Құқықтық сауаттылықтың маңыздылығы туралы сөз қозғалды

115

0

Ата Заңымыз – мемлекетіміздің тұғыры мен тұрақтылығының кепілі. Конституция еліміздің дамуы мен өркендеуінің берік негізін қалап, тәуелсіздігімізді нығайтуға, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға кең мүмкіндік беретін ең жоғарығы нормативтік құқықтық акт.

30 тамыз – Конституция күніне орай, бүгін «Достық» үйінің мәжіліс залында аймақтағы азаматтық қоғам өкілдері белсенділерінің қатысуымен «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейтойына арналған «Азаматтық бастама. Ата заңдағы кепілдіктер. Сенімді мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Аталған іс-шараға «Ақ босаға» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тажиева Зейнар Достанқызы модераторлық етті. Шараға арнайы қонақ ретінде облыстық қоғамдық даму басқармасының «Азаматтық қоғам институттарымен жұмыс және жастар» бөлімінің басшысы Бихожаев Ернұр Бауыржанұлы, аймақтық Әділет департаментінің «Коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу қызметі саласындағы бақылау» бөлімінің басшысы Тәжікенов Еркін Оңдасынұлы шақыртылып, Ата заңымызда көрсетілген мемлекетіміздің ең басты қазынасы адам және оның өмірі, құқығы мен бостандығы туралы ой қозғайтын баяндамалар жасады.

Сондай-ақ, баяндамалар легін Қызылорда облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбішев Сайлаубай Әбішұлы, «Қарулы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Ршауов Мыңділда Сағидоллаұлы, сондай-ақ «Pro bono» қоғамдық қорының төрағасы Горбачев Павел Владимирұлы, з.ғ.к, доцент Исаева Жанат Амандыққызы толықтырып, азаматтық бастамалар арқылы қоғамда адам құқығының қорғалуын қамтамасыз ету бойынша әртүрлі форматтағы шаралар өткізіп, құқықтық қоғам құруға ұмтылған тәжірибелерімен бөлісті.

Дөңгелек үстелде тәуелсіздік алған жылдардан бергі азаматтық секторға берілген құқықтық мүмкіндіктер, әскери сала ардагерлеріне мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктер мен заңнамалық кепілдіктер, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарына қоғамдық бақылау жүргізу үшін берілген құқықтар мен жоба бенефициарларын құқықтық сүйемелдеу және құқықтық сауаттылықтың маңыздылығы туралы сөз қозғалды.

Шара барысында азаматтық қоғам өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, қоғам дамуына қатысты тұщымды ойларын айтты.

Сонымен қатар, бірқатар шараға қатысушылар облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысының мерекелік Алғыс хатымен марапатталды.