттағы «Робо­то­техника», «Жасанды интеллект», «Ақпараттық технология», «Дрон және бағдарламалау» секілді үйірмеге қатысады. Балалардың дем­алыс уақытын тиімді өткізу мақсатында түрі сайыстар да ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ оқушылар елі­міздің басқа қалаларына, Сыр өңірінің тарихи орындарына, «Байқоңыр» ғарыш айла­ғы, Жанкент, Сауран, Сығанақ қала­шықтары мен Түркістан облысының киелі жер­леріне, Қорқыт ата ескерткішіне экскурсия, арнайы турлар ұйым­дас­тырып, музейлерге саяхаттайды.

Балалардың жаз мезгіліндегі қауіп­сіздігі де басты назарда. Суға түсу маусымына байланысты арнайы жоспар бекітілді. 12 мамырдан бастап барлық білім беру ұйымында «Мамыр қаупі» акциясы, сабақтар өтуде. Осыған орай облыстағы 8 жазғы тынығу лагеріндегі бассейндер мен су айдындарында 7153 балаға жүзу тәсілі үйретіледі.

Ал жаңа оқу жылына дайындық жоспарға сай жүретін болады.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»