Құрылыс барысы бақылауда

53

0

Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес жауапты сала басшыларымен бірге жаңадан салынып жатқан «Көрме орталығы» және «Достық үйі» ғимараттарының құрылысын көрді.

«Көрме орталығының» құрылысы мамыр айында басталды. Ғимаратта көрме, конференция залдары, әкім­шілік кабинеттер, санитарлық-тұр­мыс­тық, техни­калық бөлмелер бар. Көпфу­нкционалды нысанда көрме, жәрмеңке, концерт өткізіледі, яғни бұл – әртүрлі ауқымдағы іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге арналған экспозициялық кеңістік. Кең, ашық кеңістік түрінде жобаланған, жинақталып-бөлшектелетін көрме құрылымдарын орнату және жиі ауыстыру мүмкіндігі ескерілген. Бір мезетте 215 адамды қабылдай алады.

«Достық үйі» желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Ғимарат күн сәулесінен қорғайтын өрнектері бар сәндік панельдермен перфорацияланған. Офистік үй-жайлар екінші және үшінші қабаттарда орналасқан. Атап айтсақ, холл, фойе, ресепшн, гардероб, 200 орындық үлкен зал, 60 орындық кофейня, кеңсе бөлмелері бар. Конференц-зал видеопроектормен және интерактивті тақтамен жабдықталған.

Цокольді қабатта музыка және вокал бөлмесі, гардероб, киім-кешек қоры, би студиясы, клуб, кеңсе, архив, күзет, қоймалар және қосалқы бөлмелер қарастырылған.

Бүгінгі күнге бірінші, екінші және үшінші қабаттардың колоннаригельдері және жабын плиталары толығымен құ­йылды. Инженерлік желілері (электр, ауыз су, жылу, кәріз жүйесі), ішкі сылақ жұмыстары толық аяқталып, әрлеу, дизайнерлік безендіру қолға алынған. Бұған қоса сыртқы абаттандыру, витраж орнату және қасбетін қаптау жұмыстары жүргізілуде.

«СБ» ақпарат